Абақтыға оралатындар аз емес
Абақтыға оралатындар аз емес
306
оқылды

Қылмыстық атқару жүйесі ко­митетінің дерегіне сай, елімізде жыл сайын шамамен 10 мың сот­талушы бостандыққа шығады екен. Бірақ сол жазасын өтеген жан­­дардың түзеліп, енді қайта қыл­­мыс жасамасына ешкім ке­пілдік бермейді. Шынында да, бір­ емес, екі-үш рет қылмыс жа­сап, түрмеден алыстағысы кел­мей­тіндер бар. Оның себебі де жоқ емес. Біреу өмірге бейімделе ал­майды, енді біреу екі қолға бір күрек таппай жұмыссыз сенде­леді. Ал осындай жағдайда қалған жанға түрмеден басқа жол бар ма?

Түрме бой үйренер мекен бе?

Таяуда Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев еліміздің түрмелерінде отырған жазасын өтеушілер жайлы сөз еткен болатын. Ведомство басшысының есебіне жүгінсек, осы күні республикадағы 64 түрме мен 16 тергеу изоляторында 34 мың азамат қамауда отыр екен. Олардың 93 пайызы, яғни, шамамен 31,6 мыңы ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған. Бір қызығы, сотталушылардың 45 пайызы бірнеше рет қылмыс жасап, қайта бас бостандығынан айырылыпты. Демек, бұ­лар бұрын түрмеден түзеліп шықпаған, қоғам өмірін жатсынған жандар. Негізі, елімізде сотталушыларды бейімдеу іс-шаралары көптеп қарастырылған. Әуелі «олар мұндай қадамға неліктен баруы мүм­кін?» деген сауалға жауап іздеп көре­лік. Қылмыстық атқару жүйесі комитеті бірнеше себепті алға тартады. Түзу жолға түсуге деген ниетінің жоқтығы, тұрақты жұмысының болмауы немесе ішімдік не есірткіге тәуелділік. Түрткі саналған бұл тізімдегі себептердің бары рас. Одан бөлек әрі басты мәселе – қылмысқа итермелеуші салдарды саралағанда сотталғандардың ұзақ жылдар бойы қоғамдық өмірден тыс­қары қалуы. Бұл оларды әлеуметтен алыс­татып, жат етері сөзсіз. Осы себепке қарап, қазір жазасын өтеушілерді әлеуметтендіру маңызды екенін ұғамыз. Ал Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов, жауапты органдар бұл жағынан қол қусырып отырмаған тәрізді. – Түзеу мекемелерінің әкімшіліктері жазасын өтеуші әр азаматқа әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету үшін жеке бағдарлама құрады. Босап шыққанға дейін ол әр азаматқа нақты болуы тиіс. Тәрбие жұмысымен қатар оның құқықтары мен міндеттемелері түсіндіріліп, бостандықта қайда тұратыны, жұмыс істейтіні, туыста­рымен қарым-қатынасы, әлеуметтік қа­рым-қатынасы, сондай-ақ әлеуметтік қа­жеттіліктері сұралады. Осы мәліметтер әкімдіктерге, полиция мен пробация қызметтеріне жолданады», – деді Жанат Ешмағамбетов. Бейімдеу мақсатындағы тиімді амалдар да жоқ емес. Түрмеден шыққан азаматтар­дың жұмыс тауып, қоғамның белсенді мүшесі болып кетуі үшін Ішкі істер министрлігі жанынан құрылған «Еңбек» кәсіпорны бас бостандығынан айырылған және түзеу бөлімінде жатқан азаматтарды өндірістік-шаруашылық саласына еңбекке тартумен шұғылданады. Бір рет жаза басқан адамның түрмеде өткен өмірі оның болашағына өмір бойы кедергі болмауы қажет. Әйтпесе, сол санамен шалыс қа­дамға тағы ұрынуы мүмкін. Сотталған­дарды жұмысқа тарту үшін «Еңбек» РМК кәсіпорны бар. Өңірлердегі 13 бөлімшесі 4 мыңға жуық жанды жұмыспен қамтып отыр. Әрине, жыл сайын 10 мың адам  бостандыққа шығарын ескерсек, 4 мың ғана адамды жұмыспен қамтып отырған мекеменің ауқымы әлі кең емес. Бірақ бір қуантары, қазір мекеме ескі ғимараттар­ды жалға алып, түрлі саладағы қажетті құралдарды өндіретін кішігірім зауыттар салуды бастаған. Мәселен, елор­дада тігін фабрикасы ашылмақ. Ал өзге өңірлерге қарасты жобалар жоспар­ланып жатыр екен. Дегенмен тағы бір шикілікті аңғарған­даймыз. Әр аймақтан ашылып, белгілі бір сала жағынан оқытып, мамандық алып шығуды қарастыратын орталықтар бар. Жергілікті атқарушы органдар жанынан жұмыс істейтін бұл әлеуметтік бейімдеу орталықтарына жүгінгендер санаулы дедік. Себебі бостандыққа шыққан азамат­тар үшін мұндай орталықтың да өз талап­тары жетерлік. Мысалы, оған жазасын өтеп болған соң тұрғылықты жері жоқ және өмірде қиындыққа ұшыраған азамат­тар ғана барады. Қалғаны елеусіз бе? Бәлкім, осы жағын да ойланған жөн шы­ғар. Оның бір дәлелі – осындай орталық көмегіне 2019 жылы еліміз бойынша 477 адам ғана жүгінген. абақты Пробация бойынша адамдарды әлеу­меттендіруге бағытталған осындай бір­қатар бағдарлама жүзеге асырыла бастады. Есепте тұрғандарды жұмысқа орналастыру, емдеу, білім алуына жәрдемдесу, құжат­тарын қайта қалпына келтіру, психология­лық көмек беру және басқа да қолдаулар қажет-ақ. Пробация – Үкімет тарапынан бақылау мен әлеуметтік-құқықтық сипат­тағы тәрбиелеудің заңмен белгіленген жү­йесі. ТМД және Орталық Азия елдерінің ішінде Қазақстан бірінші болып оның то­лық жүйесін қабылдаған. 2016 жылы «Про­­ба­ция туралы» заң қабылданып, оның әле­­уеті мен өзектілігі артқаны мәлім. Әй­те­уір, алдағы кезеңде осы өткір мәселені про­ба­­ция арқылы шешуге мүмкіндік туса игі.

«Адасқанның айыбы жоқ, үйірін қайта тапқан соң»

Еңбекпен емдеудің жайын айттық. Ал санадағы ақау мен қоғам көзқарасын қайда қалдырамыз? Ел арасында «отырып шыққан» деген қарабайыр сөз жұртты сескендіреді. Соның әсерінен жұмыс беру­шілер де, қарапайым жұрт та ондай азамат­тарға сенбейді, күмән келтіреді. Бұл да қай­та қылмысқа жүгініп, мәселесін «ше­шуге» үгіттейтін сыңайлы. Құқықтық мә­­селелер бойынша сарапшы, заңгер Та­лант Рамазанов түзету мекемелеріндегі жалаң қағидалар қылмыскерді түзетудің орнына кері әсер етіп жатқанын баяндап отыр. – Мемлекет те, түрме де жазалаушы емес, түзеуші. Бір жаңсақ қағида қалып­тасқан. Қылмысына қарай жаза өлшеуге бейімбіз. Қылмыскерге жаза қинауға емес, түзету үшін қолданылады. Себебі сотталу­шының «жаза кезеңінен» кейінгі өмірін ойлау қажет. Кей жағдайда түзелуге ниеті бар адамға 3-4 жыл жаза да жеткілікті. Ал түрмеде көп жыл отырған адам түзелмеуі мүмкін, керісінше бұзыла түсері де анық. Қамауда 10 жыл немесе одан артық уақыт отырған адамға мерзімінің ұзақтығы кері әсер береді. Осылайша, «өшіктіру» қыл­мыстан аластатпайды. 10 жыл бойы қа­мау­да отырған адам, әрине қоғаммен түсі­ніспейді не түсінісуі аса қиын болады. Бұған түрменің ішіндегі жағдайды қо­сайық. Сондықтан түрмелер көбіне жа­залаушының міндетін атқарып жүргендей көрінеді, – дейді ол. Бұған қатысты айтар сын мен мәселе көп-ақ. Кей сарапшылар жекеменшік түр­мелер жайын көп айтады. Иә, соңғы ши­рек ғасырда әлемде жекеменшік түрмелер ашыла бастады. Бюджет үшін тиімді деп саналатын мемлекеттік-жекеменшік не­гіздегі түрмелер жазасын өтеушілерді қоғам өміріне бейімдеуімен ерекшеленіп тұр. 2015 жылы Қазақстанда да салынады деп жоспарланған. Бірақ қарсылық көп болғаннан соң аталған жоспар аяқсыз қалды. Жақтаушылары да, даттаушылары да көп жекеменшік түрмелердің ең басты пайдасы – үнем мен тиімділік болса керек. Мұндай түрмелерді ашуға көбіне кәсіп­керлер ықылас танытады. Жазасын өтеу­ші­лердің азық-түлігін, басқа да қажет­тіліктерді кәсіпкер өз қалтасынан береді. Ал түрме ішіндегі қауіпсіздікті сақтайтын қызметкерлер мемлекеттік инспекторлар болады. Тиісінше, кәсіпкер жазасын өтеушілерді түрлі салаға оқытып, қоғамдық өмірге бейімдейді, жұмыспен қамтиды. Солай шығынын қайтарады. Еуропа елдерінің бейімдеу тәжірибесінде түрмелер бекітілген режим арқылы жұмыс істейді. Тәртіп бойынша сотталушылардың жұ­мысқа қабілеттілігі ескеріліп, спорт пен кітап оқуға қосымша уақыт белгіленген. Бұл жүйені көбіне біз айтып отырған же­кеменшік түрмелер қолданады. Ұлыбри­танияда алғашқы жеке түрме 1992 жылы ашылған. 2012 жылы Англия мен Уэльстегі 14 жеке қамау орнында 13, 5 мың адам жазасын өтеген. Дегенмен 2013 жылдан бас­тап жеке түрмелер мемлекет басқаруына біртіндеп қайтарыла бастады. Қорытын­дылай келе бұл да тартысты түйткіл болып тұр. Бас бостандығынан айырылып, жа­засын өтеген азаматтарды қоғам өміріне қайта бейімдеуге ықпал ету үшін оңалту орталықтарының рөлі маңызды-ақ. Ең абзалы, түрме түзеуші болса. Әйтпесе, жаза мен түрлі қысым адамды «тәрбие­лейді» деуден аулақпыз.  

Мадияр ТӨЛЕУ