Елді есінен адастырған есірткі
Елді есінен адастырған есірткі
424
оқылды

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, елімізде 20 мыңға жуық есірткіге тәуел­­ді адам тіркелген. Оның 1,5 мыңнан астамы әйелдер, 43-і – жасөспірімдер. Алай­­да «тәуелділер» тек науқастың келісімімен ғана есепке алынады. Сондықтан ел ішін­де нашақорлардың саны шын мәнінде бұдан әлденеше есе көп.

«Қарасора» операциясы

Жақында есірткіге қарсы рес­публикалық «Қарасора» опера­циясы аяқталды. Бұл операцияның жабылу орны ретінде Жамбыл облысының Шу қаласы кездейсоқ таңдалған жоқ. Өйткені аудан аумағында жабайы марихуананың үлкен плантациясы бар, оның өнімдері Қазақстанға ғана емес, бүкіл ТМД-ға және Еуропа ел­деріне де аса танымал. Өткен жы­лы Шудан шыққан каннабис то­бы­ның есірткілері елдің барлық дерлік аймақтарынан тәркіленген. Шу алқабы – ұзындығы 250 шақырымды, ені – қазақстандық беті 100 шақырымды және қыр­ғызстандық жағы 10 шақырымды алып жатқан алып аймақ. Оның 140 мың гектарында қарасора өседі. «Қарасора» операциясына ІІМ барлық бөлімшесі мен Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы 1 400-ден астам жеке құрамы жұмыл­дырылған. Оның барысында шал­ғайдағы аудандарда жасанды түрде отырғызылған есірткі план­тация­ларын анықтау және нашаны өт­кізу арналарын анықтау шаралары жүргізілген. Сондай-ақ Қызылорда облысында және Ақтөбе, Қара­ғанды, Түркістан облыстарының іргелес аудандарында тікұшақ жұмыс істеді. ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Ерлан Омарбековтың айтуынша, операция кезінде Түр­кістан (1), Қызылорда (18) және Қа­рағанды (1) облыстарында бар­лығы 20 плантация анықталып, жойылған. Салмағы 8 тоннадан асатын 13 мың қарасора бұтасы құртылған. Барлығы республика бойынша операция барысында 934 қылмыс анықталды: оның ішінде есірткіні өткізу – 454, сақтау – 178, өсірудің 242 фактісі. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айын­дағы Жолдауында біздің азамат­тарымыз арасында есірткінің та­ралу жолына жойқын тосқауыл қоюды тапсырған еді. Осыған орай біз героин трафигінің арналарын анықтау мен жоюға, елдің оңтүстік өңірлерінен марихуана мен га­шиш­ті дайындауға және шығаруға қарсы іс-қимыл жасауға, сондай-ақ есірткіні, оның ішінде олардың жаңа түрлерін таратуға маман­данған ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолын кесуге бағыт­талған міндеттерге, іс-шараларға назар аударуымыз керек», – деді Е.Омарбеков баспасөз мәсли­хатында. Сондай-ақ ол интернет тех­нологиялардың дамуына байла­ныс­ты интернет ресурстарын пай­далана отырып, синтетикалық есірткілердің таралу фактілерін анықтауға және жолын кесуге баса назар аудару қажет екенін атап өтті.

Синтетикалық өнім

Есірткінің синтетикалық және табиғи түрі болады. Кейінгі жыл­дары ел аумағында осы синте­ти­калық түрі көбейіп кеткен. Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақ­станда 2020 жылы 96 келі синте­тикалық есірткі тәркіленген, бұл одан екі жыл бұрынғы көлеммен салыстырғанда 10 есеге артқан. 2021 жыл басынан бері 107 келі синтетикалық есірткі алынған. Нарколог дәрігерлердің ай­туынша, синтетиканың зардабы табиғи есірткіге қарағанда анағұр­лым ауыр және оның түрлері көп. Мә­селен, табиғи есірткі адам ағза­сынан біртіндеп шығарылса, син­тетикалық түрлерін адам денесінен шығару қиын әрі ол түрлі ауру ту­дырып, ағзаны улайды. Синтети­ка­лыққа негіз болатын қоспалар­дың көбін кез келген дәріханадан еркін сатып алуға болатыны жағ­дайды тіпті қиындата түскен. «Мұндай психикалық белсенді заттар ең әуелі адамның жүйке жүйесін бұзып, психологиялық жа­ғынан да, физикалық тұрғыдан да тәуелділік тудырады. Тіпті, 1-2 рет дәмін татып көргеннен кейін-ақ адам оны іздеп тұруы ғажап емес. Себебі пенде болған соң тым құрығанда бір рет жаны рақатқа батқандай күй кешкеннен кейін одан бас тартқысы келмейді. Бірақ оның ішкі құрылысы мен жүйке жүйесін бүлдіріп жатқанын сез­бейді. Оның зардабы ұзақ уақыт бойы сақталатынын нарколог дә­рігерлер арнайы құрал-жаб­дықтың көмегімен анықтай алады. На­шақордың ойлау және есте сақтау қабілеті төмендейді, иммунитеті нашарлап, жүрек-қан тамырлары ауруларына ұшырайды»,– дейді «Ренессанс» наркологиялық ор­талығы» ЖШС-ның психолог-аддиктологі Александр Рущук. Синтетикалық есірткіге, әсі­ресе жаңа өсіп келе жатқан жас өскін құштар. Таралымы оңай бол­ғандықтан, балалар оның дәмін тіпті 13-14 жастан бастап тата бас­тайды. Және бұл қауіпті үрдіс жыл­дан-жылға тіпті ушығып барады. Жалпы, нашақорлыққа әуестік адамның жасына, жынысына, мәртебесіне қарамайтыны белгілі. Есірткінің еліктіргіш күшіне үйлі-баранды, төрт-бес бала асырап отырған 40-50 жастағылар да әуес. Өйткені синтетикалық есірткі адамның күшін тасытып, ерекше ләззәт сезімін сыйлайтындай әсер қалдырады. Мысалы, 2-3 түн қатар ұйықтамау қабілеті (мысалы, так­систер, күзетшілер), шығармашы­лық шабыт (мысалы, ақын, су­ретші, сәулетші сияқты творчес­тво­лық маман иелері), 10 сағат тоқтамай жыныстық қатынасқа түсу қабілеті (көп еркектерді қы­зықтырады) үшін қолданады. нашақор «Шамға электр тогын көбірек жіберсеңіз, оның жарығы қаны­ғырақ болуы мүмкін. Бірақ еселен­ген қуаттан ол бірден күйіп кетеді. Есірткі де солай. Бірнеше ай тұ­тынған адамның тоз-тозы шығады. Салыстыру үшін айталық, мысалы 10 жыл опиум тұтынған адам 1-2 ай емделгеннен кейін жайлап қалпына келе бастайды. Өйткені оның миы сау деуге болады. Ал синтетиканы бірнеше ай ғана қолданған адам жылдап емделсе де, қалпына келуі қиын. Сол себепті көпшілігі емделе алмай, өмір бойына психикалық дис­пансерге қамалады», – дейді Алек­сандр Рущук. Көп ата-ана баласының синте­ти­калық есірткі тұтынып жүргенін байқамай қалуы да мүмкін. Сон­дықтан нарколог мамандар оны дер кезінде байқау үшін бала-ша­ғасының мінез-құлқына жіті көңіл аударып тұруын еске салады. Егер бала 3-4 күн қатарынан ұйықтамай жүре берсе, тамақ ішпесе, көзі шаранасынан шығып кетердей болып үлкейіп тұрса, бұл оның нашаға құмарлығының алғашқы белгілері болып саналады. Ал оның салдары асқынған кезде бала өзімен-өзі сөйлесуді шығарады, көпшілік жерден үрейленіп жүре­тін болады. Тіпті, психикасы бұ­зылып, өзіне қол салуы да мүмкін. Яғни, шизофрения немесе ессіз­діктің белгілері айқын көрінеді.

Сарапшылар талқысы

Есірткі қылмысына қарсы күрес мәселесі «Nur Otan» Құ­қық­тық кеңесінің кезекті отырысында да талқыланды. Ішкі істер ми­нистрінің орынбасары Арыс­тан­ғани Заппаровтың айтуынша, жыл басынан бері 8 ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталып, 13 есірткі зертханасы жабылған, 16 қыл­мыстық іс қозғалған. «Кибер қадағалау» жүйесінің арқасында 900-ден астам есірткі сайты бұғатталды. Өткен айда Үкіметтің қаулысымен мефедрон, пировалерон және синтетикалық каннабиноидтар сияқты қауіпті психотроптық заттардың қыл­мыс­тық мөлшері азайтылды. Бұрын қылмыстық іс қозғау үшін тәр­кіленген есірткі заттың мөлшері 50 грамм болса, енді 1 грамнан бас­талады. Бұдан басқа, министрлік есірткі қылмысына қарсы іс-қи­мыл және нашақорлықтың алдын алу шараларын жетілдіру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасының жобасын әзірлеу­де», – деді Арыстанғани Заппаров. Сондай-ақ биыл ҰҚК шетелдік серіктестермен 11 бірлескен опе­рация жүргізіп, трансұлттық есірт­кі құрылымдарының 27 мүшесі ұсталды. Ол Каспий теңізі арқылы есірткі контрабандасымен айна­лыспақшы болған ирандық қыл­мыстық топтың жолы кесілгенін жеткізді. «Есірткі саудалаушылардың қаржылық схемалары ерекше назар аударуды талап етеді. Олар қылмыстық жолмен тапқан табы­сын интернет арқылы цифрлық валютаға айырбастайды, сөйтіп ақшаның заңдастырылуын қам­тамасыз етеді. Оған тыйым сала­тындай құқықтық негіздің бол­мауы қылмыстық қаражат айна­лымының өсуіне және оны шетелге ешқандай бақылаусыз шығаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар виртуалды валютаға айырбасталған қылмыстық капиталды мемлекет кірісіне тәркілеу мәселесі басы ашық күйінде қалып отыр», – деді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі Асан Әубәкіров. Кеңес мүшесі, бұрынғы Ішкі істер министрі Қайырбек Сү­лейменов есірткі айналымына қарсы күрес тиімділігінің төмен болу себептерінің бірі ІІМ құры­лымдық құрамының жетілме­генінен деп есептейді. «Бізде Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі арнайы департамент бар, бірақ Кри­миналдық полиция департаменті жұмысының негізгі бағыттарының бірі де – осы. Сонда екі бөлімшенің функциялары қайталанады. Кри­миналдық полиция комитетін қай­та құруды, оның құрамына осы екі департаментті және ұйым­дасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімшесін қосуды ұсынамын. ІІМ-нің өз ішінде бәсекелестік болмауы тиіс», – деді Қайырбек Сүлейменов. Құқықтық кеңес мүшесі, про­фессор Арыстан Ахпанов халық­аралық-құқықтық базаны жаңарту қажеттілігіне назар аудартты. «Тасымалдау арналарының жолы кесілгенмен, есірткінің ба­ғасы сол күйі төмен. Бұл жасырын жеткізу арналарының сақталып қалып отырғанын дәлелдейді. Көп­шілік ірі «наркобарондар» шет­елдерде тұрады және ол елдер Қазақстанның сұрауы бойынша қылмыскерлерді жауапкерші­лікке тартпайды. Қолданыстағы халық­аралық және екіжақты шарт­тар ескірген және қазіргі заманға сай келмейді», – деді Арыстан Ахпанов. Бір айта кетерлігі, есірткі биз­несіне қарсы күрестің күрделілігі соншалық, әлемде ешбір мемлекет әлі күнге дейін оны жеңудің даң­ғыл жолын таба алған жоқ. Оның бір себебі, мемлекеттің даму дең­гейі неғұрлым жоғарырақ болса, басқа да бизнес түрлері сияқты есірткі саудасы да соғұрлым та­быстырақ болмақ. Қазақстанда заңсыз есірткі айналымына қарсы жүргізіліп жатқан шаралар әлсіз деуге келмес. Алайда бұл жұмыс­тардың пәрмені әлі де болса діт­теген жеріне жетпей жатқандай. Тіпті, күн өткен сайын бұл дерттің зардабы өршіп, адам өміріне аса қауіпті есірткілердің жаңа түрлері шыға бастады. Сондықтан есірт­кіге қарсы тек құқық қорғау орган­дары ғана емес, тұтас ел-жұрт болып күрескенде ғана нәтижелі болмақ.

Дәулет АСАУ