Адамзат ғылым мен технологияда қанша алға озғанымен, өкінішке қарай, табиғи және техногендік сипаттағы апаттардың алдын алуға қауқарсыз болып тұр. Күні кеше Қарағандыдағы «Абай» шахтасындағы апат - соның айқын дәлелі.
Иә, қауіпсіздік техникасын сақтамау, салғырттық, менеджменттің нашарлығы тәрізді түрлі фактор апатқа себеп болды десек те, шахталарда жарылыс, жер қыртысының опырылуы, су басу, өрт, газ бөлінуі тәрізді жағдайды алдын-ала болжау қиын. Бірақ заманауи технология, желдету қондырғылар, түрлі роботтар шахталардағы апаттар санын азайтуға, кейде алдын алуға мүмкіндік беретіні жасырын емес. Өкінішке қарай, 7 қарашада «Абай» шахтасында 6 азаматтың мерт болуы қауіпсіздік техникасын сақтау мен шахталардағы апаттың алдын алуға әлі даяр емес екенімізді көрсетеді. Өйткені «Абай» шахтасындағы апат «АрселорМиттал Теміртау» АҚ шахталарында алғашқы апат емес. «Соңғысы болсын» деп тілегенімізбен, күмәніміз басым.27 жылда 128 кенші мерт болды
Әдетте, кен орындарындағы апаттар туралы айтқанда, статистикаға жүгінетініміз бар. Соңғы деректерге қарағанда, 1994 жылдан бері көмір және басқа рудалар өндіретін кен орындарында жалпы саны 128 адам мерт болған. Олардың 3-еуі Ақтөбедегі мыс кенінде өнеркәсіптік жарылыс кезінде қаза тапса, екі азамат Шығыс Қазақстан облысындағы түсті металл кенінде мерт болды. Өзгесі Қарағанды өңіріндегі көмір шахталарында қаза тапқан. Осылайша, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-на қарасты шахталардағы төтенше жағдайлар азаймай-ақ тұр. Ең сорақысы, бір шахтада бірнеше рет апат болғанын көрдік. Мәселен, компанияға қарасты «Казахстанская» шахтасында 1994 жылы жарылыс болып, 14 адам, 2017 жылы иіс тиюдің салдарынан 3 адам қайтыс болды. Ал Ленин атындағы шахтада 1995 жылы – 13, 2006 жылы 41 адам мерт болды. Соңғы апат метан газының жарылуынан болған еді. Ал 7 қарашада 6 кенші мерт болған «Абай» шахтасында 2008 жылы 30 шахтер бір күнде қайтыс болды. Бұдан бөлек, 1994 жылы «Ақтас» шахтасында – 11 адам, 2016 жылы «Саран» шахтасында 4 адам мерт болды.Себеп неде?
Рас, әзірге «Абай» шахтасындағы апаттың нақты себебі айтылған жоқ. Алдын-ала айтылған болжамға қарағанда, метан газы көмір қабатын қысыммен жарып жібергенге ұқсайды. Мұны Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин айтты. Әдетте кеншілер мұны «метан мен көмірдің лақтырылуы», – дейді. Яғни, көмір қабаттарында жиналған газ қатты қысыммен туннельдің ішіне қарай атылады. Юрий Ильиннің айтуынша, «Абай» шахтасының жарылыс болған тұсындағы метан концентрациясы – 41 пайыз. Ал АҚШ-та метанның ауадағы рұқсат етілген концентрациясы 5 пайыздан аспауы керек. Егер одан асып кетсе жарылу немесе «лақтыру» қаупі болады деседі. Біздің пайымдауымызша, бізде бұл жағына мән бермейтін сыңайлы. Шахтер, қауіпсіздік техникасы инженері Жұлдызбек Қойшыбай метан газы көмір қабаттарын бұзған кезде қатты толқын пайда болатынын, кеншілер арнайы құтқару құралдарын пайдаланып үлгермесе, дәлірек айтқанда, ауаны тазалап беретін жабдықтарды кие алмаса тұншығып қалатынын айтады. Мамандар «газ дорбасы» деп атайтын қуыстардағы метанның қысымы жоғары болады. Ол метан жарылмағанның өзінде толқынымен-ақ кеншілерді қалпақтай ұшыруы мүмкін. «Алдын-ала болжам бойынша, 500 метр ұзындықтағы туннель екен. Осы 500 метрді қазу кезінде инженерлер не байқады, газ жиналған жерлер кездесті ме, алдын алу үшін не жасалды дегендей көптеген сауал бар. Бірақ оларға әзірге ресми жауап берілген жоқ. Ресми тергеу аяқталған соң апаттың нақты себебі ашылатын шығар», – дейді маман. Дегенмен Қарағанды өңіріндегі көмір шахталарындағы апаттарда көбіне метан газы ауамен араласқан соң жарылады. Оның зардабы әдетте өте ауыр болады. Сонымен бірге көмір тозаңдарының да жарылу қаупі бар. Әдетте, қауіпсіздік техникасы инженерлері көмір қабаттарында жинала бастаған метанды арнайы құралдармен зерттеп, қажет кезінде сорғызып алу, желдеткіш құралдар арқылы сыртқа шығарып жіберу тәрізді істер атқарылатынын айтады. Онсыз шахтаның қауіпсіздігіне кепілдік беруге болмайды. Бірақ метанның қай қуысқа жиналғанын анықтау оңай болмаса керек. Сол себепті апатты бірден техногенді сипаттағы оқиға деп бағалауға болмайды. Шахталарда, жер қыртысында метанның жиналуы табиғи құбылыс саналады. Дегенмен селден, жер сілкінісі мен су тасқынынан, қар көшкінінен қорғану секілді тиісті шаралар шахтада да ұйымдастырылуы тиіс. Осы тұста атап өтетін мәселе – Қазақстанда кен өндірудің ерекшеліктерін зерттейтін мемлекеттік институттардың қалмағаны. Қазір техникалық қадағалау ісін көбіне жеке компаниялар атқарады. Ал олардан жұмыс істеуге рұқсат алу оңай. Мемлекеттік бақылау тетіктері жекенің қолына өткен соң адал қызмет емес, ақша алдыңғы орынға шыққанын көз көріп жүр. Содан болар, аты-жөнін атамауды өтінген инженер-шахтер шахталардың қауіпсіздігінен немқұрайды қарау «Арселорда» әлі де кездесіп қалатынын айтты. Жалпы, Қарағанды шахталарындағы қауіпсіздік техникасының сақталуы, салаға заманауи техника мен құрал-жабдықтар тарту мәселесі, инвестордың жауапкершілігі, Үкіметтің талап қоя білуі қатарлы көптеген фактор бар екенін ескеру керек. Шахталардағы апаттарға, әрине бірінші кезекте «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жауапты болары сөзсіз. Бірақ нормативтік актілерді күшейту, инвесторлардың жұмысына қатаң бақылау орнату, тау-кен саласы ғылыми-зерттеу институттарының жұмысына сұранысты арттыру, адам шығыны үшін төленетін өтемақы мен өзге айыппұлдарды күшейту – Үкіметтің ісі. Үкімет шетелдік инвестордың қас-қабағына қарай беретін болса, олар да өндіріс орындарына соңғы үлгідегі технология тартуға құлықсыз болады. Оның соңы осындай апаттарға апарып соғатыны жасырын емес.Әлемде жағдай қалай?
Дүниежүзіндегі көмір шахталарындағы ахуал туралы айтпас бұрын, «АрселорМиттал» компаниясының әлемнің бірқатар елінде кәсіпорны, шахтасы бар екенін атап өту керек. Әлемнің 140 мемлекетіндегі тау-кен, энергетика, қайта өңдеу саласында жұмыс істейтін 59 миллион жұмысшының құқын қорғауға бел буған IndustriAll одағының мәліметтеріне қарағанда, «АрселорМитталдың» көптеген елдегі кәсіпорында еңбек қауіпсіздігіне дұрыс көңіл бөлінбейді екен. Одақ Польша, Испания, Оңтүстік Африка, Қазақстан секілді елдерде ұйым кәсіпорындары қауіпсіздік техникасын сақтауды дәл АҚШ немесе Батыс Еуропадағыдай ұйымдастырмайтынын алға тартады. Мәселен, биыл ақпанда Оңтүстік Африка республикасында компания кәсіпорындарының бірінде 3 жұмысшы қаза тапты. Оның үстіне, компанияның Польша, Тринидад, Алжирдегі металлургиялық зауыттарын жауып тастағаны тағы бар. Компания басшылығы пандемия кезінде болатқа сұраныс азайды дегенмен, бірқатар сарапшылар аталған елдегі зауытты жаңғырту жұмысы жүргізілмегендіктен әбден тозып, ресурсын тауысқан деседі. Бұл пікірді Мәжіліс депутаты Альберт Рау да айтқан. Қысқасы, компанияны жұмысын жүйелі түрде тексеру қажет екені айдан анық болып тұр. Ал әлем елдеріндегі шахталардағы апаттарға келсек, кісі өлімі көбінде технологиясы ескірген, адамның қадірі төмен елдерде болатыны байқалады. Ресей, Қытай, Үндістан, Босния-Герцеговина, Бразилия, Италия, Колумбия, Түркия, Оңтүстік Африка, Украина, Қазақстан секілді елдерде шахтадағы жарылыстар жиі болатыны бар. Мәселен, 2014-2017 жылдар арлығында тек Қытайдың өзінде 17 көмір шахтасында апат болған. Сол жылдары Ресейде екеу, Түркияда екеу, Украинада екеу, Үндістанда бір рет апат тіркеліпті. Әдетте айтылмай қалатын ұсақ-түйек оқыс оқиғалар да болатынын ескерсек, көмір шахталарының қауіпсіздігі дамушы елдерде әлі сол ХХ ғасырда қалып қойған сыңайлы. Ал АҚШ, Канада, Германия, Ұлыбритания тәрізді дамыған елдерде қауіпсіздік техникасына қойылатын талап күшті. Әрі айыппұл мен компенсация да тым жоғары болады. Мәселен, 2010 жылы АҚШ-тың Батыс Вирджина штатындағы Upper Big Branch шахтасында жарылыс болып, 29 адам мерт болған. Ал кенішке иелік ететін Alpha Natural Resources компаниясы 210 млн доллар төледі. Оның 46,5 миллионы шахтер отбасына берілсе, 128 миллионы қауіпсіздік жүйесін жаңғырту мен арнайы зерттеу жүргізу үшін бөлінді. Сонымен бірге штат билігіне 35 млн айыппұл төледі. Ал «Абай» шахтасындағы оқиғадан соң «Арселор» қайтыс болған шахтерлардың отбасыларына 10 жылдық жалақы төлеуге бекінген сыңайлы. Егер шахтердың орташа жалақысы 350 мың десек, әр адамға 42 млн теңге немесе шамамен 100 мың доллардай өтемақы төленбек.P.S.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір шахтасындағы апаттың себебін тиісті комиссия анықтай жатар. Біздің пайымдауымызша, мұндай оқиғалардан кейін шахталарды қоғамдық негізде құрылған комиссия да тексергені жөн секілді. Қоғамда зейнетке шыққан шахтерлар, инженерлер, белсенділер баршылық. Сондай жанашыр азаматтар шахталарды тексеріп тұрмаса, алып кәсіпорын басшылары үшін адам құны көк тиын тәрізді. Компаниядағы бірнеше шахтада «кезектесіп» апат бола беретіні де инвестордың адам өміріне мән бермеуінің және Үкіметтің капитал иесінің ығына жығылуының көрінісі тәрізді.
Ардақ СҰЛТАН