Қазақстанда ресейлік мемнөмірлі көліктерді аулау жүріп жатыр. Мысалы, Ресейде есепте тұрған бір көліктің Алматы облысында 5 миллион теңгеден астам сомаға жол қозғалысы ережелерін бұзғаны анықталды.
Алматы облысында автоматты режимде жұмыс істейтін, сертификатталған арнайы бақылау-өлшеу техникалық құралдары мен аспаптары Қазақстан аумағында жол қозғалысы ережелерін бұзған, бірақ елде уақытша тіркеуі және сақтандыру міндеттемелері жоқ шет мемлекеттердің 92 автокөлігін тіркеді. Оларға жалпы сомасы 42 миллион 442,3 мың теңгеге әкімшілік айыппұл салынған.– Мысалы, Ресейдің ВАЗ-2114 маркалы автокөлігінің қатысуымен жалпы сомасы 5 миллион 817 мың теңгеге 184 әкімшілік құқықбұзушылық жасалды. Полиция департаментінің ӘПБ әкімшілік тәжірибе бөлімінің қызметкерлері ол көлікті ұстап, Қаскелең қаласының арнайы автотұрағына қойды. Автокөліктің жүргізушісі Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 590-бабының 2-бөлігі (Көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп атап өтті Алматы облысы ПД ӘПБ ӘТБ бастығы Саят Ибраимов.Жалпы алғанда, ұсталған көліктерге жалпы сомасы 10 млн теңгеден астам айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қолданылды. Белгіленген тәртіпте тіркелмеген көліктерге кодекстің 590-бабының 2-бөлігі бойынша қолданыстағы әкімшілік заңнамаға сәйкес әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданды.
Ерік ЕРДЕНОВ