Алматыда несиесін төлей алмаған 48 жастағы әйел өзін-өзі өртемекші болды
Алматыда несиесін төлей алмаған 48 жастағы әйел өзін-өзі өртемекші болды
210
оқылды
Қазақстанда 5 миллионнан аса адамның мойнында несие бар. Оның біраз бөлігі – проблемалы кредит. Финпром сарапшыларының зерттеуі бойынша, отандастарымыздың несие мен қарызға кететін ақшалары биыл 14,5 пайызға көбейген. Яғни, биыл азаматтар былтырғыға қарағанда қарыз бен кредитке шамамен 10 мың теңгеге көп төлейді, – деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы. Алматыда несиесін төлей алмаған 48 жастағы әйел өзін-өзі өртемекші болды. Мемлекеттік бағдарламамен қайта қаржыландыру үшін банк менеджерлері құжатты қабылдау уақытын созып жібергенін айтады. Ал берешегімді қайтармасам, банк сот арқылы жалғыз үйімді тартып алады дейді әйел. Өзімді өртеуге дайынмын деген Венера Мырзажанова 2015 жылдан бері несиесін төлей алмай келеді. Жалғызбасты ана 3 баласын өзі тәрбиелеп отыр екен. Айтуынша, 2006 жылдары 26 миллион теңге несие алған. Алғашында несиесін уақытылы өтеп отырған, кейін анасы өмірден өтіп, өзі ажырасыпты. Бір өзіме кредит төлеу қиын болып кеткеннен несиесін қайта қаржыландырғысы келеді. Алайда, кепілдікке қоятын үйі қайтыс болған анасының атында болғандықтан, біраз уақыт қажет екен. Ал, қайта қаржыландыруға өтінім бірінші желтоқсанға дейін ғана қабылданады.
"Біз банкрот болдық. Дүкеніміз бар еді. Ол жабылды. Менеджер қайта қаржыландыруға өтінім қабылдағаннан кейін кем дегенде екі аптада жауабы шығатынын айтты. Ал, мен бірінші желтоқсанға дейін өтінім беріп үлгермесем, баспанамнан айырылып, балаларыммен далада қалатын түрім бар. Мен үйімнен айырылғым келмейді. Өзімді өртеп жіберуге де дайынмын!" –  дейді Алматы облысының тұрғыны Венера Мырзажанова.
Қаржы ұйымының мамандары Венера Мырзажанованың құжатын тездетіп қабылдауға уәде берді. Ал, "Рахым" әлеуметтік ұйымының басшысы елде әлеуметтік осал топқа жататын 40 мың адам несиелерін арнайы бағдарлама арқылы қайта қаржыландырған екен. Енді 2 мыңнан астам адам бірінші желтоқсанға дейін өтінімін беріп үлгеруі керек. Бибігүл Шерәлиева, «Рахым» әлеуметтік үйінің басшысы: – "Осы бағдарлама жабылады, Құдай бұйырса. Осы бағдарламада 2300 адамның жағдайы кіріп, шешіліп қалсын деп сұрадық", – деді «Рахым» әлеуметтік үйінің басшысы Бибігүл Шерәлиева. Ал, финпром порталының сарапшылары халықтың қарыз бен несиеге төлейтін ақшасы былтырғыға қарағанда 14,5 пайызға артқанын айтады. Зерттеу нәтижесінде, азаматтардың мұндай шығынға кететін қаражат көлемі 10 мың 200 теңгеге артыпты. Жалпы, Қазақстанда 5 миллионнан аса адамда несие болса, соның көбісі проблемалы кредит екен.