Түркістанға 9 айда келген туристер саны миллионнан асты
Түркістанға 9 айда келген туристер саны миллионнан асты
413
оқылды

Атап айтсақ, биыл  9 айда рухани астанаға келушілер саны 1 миллионнан асты. Бұл туралы брифингте облыстық Туризм басқармасының бөлім басшысы Нұрдәулет Медеуов мәлімдеді.

Брифинг барысында белгілі болғандай, бұл 2020 жылға қарағанда 5,5 есе өскен. Ал ағымдағы жылдың 6 айында Түркістан облысында орналастыру орындарымен қызмет көрсетілген келушілер саны 95 587 адамды құрады. Бүгінде Түркістан облысының туризмін әлемге таныстыру мақсатында көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Оның айтуынша, бүгінгі таңда 2021 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Түркістан облысында 8 туристік нысан пайдалануға берілген. 2021 жылдың I жарты жылдығының қорытындысымен орналастыру орындары мен көрсетілген қызмет көлемі 1 млрд 787 млн 125,3 мың теңгені құраған. Осы тұрғыда бүгінгі күннің жағымды жаңалығын айта кетейік, Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, қазір Катар мемлекетінде Түркістанның туристік әлеуеті таныстырылып жатыр. Атап айтсақ, Катар мемлекетінің астанасы Доха қаласында IFP Group компаниясының ұйымдастыруымен халықаралық көрме басталды. Оған Түркістан облысының Туризм басқармасы және Turkistan Tourism Center туристік ақпараттық орталығының өкілдері қатысып жатыр. Ондағы мақсат – Түркістан өңірінің туризмін әлемге таныстыру және халықаралық туризмнің тәжірибесімен бөлісу.    width= 9-11 қараша аралығында өтетін көрме алаңында туристік конференция, оқу бағдарламасы, арнайы конкурстар, B2B кездесулер ұйымдастырылады. Көрме аумағында қатысушаларға 12 шаршы метр көлемінде тегін алаң бөлінген. Қазіргі таңда аталмыш іс-шараға Австрия, Аргентина, Беларусь, Бельгия, Ботсвана, Болгария, Германия, Үндістан, Индонезия, Иран, Испания, Италия, Канада, Катар, Қытай, Кувейт, Ливан, Малайзия, Мексика, Нидерланды, Оман, Пәкістан, Палестина, Парагвай, Ресей, Сингапур, Шри-Ланка, Хорватия, Франция, Жапония, Швеция, Түркия, Украина, Венесуэла елдері қатысуға тіркелді.

Катар тұрғындарының Қазақстанның туристік нысандары мен көрікті орындарына деген қызығушылықтары ерекше. Сондықтан Түркістанның бүкіл түркі халықтарына ортақ, әлемге әйгілі екені ескеріліп, көрмеге Түркістан облысы шақырту алды. Халықаралық іс-шараға Түркістан облысы өкілдерінің қатысуы Катардан инвестиция мен саяхатшыларды тартуға ықпал ететіні анық.