Айтыс жанашырына құрмет
Айтыс жанашырына құрмет
341
оқылды

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» орденінің иегері, айтыстың абызына айналған Жүрсін Ерманның 70 жылдық мерейтойына арналған «Мен жастарға сенемін» атты  жас ақындардың республикалық айтысы Сәтбаев қаласында өтті.

Кеншілер сарайына жиналған ақындарға Қарағанды  облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүке­нов сәттілік тіледі. Арқадағы айтыс мектебін, жас ақындарды қолдау бағытындағы жұмысты тілге тиек еткен ол: «Жас ақындар айтысы облыс әкімі Жеңіс Махмұдұлының тікелей қолдауымен ұйымдас­тырылып отыр. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман ағамыздың 70 жылдығына арналған іс-шара облыс деңгейінде де өтетін болады», – деді. Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов Жүрсін Ерман­ның иығына оқалы шапан жауып, сый-сияпат жасады. Айтысқа қатысқан жас ақындар айтыстың атасы атанған Жүрсін Ерманды сан қырынан кестелі көркем сөзбен сомдады. Әдемі әзіл, қисынды қалжың көңілге қонды. Қоғамның тыныс-тіршілігі де назардан тыс қалмады. Жыр додасына Жүрсін Ерман­ның өзі бастаған қазылар төрелік етті. Аламан айтыс та мәреге жетіп, үшінші орынға (250 000 теңге) ақтөбелік Шынарбек Тұрсын лайық деп табылды. Екінші орынды (350 000 теңге) сәтбаевтық Абзал Мақаш еншіледі. Бірінші орынды қарсыласын қапы қалды­рып, көрермен көңілін тапқан қызылордалық Нұрзат Қару мен нұрсұлтандық Айым Асылбекқызы (әрқайсысы 600 000 теңгеден) өзара бөлісті. Бас жүлде (1 000 000 теңге) павлодарлық Бөкен Жігерге бұйырды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы