Қазақ баспасөзінің қайраткеріне Халық Қаһарманы атағы қашан беріледі?
Қазақ баспасөзінің қайраткеріне Халық Қаһарманы атағы қашан беріледі?
502
оқылды

Қаламгерді еске алу кешінде сөз алған Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемов, «Қаламгер – рухани күштің қайнар бұлағы секілді замана бейнесін зиялы көзбен шеберлікпен суреттейтін шығармашылық өкілі. Бұл тұрғыда Нұрмахан Оразбек – бейбіт өмірдің батыры, қазақ баспасөзінің қайраткері, халықтың мұң-мұқтажын жүрек сүзгісінде саралаған замана заңғары», – деп атап өтті.

Н. Оразбектің қаламдас әріптестері мен інілері Мамадияр Жақып, ақындар Исраил Сапарбай, Серік Ақсұңқарұлы, Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Исаның ыстық лебізін жиналған көпшілік онлайн режимде экраннан тамашалады. Түркістан қаласынан барған  белгілі ақын Нұрмахан Назаров, Н.Төреқұлов атындағы халықаралық қор басшысы Әбдіжаппар Сапарбай, жазушы-сатирик Нұрмахан Елтай сынды қаламгерлер қазақ баспасөзінің қайраткері жайлы жылы естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ, кешке жиналған қауым  «Қазақстан» баспасынан жарық көрген кітап көрмесін тамашалады. Еске алу шарасы соңында келер жылы 85 жылдығы атап өтілетін баспагердің жерлестері жары, «Қазақстан» баспасының директоры Адия Әбдірәйімқызына  ерекше құрмет көрсетіп, алғысын білдірді. Өз кезегінде қаламгердің жары, Қандөз ауылдық кітапханасына журналист, баспагер, публицист, аудармашы Нұрмахан Оразбектің кітаптары мен жеке мұрағатынан, сонымен бірге «Қазақстан» баспасынан шыққан  құнды дүниелерді тапсырды. Айта кетейік, Кеңестік жүйеден қаймықпай ұлт үшін аянбай еңбек еткен  Нұрмахан Оразбекке Халық Қаһарманы атағын беру мәселесі келесі жылы қаралатын болды. Бұл туралы ақын, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса жақында әлеуметтік желіде Мәдениет және спорт вице-министрінің жауабына сілтеме жасай отырып жариялады.  Өткен жылы осы тұлғаға «Халық Қаһарманы»  атағын беру туралы бір топ зиялы қауым Мемлекет басшысының атына арнайы хат жолдаған болатын.

Нұрболат АДЫРБЕК, Алматы