Өршіл рух асқақтайтын заман алда
Өршіл рух асқақтайтын заман алда
312
оқылды

Азаттық бағын ашқан саланың бірі – спорт пен денешы­нық­тыру. Кеңес Одағы кезінде қазақ ба­ласының КСРО олим­пиадалық құрама командасына кіруі сирек кездесетін құбылыс еді. Қа­зір спортқа бейімі, жеңіске құштарлығы бар кез келген жас төл дарынын ұштап, Олимпиада чем­пионы атануына жағдай жасалған.

Салада құрылымдық реформа басталды

Әрине, биылғы 23 шілде-8 тамыз аралығында Токиода өткен XXXII жазғы Олимпиадада Қа­­зақстан құрамасының жалпы ко­­­ман­далық есепте 83-орынға дейін құл­­дырауы көптің көңілін күп­­ті етті. Бірақ мүлдем түңілуге не­­гіз жоқ. Бірі­н­шіден, қазақ­стан­дық спортшылар­дың тура 90 күн­нен кейін баста­латын, 4-22 ақ­пан­да Бейжіңде өтетін қысқы Олим­пиа­дада жақсырақ өнер көр­сетіп, жо­ғарырақ тұғырға қо­ну­ға мүмкіндігі бар. Екіншіден, Токио жазғы ойын­дарынан жауапты тұлғалар тиіс­ті сабақ алды. Спорт сала­сын­да бү­гінде түбегейлі жаң­ғыру­лар қолға алы­нуда, кәсіби клуб­тар­ға жұмса­лып келген мил­лиард­тар енді бұ­қа­ралық және ұлттық спортты да­мытуға қайта ба­ғытталуда, мысалы, отандық фут­б­ол клубтары шетелдік легио­нер­лерін үйлеріне таратып жібе­ріп, орнына қазақстандық жас­тар­ды алып жатыр. Үкімет енді балалар мен жа­сөс­пірімдердің спортын дамытуға ба­са мән береді, бұл салаға мил­лиард­таған инвестиция құйы­ла­ды. Екіншіден, Мемлекет бас­шы­сының тегін спорт секцияларын ашу жөніндегі тапсырмаларын орын­дау үшін мемлекеттік спорт­тық тапсырыс заң жүзінде енгізіл­ді. Осы арқылы спорт секция­ла­рын жан басына қарай қар­жы­лан­дыру тетігі іске қосылды. Нә­тижесінде, бүгінде 4-тен 17 жас­қа дейінгі 88 мыңнан астам ба­ла мемлекет есе­бінен спорттық секцияларға тегін барады. Үшіншіден, ел тарихында тұң­ғыш рет спортшылардың эти­ка­сы бекітілді.

 «Физ-ра» ұлттық ойындарға ауысады

Төртіншіден, білім берудің бар­лық деңгейінде алда дене тәрбиесі сабақтарында ұлттық спорт түр­лерінің міндетті компоненті енгі­зілгелі жатыр. Яғни, балалар мек­тепте жүріп, бірінші кезекте асық атып үйренеді, тоғызқұмалақ ой­найды және қазақша күресуге машықтанады. Бесіншіден, ел Үкіметі қазақ кү­ресі, тоғызқұмалақ, қыран құс са­лып, аң аулау, яғни саятшылық се­кілді ұлттық спорт түрлерін ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралары тізіміне кіргізе алды. Алтыншыдан, Қазақ күресі қа­уымдастығы құрылды және оның бірінші конгресі өтті. Онда әр жақ­қа шашырап, білгенінше жұмыс іс­теген барлық федерацияны бі­ріктіру және олардың күш-жігерін қазақ күресін ұлттық идея деңгейіне көтеруге, оның халықаралық аре­на­дағы беделін арттыруға, бола­шақ­та қазақ күресін Олимпиада ойындары қатарына қосуға жұ­мылдыру міндеттері қойылды. Мәдениет және спорт министр­лігінің дерегінше, Қазақстан халқы арасында денешынықтырумен және спортпен шұғылданушылар үлесінің тұрақты өсу үрдісі бай­қалады: егер 2018 жылы бұл көрсет­кіш 29,8% болса, 2020 жылы 31,6%-ға дейін жоғарылапты. Қазір мектептердегі спорт сек­цияларының желісі өрістетіліп жатыр. Ресми дерек бойынша 965 мыңнан астам бала баратын 45 мың спорт секциясы құрылған. Салыс­тыру үшін айтсақ, 2018 жылы 38 мың секцияда 700 мың бала қам­тылған еді. Яғни, секция саны 7 мыңға, оларда шұғылданатын бала саны 265 мыңға көбейген. Мектеп спортын дамытудың оң мысалы ретінде «Ұшқыр доп» (гандбол), «Теңбіл доп» (футзал), «Былғары доп» (футбол), «Шұбар доп» (во­лейбол), «Алтын доп» (баскетбол) сияқты іске асырылған жобаларды атауға болады. Бұл жарыстарға жыл сайын Қазақстанның әртүрлі өңірінен 40 мыңнан астам оқушы қатысады.

 Құлдырау емес, өсім бар

Бұқаралық спорт, әрине мек­теппен шектелмегені жөн. Спорт ведомствосының ақпаратына жү­гін­сек, жоғары оқу орындарында 177 263 студент айналысатын 1 мың­нан астам спорт секциялары – бокс, күрес, волейбол, баскетбол, футбол және басқа да секциялар жұ­мыс істейді. Жыл сайынғы күн­тізбеге отандық университеттер арасында Қысқы және Жазғы универсиадаларды өткізу енгізілді. Тәуелсіздік жылдарында әртүр­лі сала ұжымдары арасында өткі­зілетін сайыстар желісі де сақталды. Мысалы, теміржолшылар, ішкі істер қызметкерлері, арнайы ор­ган­дар, энергетика, мұнай-газ, кәсіп­одақ, сот, медицина, білім беру ұйым­дары, «Самұрық-Қазына» ком­паниялар тобының және басқа да сектор қызметкерлерінің ара­сында түрлі спартакиадалар ұйым­дастырылады. Бұдан бөлек, бүгінде 21 334 де­нешынықтыру және спорт ұжымы бар. Оларда құрылған 127 мыңнан ас­там спорт секциясына 5,3 мил­лион қазақстандық тартылған. 2018 жылы бұл ұжымдар саны 20 934, ал олардағы 123 мың спорт секция­сында қамтылған азаматтар саны 4,8 миллион болған екен. Яғни, де­нешынықтыру және спорт ұжым­дарының саны 400-ге, спорт сек­цияларының саны – 4 мыңға, шұ­ғылданушылар саны шамамен 500 мың адамға артты. Тәуелсіздік алғалы көптеген заманауи спорттық нысандар бой көтерді. Осының арқасында рес­пуб­ликада 41,3 мың спорт ғимараты жұмыс істейді. Соның ішінде 27,9 мыңы – спорт мектептерін қоса ал­ғанда, білім беру мекемелерінің объектілеріне жатады. Қалған 13,3 мыңы – денешынықтыру-сауық­тыру және спорт ғимараттары. Осылайша, тек кейінгі үш жыл ішінде спорт ғимараттарының са­ны тағы 2 700 жаңа нысанға кө­бейген. Өңірлерде 14 дене шы­нық­тыру-сауықтыру кешені пайда­ла­нуға берілді. Қазақстанда спорт түрлері бо­йынша аккредиттелген 99 респуб­ли­калық федерация қызмет етеді. Оның 36-сы – олимпиадалық феде­рация, 9-ы – ұлттық федерация, 4-еуі – мүгедектер федерациясы және 50-і – олимпиадалық емес фе­дерация. Салыстыру үшін айт­сақ, 2018 жылы федерациялар саны 80 болатын. Содан бері 19-ға ұлғайды.

Білікті кадр – жетістіктер ұстыны

Кейінгі кезде спорттың айна­ласында туындаған даулар елде бі­лікті бапкерлер тапшы екенін ай­ғақтады. Лайықты кадр болмаса, спорт серпінді дамымайды. Қазір елімізде миллиондаған адамның спортпен шұғылданатыны айтылды. Алайда елде денешы­нық­тыру және спорт саласында штат­тағы дене шынықтыру қызмет­кер­лерінің жалпы саны – 58 136 адам ға­на десе, сенер ме едіңіз? Қалған жат­­тықты­рушылар өз күнін өзі кө­руге мәжбүр. Штаттағы жаттық­тырушылар саны 2019 жылдан бері 1 938 адамға немесе 3,4%-ға ғана өсті. Бірақ оның бәрі бірдей өрен­де­рін ірі спорттық биіктерді ба­ғын­ды­руға баулымайды. Көбісі спорттың «әлқиссасын» үйретумен шектеледі. Нәтижесінде, нақты бір спорт түрі бойынша спортшы даярлайтын кәсіби білікті жаттықтырушы­лардың саны 13 399 адамды ғана құрайды, оның ішінде 3 899-ы ғана ауылдық жерде. 2019 жылмен са­лыстырғанда спорт түрлері бойын­ша жаттықтырушылар саны тек 135 адамға артты. Оның ішінде спорт түрлері бо­йынша жоғары білімі барының са-­ны – 11 392, арнайы орта білімдісі – 1 607. Қалған 400-інің немесе 2,9%-ының тиісті білімі жоқ.

Ұлттық спорт ұлықталуда

Мәдениет және спорт министрі сала жұмыскерлерін ынталандыру үшін еңбекақысын көтеріп жат­қанын алға тартты. «Әлеуметтік қолдау шаралары қабылданды: мәдениет және спорт саласының мамандандырылған мектептері мен колледждері қыз­мет­керлерінің жалақысы 2023 жыл­ға дейін жыл сайын 25%-ға арт­ты­рылады. Нәтижесінде, екі есе өсуге тиіс. Допингке қарсы зертхана, Ұлт­­тық допингке қарсы орталық, рес­публикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығы және спорт­ты дамыту дирекциясы қызмет­кер­лерінің жалақысы 2 есеге ұлғай­тыл­ды. Дене шынықтыру мұғалімдеріне сабақтан тыс спорттық сабақтар жүр­гізгені үшін базалық лауазым­дық айлықақының (БЛА) 100% мөл­­шерінде қосымша төлемдер енгізіл­ді», – деп мәлім етті ми­нистр­лік. Қазақстанда БЛА  17 697 теңгеге тең. Бүгінде олимпиадалық резерв­тің 18 мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі мен респуб­ли­калық, облыстық спорттағы да­рынды балаларға арналған мектеп-интернатта, сондай-ақ 477 балалар-жасөспірімдер спорт мектептерін­де қызметкерлер жалақысы 50%-ға көбейіпті. Қазақстанның тәуелсіздік алуы арқасында қазақтың ұлттық спорт түрлері өркен жайды. Бүгінде олар­дың саны 20-ны құрайды. Соның ішінде әсіресе, қазақ күресі, тоғыз­құмалақ, асық ату, құсбегілік, көк­пар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, ат жарысының ұлттық түрле­рі­мен айналысатындар саны артты. 2020 жылдың қорытындысында ұлттық спорт түрлерімен айналы­са­тындардың саны 432,4 мың адам­ды құрады. Салыстыра кетсек, 2019 жылы шұғылданушылардың саны – 399,3 мың, 2018 жылы – 375,9 мың адам болатын. Бүгінде республикада ұлттық спорт түрлері бойынша 8 спорт клубы және 13 спорт мектебі жұмыс істейді.

P.S. Таяуда ел Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығымен «Қазақ­станда денешынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы» қабылданады деп күтілуде. Тұжырымдама жобасы да­йын. Онда өзге елдердегі спортты да­мытудың заманауи озық тәжі­ри­бесі, олимпиада қорытындылары, ағымдағы жағдай ескерілген көрінеді. Ол табысты жүзеге асса, жұмыс дұ­рыс жолға қойылса, олқылықтар тү­зелсе, мұның бәрі алдағы ұлы же­тістіктерге, ірі жеңістерге бас­тары, сөйтіп, спортта жаңа асулар алынып, қазақтың мерейі асқақтары сөзсіз.

Айхан ШӘРІП