Боксшыларымыз Белградтан жүлделі қайтты
Боксшыларымыз Белградтан жүлделі қайтты
373
оқылды

Белградта өткен әлем чем­пионаты қазақстандық бокс­шы­лар үшін сәтті аяқталды. Екі аптаға жуық уақытқа созылған турнирде 88 мемлекеттен келген 500-ден аса боксшы бақ сынап, 13 салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынды. Қазақстандық былғары қолғап шеберлері 5 медаль (2 алтын, 2 күміс, 1 қола) еншілеп, жал­пыкомандалық есепте екінші орын алды.

Жерлестеріміздің алдын тек Куба боксшылары орады. Бостандық аралының өкілдері 3 алтын мен 2 қола жүлдені олжалады. Үздік үш­тік­ті 2 алтын мен 2 күміспен АҚШ құрамасы түйіндеді. Бұл ретте Бел­градтағы бәсеке қарсаңында бас бапкерлік қызметке тағайындалған Қайрат Сәтжановтың еңбегін ерекше атап өтуге болады. Білікті маман аз уақыт ішінде бәсекеге қабілетті команда жасақтай алды. Бастысы, оғландарымыз кезекті әлем чемпионатында алдыңғы лектен көрінді. Жалпы айтқанда, 25 мемлекеттің спортшысы жүлдегер атанды. Қазақстандық жанкүйерлер фи­налдық кезеңді асыға күтті. Өйткені төрт боксшымыз ақтық сынға жолдама алып, жарыс көрігін қыздырды. АҚШ-тың да төрт оғланы финалда бақ сынады. Куба мен Ресейден үш,  Жапониядан екі боксшы алтынға таласуға мүмкіндік алды. Ал Таиланд, Франция, Өзбекстан, Бразилия, Әзербайжан, Армения, Түркия, Украина, Беларусь және Италиядан бір-бір боксшыдан финалға өтті. Осылайша, 13 салмақ бойынша чемпиондық үшін талас 15 мемле­кеттің өкілдері арасында өрбіді. Қазақ­стан сапынан Теміртас Жүсі­пов 33 жасында әлем чемпионы атанды. Осыдан бір жарым ай бұрын ғана ол Мәскеуде өткен әскерилер арасындағы әлем біріншілігінде бас жүлдені олжалаған болатын. Отандасымыз Белградта да қарсы­ластарынан оқ бойы озық шықты. Ал Сәкен Бибосынов Токиода кеткен есесін қайтарып, алтын медальді мойнына тақты. Токио Олимпиадасының қола жүлдегері жеребесінің ауыр болғанына қарамастан әр кездесуін жоғары деңгейде өткізді. Алдымен ол Олимпиада чемпионы, Баркер кубогының иегері өзбекстандық Хасанбай Дусматовты жарыс жолынан шығарды. Содан соң құрлықтық деңгейдегі жарыстарда олжа салып жүрген үндістандық Депак Кумарды, Рио Олимпиадасының күміс және Гамбургтегі әлем чемпионатының қола жүлдегері колумбиялық Юберхен Мартинесті сан соқтырып кетті. Бибосынов жартылай финалда таи­лан­дтық Танарат Саенгфетті,  финалда Роско Хиллды жеңіп, жеңіс тұ­ғырынан көрінді. Тағы бір отандасымыз Серік Теміржанов та Белград төрінде ел сенімін ақтау үшін аянып қалмады. Жеңіске деген жігерінің арқасында ақтық сынға дейін сүрінбей келді. Өкінішке қарай, финалда америка­лық боксшы Джамал Харвиге есе жіберді. Жарыс қорытындысы бойынша АҚШ-тан келген 18 жас­та­ғы боксшы бас жүлдені қанжыға­сына байласа, Теміржанов күміспен күптелді. Ал 54 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Махмұд Сабырхан финалда жапондық Тамоя Цубойдан 0:5 есебімен жеңілді. Бұл – Махмұд қатысып отырған алғаш­қы әлем чемпионаты. 20 жасында әлем чемпионатының финалында сынға түскені де Махмұдтың талантты боксшы екенін көрсетті. Бокстан Қазақстан командасы­ның бас бапкері Қайрат Сәтжанов Белградтағы әлем біріншілігінен кейін құраманың жетістігіне өз баға­сын берді. – Әлем чемпионатын ойдағыдай өткіздік. Негізгі мақсатымыз – жал­пы­командалық есепте топ жару. Оқу-жаттығу жиындарында да команданы солай жігерлендірдік. Міне, екі алтын, екі күміс, бір қола алып отырмыз. Әрине, төрешілердің де қателігі болды. Десе де, бокс­шы­лардың Белградтағы өнері көңілім­нен шықты. Олимпиададан кейін бұл чемпионат бізді біріктіре түсті, – деді бас бапкер. Сәкен Бибосынов Өзге де бокс мамандары құрама­ның нәтижесіне көңілі толатынын айтуда. Солардың бірі бокстан Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Тұрсынғали Еділов әлем біріншілігінде қай жерде қателік жібергенімізді, кімдерге әлі де дайын­дықты арттыру керек екенін атап өтті. – Әлем чемпионатын Олим­пиада­ға дайындық деп атасақ та болады. Өйткені біраз боксшылар­дың қарым-қабілеті осы турнирде байқалады. Жеңілген боксшылары­мыздың жарыстағы қателіктерін бапкерлік штаб толықтай зерттеп, бір қорытындысын шығарады. Көп боксшылардың тәжірибелері аз екені көрінді. Дегенмен жарыс бол­ған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жү­ре­тінін ұмытпайық. Әлем чемпионатынан екі алтын алмағанымызға да біраз уақыт болды. Жалпы, нәти­жеміз жаман емес. Бұған жаңа бап­кердің де үлесі зор. Олимпиадаға дейін әлі уақыт бар. Алда осы 13 салмақта өнер көрсететін боксшыларды тағы да іріктейді. Әрине, ауыр салмақтар жағы бізде ақсап тұр. Соған баса мән берген жөн. Жүл­дегер атанған жігіттер өздерін жақсы жағынан көрсетті. Махмұдтан алтын күтіп едік. Оған тәжірибе жетіспеді. Абылайханның толық бабына келіп үлгермегені көрінді. Азия чемпионатында шаршаңқы болған боксшымыз Олимпиада да сәтсіз өнер көрсетті. Осы жарыста да толық ашыла алмады. Енді ол алдағы төртжылдықтың басты додасында топ жаруға барын салады деп ойлаймын. Сәкен Олимпиададағы олқылықтың орнын толтырды. Оның жеңіске деген жігері, талпынысы анық көрінді. Теміржановқа сәл ғана сәттілік жетіспеді. Финалда бірінші раундта қарсыласына басымдықты беріп қойды. Әлі де қателікті жөндеуге уақыты бар. Жас боксшы ғой. Бізде боксшылар арасында бәсекелестік жоғары. Алдағы әлемдік додаға таңдау жасауда осы әлем чемпионатындағы нәтижеге жеткен боксшылардың өнері баға­ланады. Тек ауыр салмақта дұрыс таңдау жасай білу керек. Асланбек Шымбергеновтің тактикалық жағы­нан қателескенін көрдім. Өзіне деген сенімділік жетіспеген де сыңайлы. Қалған боксшыларға әлі де көп жұмыс істеу керек, – дейді танымал бапкер. Боксшыларымыздың өнерінен бөлек әлемдік жарыста да бірқатар кемшіліктің болғанын айта кетейік. Жарысты ұйымдастырушылар 71 келі салмақтағы жүлдегерлерді марапаттау сәтінде Әзербайжан туын Өзбекстанмен шатастырып алды. Төрешілер тарапынан да қателіктер кетті. Әділетсіздіктер де болды. Қазақстан тарапы 3 жекпе-жекке байланысты «протест» берген, бірақ ол сол күйі қанағаттандырылмады. Қуаныштысы, Қазақстан өз тарихында әлем чемпионатындағы 2-үздік (2013 жылы 4 алтын алған) нәтижесін көрсетті. Боксшыларымыз 3-рет (2003, 2005) әлем чемпио­натында 2 алтын жүлде алды. Теміртас Жүсіпов 33 жасында әлем чемпионы атанған ең егде (2013 жылы Біржан Жақыпов 29 жасында жеңімпаз атанған) боксшы атанды. Ал Абылайхан Жүсіпов әлем біріншілігінде 3 қола жүлде алған, ал Махмұд Сабырхан 54 келіде жүлде­гер атанған алғашқы спортшы ретінде ел спортының тарихына енді. Айта кетейік, күні кеше саңлақ­тарымыз елге оралды. Жанкүйерлер елорда әуежайынан боксшыларды ыстық ықыласпен күтіп алды. Енді қазақстандық боксшылар Сербия астанасында өткен бокстан әлем чемпионатында алған жүлделі орындары үшін қаржылай сыйақыға ие болады. Cыйақы бірден үш жерден төленбек. Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының ресми сыйақысы – бірінші орын – 100 мың доллар, екінші орын үшін – 50 мың және қола үшін – 25 мың доллар. Мемлекеттік бюджеттен де төлемдер бар – сәйкесінше 15, 7 және 5 мың доллар. Сондай-ақ боксшыларға Қазақстан бокс федерациясы бірінші орын үшін 70 мың доллар, екінші орынға 50 мың және үшінші орын үшін 30 мың доллар береді. Осылайша, әлем чемпионы Теміртас Жүсіпов пен Сәкен Бибосынов әрқайсысы 185 мың доллардан, яғни шамамен 79,4 миллион теңгеден алады. Күміс жүлдегерлер Махмұд Сабырхан мен Серік Теміржанов 107 мың доллардан немесе 45,9 миллион теңгеден алады. Қола жүлдегер Абылайхан Жүсіповтің сыйақысы 60 мың доллар немесе 25,7 миллион теңге болмақ. Біз өз кезегімізде Белградтан олжалы оралған саңлақтарымызды айтулы жеңісімен құттықтаймыз.

Абылайхан ЖҰМАШ