Шетелдік көліктердің мәселесі шешілген жоқ
Шетелдік көліктердің мәселесі шешілген жоқ
Фото: inalmaty.kz
400
оқылды

Елімізде Арменияда, Ресейде, Қырғыз Республикасында тіркелген көліктердің саны көп. Бұл көліктердің елге кіруі де біраз мәселеге арқау болып тұр. Алдымен  авто­көліктерді бір жолғы тәртіппен уақытша тіркеуге қою мәселесі туындаса, енді шетелдік авто­көлік иелері  жол  ережелерін жиі бұзатыны айтылып жүр.

Еліміздің құқық қорғау органдары тіркеуде жоқ көліктерді жиі анық­тау­да. Ресеймен шекаралас  Атырау өңірінде де ресейлік автокөліктерді тізгіндегендер көп. Оларға қатысты проблема да шашетектен.
– Көрші елдің тіркеу нөмірі бол­са да, ол жақта тіркеуде тұрмаған кө­ліктер де аз емес. Ал ондай автомобильдерді тіркеуге қойғаннан кейін ғана пайдалануға болады. Оның арасында шетелдік көліктер ұрланған немесе бұғатта тұруы мүм­кін. Ондай автокөліктер тәркіленіп, иесіне қайтарылады. Айталық, елімізде   жалған тіркеу нөмірі мен құжаты бар жүзден астам ресейлік автокөлік анықталған. Бұны сатып алған адам көлік Ресейде тіркеуде тұр деп ойлайды. Егер ол сенімхатпен немесе сақтандыру полисі негізінде сатылса, иесі көлік салығын төлеймін деп кез келген уақытта одан бас тартады. Ал қазақстандық жүргізуші жол апатына түссе, сақ­тан­дыру төлемін ала алмайды, – дейді Атырау облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Берік Амангелді.
Атырау облысы Полиция депар­таментінің ресми өкілі берген мәлі­метке сүйенсек, биылғы 10 айда об­лыс көлемінде өзге мемлекет­тердің тіркеуінде тұрған автокөлік­терді басқарған жүргізушілердің кінәсінен 62 жол-көлік оқиғасы тіркелкен. Оқиға салдарынан 17 адам қайтыс болып, 75 адам дене жарақаттарын алған. Ал шетелдік автокөліктермен жол жүру ережесін бұзған 4 096 әкімшілік құқық­бұзушылық фактісі анықталған. Ерекше атап өтетіні, ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабымен, яғни мас  күйінде көлік жүргізген 180-ге жуық жүргізу­ші анықталған. Олардың бірі  сот шешімімен 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Шетел көліктерін тізгіндегендер  халықтың қауіпсіздігіне қауіп төндіруде. Мұны құқық қорғау органдары да ашық айтып отыр. Атырау қаласы аумағында шетел автокөліктері жүргізушілерінің арасында құқықбұзушылықтардың көбеюіне байланысты көлік жүргізу тәртібін арттыру, жол-көлік оқиға­ларының алдын алу, тағы да басқа жолда жүру ережелерінің өрескел бұзылуын анықтау мақсатында 2021 жылдың 27 қазаны мен 5 қараша күн­дері аралығында «Шетел авто­көліктері» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шара басталысымен бір күннің ішінде жол ережелерін бұзған елуге жуық шетел автокөлігі анықталған. Мәселен, Маденова көшесінде орналасқан «Жетіқазына» дүкені тұсында Ресей мем­лекетінде тіркеуде тұрған Toyota Camry маркалы автокөлігі тоқтатылып, тексеріс барысында аталған автокөлік жүргізушісінің көлікті мемлекеттік белгілері жоқ бола тұра жүргізгені анықталды. Мұндай деректерді полиция күнде анықтап отыр.

Қырық тоғыз айыппұлы бар жүргізушінің куәлігі жоқ

Атырау қаласының аумағында жиырма күннің ішінде патрульдік полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 785-бабына сәйкес, төленбеген айыппұлдары бар  тоқ­санға жуық автокөлікті анық­тады. Олардың дені - Ресей мен Армениядан әкелінген авто­көліктер. Көліктердің барлығы ҚР ӘҚБтК-нің 785-бабына сәйкес, арнайы тұраққа қойылды. Аталған авто­көлік­тер жылдамдықты асыру, жол белгісі талаптарын орындамау, бағ­даршамның тыйым салынған түсі­нен өту қағидаларын бұзғаны үшін «Сергек» бейнекамерасына түскен. Айталық, Азаттық даңғылында патрульдік полиция қызметкер­лері Ресейде тіркеуде тұрған Ваз 2112 маркалы автокөлігін тоқ­татқан.  Тексеру кезінде автокөлік иесінің 1 миллион 121 мың 518 тең­ге көлемінде төленбеген 49 айып­пұлы бар екені анықталып, авто­көлік арнаулы тұраққа қойылды. Одан басқа, аталған жүргізушінің кө­лік құралын басқаруға құқығы жоқ екені анықталған. Ол үшін   58 мың 340 тенге көлемінде айыппұлды қоса арқалаған автокөлік жүргізу­шісінің басындағы мәселе өзгелерге сабақ болса, қанеки?! Бұл оқиғадан соң көп кешікпей,  ресейлік Ваз 2110 маркалы  автокөлікті мас күйінде  тізгіндеп, қала орта­лығында жүрген жүргізуші тоқта­тыл­ды. Оған медициналық сараптама жасалып, әкімшілік хаттама тол­тырылды. Сот шешімімен 7 жыл­ға көлік жүргізу құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Егер сол күні полицейлер тоқтатпағанда, оның қан­дай оқиғаға себеп боларын ойлаудың өзі қорқынышты. «Шетел автокөліктері» жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде  патрульдік полиция қызметкер­лерінен қашқан жүргізушілер де болды. Ресейде тіркеуде тұрған Ваз 2115 маркалы авто­көлігін тоқтату кезінде, жүргізуші тәртіп сақшы­лары­ның талабын орындамай қашып кеткен. Алайда бірнеше уа­қыт­тан кейін бағыттама арқылы атал­ған автокөлік Жұмыс­кер ша­ғын­ауданында жол апатына ұшы­рады. Тексеру барысында, Ваз 2115 маркалы автокөлігінің жүр­гізу­шісі 26 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабының 3-бөлігі­мен әкімшілік хаттама жасақталып, жинақталған іс-құжаттар заңды шешім қабылдау үшін әкімшілік сотқа жолданды. Одан басқа да бірнеше рет  заңнама бұзу фактілері анықталып, барлығы 233 330 теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұдан бөлек, аталған автокөлік жүргізу­шісінің бұған дейін де төленбеген он бір айыппұлы бар екені белгілі болып, автокөлік арнаулы тұраққа қойылды. Атырауға жеке мақсатта әке­лініп, жолда жүрген шетелдік авто­көліктер полицейлерге де, жергілікті тұрғындарға да күрделі мәселе туындатып отыр. inDriver қызметін жиі пайдаланатын тұрғындар тарапынан, әсіресе ресейлік көліктерге шағым көп. Қала орталығынан қашық шағынау­данда тұратын Меруерт Серікбай­қызының айтуынша, inDriver  арқылы тапсырыс алған ресейлік көліктердің іші лас әрі алдыңғы автокөліктен баса озу мақ­сатында жылдамдықты көбейткен кезде қорқыныш билейтінін айтады.
– Көлік жүргізушісін жолау­шысының хәлі де ойландырмайды екен. Тіпті, балаларыммен көлікте отырғанда дұға етіп отыратыным да рас. Жылдамдықты асырып, жаяу жүргінші жолына келерде жылдам­дықты азайтуға да ықыласы жоғын көріп жүрміз. Қазір полицейлер тара­пынан шетелдік көліктерді жаппай тексеріп жатыр дегенді естіп отырмыз. Жүргізуші куәлігінсіз жүргендер мен жылдамдықты үде­тіп, көлікті мас күйінде жүргізетін­дер­ді тәртіпке салса екен, – дейді Меруерт Серікбайқызы.
Тұрғындардың тілегіне тоқтасақ, олар үшін «Шетел автокөліктері» жедел профилактикалық іс-шарасы он күндік емес, күнделікті жұмысқа айналса ғана жол-көлік оқиғаларын болдырмауға септігі көп. Ал Полиция департаменті шетелде тіркеуге қойылған көлік иелеріне сақ болу қажеттігін ескертуде. Тұрғындар шетел автокөліктерін сатып алар алдында Әкімшілік полиция немесе Жергілікті полиция қызметі басқармасына келіп тексеріп алса, өздерін де, құқық қорғау органдарын да күрделі мәселеден ада етері сөзсіз.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы