Күз туса, Өскеменде көмір төңірегінде айқау-шу басталады. Жылда – осы. Шидің шығатын жері – көмір сақталатын теміржол тұйықтары. Жуықта қаладағы теміржол тұйықтарының бірінде шаһар іргесіндегі Ұлан ауданының тұрғыны көмір үшін өмірімен қоштаса жаздады. Абырой болғанда, полицейлер дер кезінде жетіп, ашуға ерік беріп, өзін өртемек болған азаматты сабырға шақырды. Қарапайым ауыл тұрғынын мұндай жағдайға мәжбүрлеген кім? Өскеменде көмір мәселесі шынымен де ушығып тұр ма?
«Күзетшілерге 5 мың теңге беруіміз керек екен...»
Облыстық Энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы ұсынған мәліметтерге сүйенсек, өңірде (Өскемен, Семей, Риддер қалалары мен Аягөз, Глубокое, Шемонаиха, Алтай, Жарма аудандары) көмір сатумен һәм таратумен айналысатын 21 теміржол тұйығы бар. Өскеменде көмірдің 1 тоннасы – 10 300 (әлеуметтік көмір – 9 800) теңге, Семейде – 9 200, Риддерде – 14 500, Аягөзде – 11 000, Глубокоеде – 10 800, Жармада – 11 500, Алтайда – 13 000, Шемонаихада 10 600 теңге. Ал өзін өртемек болған Ұлан ауданының Сағыр ауылының тұрғыны Сәулен Орайхан 29 қазан күні облыс орталығындағы көмір қоймаларының біріне көмір алуға келгенін айтады. «Оқиға болғаннан үш күн бұрын келіп, жеңіл көлігімді кезекке қойып кеттім. Содан сәрсенбі күні өзімнің жүк көлігіммен барып, кезекке тұрдым. 20 машинадан кейін кезегім келіп, көлігімді ішке кіргіздім. Бірақ мені көмір өлшейтін таразыға жібермей қойды. Осылайша, бірінші лектен қалып қойдым. Екінші лек басталғанда 10 машинаны кіргізді де, менің кезегім келгенде басқа машинаны жіберді. Кірейін десем күзетшілер жібермеді. 11.30-да «енді бес машина ғана кіреді, бірақ сен кірмейсің» деді. Осы кезде шыдамай ішке кіріп, таразыға дейін бардым. Күзетші «түстен кейін, сағат 1-ден соң келіңіз» деді. Келсем, «тек әлеуметтік көмір бар, сендерге жоқ» деді. Міне, жанжалдың шыққаны осы кез. Көзімнің жеткені, бұл жерде сырттан келгендерге осылай қысастық жасайды екен. Ал одан құтылу үшін күзетшілерге 5 мың теңге беруіміз керек екен. Қайдан білейін, мұндай жағдай болады деп үш ұйықтасам түсіме кірген жоқ еді. Соған жеткізді ғой. Несін айтасыз, ақыр соңында полицейлердің салған айыппұлына екі тонна көмірдің ақшасы кетті», – дейді ауыл тұрғыны. Сәулен Орайханның екі тонна көмірдің ақшасы деп отырғаны – айыппұл сомасы. Оған Әкімшілік кодекстің 597-бабы 3-бөлімі бойынша 10 АЕК көлемінде айыппұл салынған болатын.Әкімдік өкілдері: халық уақытында алмайды
Жергілікті әкімдік өкілдері бұған не дейді? Мұндай мәселенің бар екенін біле ме? Облыстық Энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Самат Сүлейменовтің сөзіне сенсек, Ұлан ауданының тұрғыны әлеуметтік көмірді алмақ болған. Әлеуметтік көмірдің тек Өскемен тұрғындарына берілетіні түсіндірілсе де, өз наразылығын танытып, машинасын жолға қойып, кезекке кедергі келтірген. «Мәселе неден шығып тұр? Мәселе көмірдің жетіспеушілігінде емес, тұрғындардың көмірді уақытылы алмауында. Біз жаз кезінде тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Ертерек алыңыздар деп ескерттік. Мәселен, шілде, тамыз айларында Өскемендегі екі көмір қоймасында 9 мың тоннаға жуық көмір болды. Сол кезде халықтың көпшілігі алған жоқ», – дейді әкімдік өкілі.Азамат ҚАСЫМ, Шығыс Қазақстан облысы