Елімізде Арменияда, Ресейде, Қырғыз Республикасында тіркелген көліктердің саны көп. Бұл көліктердің елге кіруі де біраз мәселеге арқау болып тұр. Алдымен автокөліктерді бір жолғы тәртіппен уақытша тіркеуге қою мәселесі туындаса, енді шетелдік автокөлік иелері жол ережелерін жиі бұзатыны айтылып жүр.
Еліміздің құқық қорғау органдары тіркеуде жоқ көліктерді жиі анықтауда. Ресеймен шекаралас Атырау өңірінде де ресейлік автокөліктерді тізгіндегендер көп. Оларға қатысты проблема да шашетектен.– Көрші елдің тіркеу нөмірі болса да, ол жақта тіркеуде тұрмаған көліктер де аз емес. Ал ондай автомобильдерді тіркеуге қойғаннан кейін ғана пайдалануға болады. Оның арасында шетелдік көліктер ұрланған немесе бұғатта тұруы мүмкін. Ондай автокөліктер тәркіленіп, иесіне қайтарылады. Айталық, елімізде жалған тіркеу нөмірі мен құжаты бар жүзден астам ресейлік автокөлік анықталған. Бұны сатып алған адам көлік Ресейде тіркеуде тұр деп ойлайды. Егер ол сенімхатпен немесе сақтандыру полисі негізінде сатылса, иесі көлік салығын төлеймін деп кез келген уақытта одан бас тартады. Ал қазақстандық жүргізуші жол апатына түссе, сақтандыру төлемін ала алмайды, – дейді Атырау облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Берік Амангелді.Атырау облысы Полиция департаментінің ресми өкілі берген мәліметке сүйенсек, биылғы 10 айда облыс көлемінде өзге мемлекеттердің тіркеуінде тұрған автокөліктерді басқарған жүргізушілердің кінәсінен 62 жол-көлік оқиғасы тіркелкен. Оқиға салдарынан 17 адам қайтыс болып, 75 адам дене жарақаттарын алған. Ал шетелдік автокөліктермен жол жүру ережесін бұзған 4 096 әкімшілік құқықбұзушылық фактісі анықталған. Ерекше атап өтетіні, ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабымен, яғни мас күйінде көлік жүргізген 180-ге жуық жүргізуші анықталған. Олардың бірі сот шешімімен 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Шетел көліктерін тізгіндегендер халықтың қауіпсіздігіне қауіп төндіруде. Мұны құқық қорғау органдары да ашық айтып отыр. Атырау қаласы аумағында шетел автокөліктері жүргізушілерінің арасында құқықбұзушылықтардың көбеюіне байланысты көлік жүргізу тәртібін арттыру, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, тағы да басқа жолда жүру ережелерінің өрескел бұзылуын анықтау мақсатында 2021 жылдың 27 қазаны мен 5 қараша күндері аралығында «Шетел автокөліктері» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шара басталысымен бір күннің ішінде жол ережелерін бұзған елуге жуық шетел автокөлігі анықталған. Мәселен, Маденова көшесінде орналасқан «Жетіқазына» дүкені тұсында Ресей мемлекетінде тіркеуде тұрған Toyota Camry маркалы автокөлігі тоқтатылып, тексеріс барысында аталған автокөлік жүргізушісінің көлікті мемлекеттік белгілері жоқ бола тұра жүргізгені анықталды. Мұндай деректерді полиция күнде анықтап отыр.
Қырық тоғыз айыппұлы бар жүргізушінің куәлігі жоқ
Атырау қаласының аумағында жиырма күннің ішінде патрульдік полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 785-бабына сәйкес, төленбеген айыппұлдары бар тоқсанға жуық автокөлікті анықтады. Олардың дені - Ресей мен Армениядан әкелінген автокөліктер. Көліктердің барлығы ҚР ӘҚБтК-нің 785-бабына сәйкес, арнайы тұраққа қойылды. Аталған автокөліктер жылдамдықты асыру, жол белгісі талаптарын орындамау, бағдаршамның тыйым салынған түсінен өту қағидаларын бұзғаны үшін «Сергек» бейнекамерасына түскен. Айталық, Азаттық даңғылында патрульдік полиция қызметкерлері Ресейде тіркеуде тұрған Ваз 2112 маркалы автокөлігін тоқтатқан. Тексеру кезінде автокөлік иесінің 1 миллион 121 мың 518 теңге көлемінде төленбеген 49 айыппұлы бар екені анықталып, автокөлік арнаулы тұраққа қойылды. Одан басқа, аталған жүргізушінің көлік құралын басқаруға құқығы жоқ екені анықталған. Ол үшін 58 мың 340 тенге көлемінде айыппұлды қоса арқалаған автокөлік жүргізушісінің басындағы мәселе өзгелерге сабақ болса, қанеки?! Бұл оқиғадан соң көп кешікпей, ресейлік Ваз 2110 маркалы автокөлікті мас күйінде тізгіндеп, қала орталығында жүрген жүргізуші тоқтатылды. Оған медициналық сараптама жасалып, әкімшілік хаттама толтырылды. Сот шешімімен 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Егер сол күні полицейлер тоқтатпағанда, оның қандай оқиғаға себеп боларын ойлаудың өзі қорқынышты. «Шетел автокөліктері» жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде патрульдік полиция қызметкерлерінен қашқан жүргізушілер де болды. Ресейде тіркеуде тұрған Ваз 2115 маркалы автокөлігін тоқтату кезінде, жүргізуші тәртіп сақшыларының талабын орындамай қашып кеткен. Алайда бірнеше уақыттан кейін бағыттама арқылы аталған автокөлік Жұмыскер шағынауданында жол апатына ұшырады. Тексеру барысында, Ваз 2115 маркалы автокөлігінің жүргізушісі 26 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабының 3-бөлігімен әкімшілік хаттама жасақталып, жинақталған іс-құжаттар заңды шешім қабылдау үшін әкімшілік сотқа жолданды. Одан басқа да бірнеше рет заңнама бұзу фактілері анықталып, барлығы 233 330 теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұдан бөлек, аталған автокөлік жүргізушісінің бұған дейін де төленбеген он бір айыппұлы бар екені белгілі болып, автокөлік арнаулы тұраққа қойылды. Атырауға жеке мақсатта әкелініп, жолда жүрген шетелдік автокөліктер полицейлерге де, жергілікті тұрғындарға да күрделі мәселе туындатып отыр. inDriver қызметін жиі пайдаланатын тұрғындар тарапынан, әсіресе ресейлік көліктерге шағым көп. Қала орталығынан қашық шағынауданда тұратын Меруерт Серікбайқызының айтуынша, inDriver арқылы тапсырыс алған ресейлік көліктердің іші лас әрі алдыңғы автокөліктен баса озу мақсатында жылдамдықты көбейткен кезде қорқыныш билейтінін айтады.– Көлік жүргізушісін жолаушысының хәлі де ойландырмайды екен. Тіпті, балаларыммен көлікте отырғанда дұға етіп отыратыным да рас. Жылдамдықты асырып, жаяу жүргінші жолына келерде жылдамдықты азайтуға да ықыласы жоғын көріп жүрміз. Қазір полицейлер тарапынан шетелдік көліктерді жаппай тексеріп жатыр дегенді естіп отырмыз. Жүргізуші куәлігінсіз жүргендер мен жылдамдықты үдетіп, көлікті мас күйінде жүргізетіндерді тәртіпке салса екен, – дейді Меруерт Серікбайқызы.Тұрғындардың тілегіне тоқтасақ, олар үшін «Шетел автокөліктері» жедел профилактикалық іс-шарасы он күндік емес, күнделікті жұмысқа айналса ғана жол-көлік оқиғаларын болдырмауға септігі көп. Ал Полиция департаменті шетелде тіркеуге қойылған көлік иелеріне сақ болу қажеттігін ескертуде. Тұрғындар шетел автокөліктерін сатып алар алдында Әкімшілік полиция немесе Жергілікті полиция қызметі басқармасына келіп тексеріп алса, өздерін де, құқық қорғау органдарын да күрделі мәселеден ада етері сөзсіз.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы