Полиция департаменті кісі өлімі болғанын растады. Іс Медеу ауданының полиция басқармасында қаралып жатыр, – деп жазады sputnik.kz.
Әуел баста әлеуметтік желіде Алматыда қызды өлтіріп, артынша өртеп жібергені туралы ақпарат тарады.
Жазбада оқиға «Латифа» тұрғын үй кешенінде болғаны айтылады.
«Алматыда Достық көшесі, 138-үй мекенжайында орналасқан «Латифа» тұрғын үй кешенінде қызды өлтірген. Алдымен тұншықтырып, кейін өртеп жіберген. Учаскелік полицияға бұған дейін тәулікке берілетін пәтерлерде притон бар екенін бірнеше рет айттық. Бірақ олар тұрғындардың сөзін елемеді. Қазір учаскелік полицейлер оның жезөкше болғанын айтып жатыр» делінген әлеуметтік желіде жарияланған жазбада.
Алматы қаласының полиция департаменті кісі өлімін растады.
Полиция бұл фактіні Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Іс Медеу ауданының полиция басқармасында қаралып жатыр.
«Арнайы жедел тергеу тобы құрылды. Күдіктінің жеке басы анықталды. Оны ұстау үшін кешенді іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар жәбірленушінің жеңіл жүрісті әйел болғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Қылмыстың мән-жайы мен себебі анықталып жатыр», – дейді полицей.