Ақмолада 13 жастағы оқушы қыз босанды
Ақмолада 13 жастағы оқушы қыз босанды
Фото: nur.kz
247
оқылды

Ақмола облысында кәмелет жасына толмаған қыз бала босанып қалды. Өкінішке қарай, шарана өлі туылған, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Ауыр оқиға Сандықтау ауданының орталығы Балкашино селосында болған. Сорақы жағдай жайлы ауыл тұрғындарының бірі хабарлады.

«13 жастағы тұрмыс жағдайы төмен, ата-аналары ішімдік ішетін отбасының қызы өз үйінде босанып қалды. Ауруханаға тізімде болмаған соң бармаған. Сондай-ақ оның жүкті екендігін мектеп те байқамаған сыңайлы. Босанғаннан кейін қыздың қызуы көтеріліп, құрсағынан қан кеткен. Ата-анасы жедел жәрдем шақырған. Тек сонда ғана қыздың босанғаны белгілі болған. Қазір ол ауруханада жатыр. Ал ата-аналары бостандықта жүр. Бұл өте қорқынышты. Мектеп олардың қандай отбасы екендігін білсе де оған еш мән бермей, ешқандай тексеріс те болмапты», – дейді ауыл тұрғыны.

Аталған мәселе бойынша Ақмола облысының Полиция департаменті түсініктеме берді. «1 қараша күні кешкі 18.30-да Сандықтау ауданы полиция бөлімінің кезекші бөлімшесіне кәмелет жасына толмаған аудан тұрғынының 40 апта мерзімде өз еркімен үй жағдайында босанғаны туралы ақпарат түсті. Бала өлі туған. Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 120-бабының 4-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Полицейлер күдікті тұлғаны анықтады. Ол бұрын сотталмаған Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны болып шықты. Қазір ол Сандықтау ауданының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған», – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Полиция тергеу аяқталмайынша басқа ақпараттың берілмейтінін мәлімдеді.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы