Төтенше қызмет апатқа дайын ба?
Төтенше қызмет апатқа дайын ба?
539
оқылды

Қазақстанда елді мекендердің үштен бірі сейсмикалық белсенді аймақта орналасқан, онда 6 млн-нан астам адам тұрады және республиканың өнеркәсіптік әлеуетінің 60 пайызға жуығы шоғырланған. Сондай-ақ су басу қаупі бар аймақта 276 ауыл (270 мыңнан астам адам) қалып отыр. Апат айтпай келсе, ол аймақтарды құтқаруға қауқарымыз жете ме?

Әлқисса

Соңғы 30 жыл мұғдарында әлемде жер сілкініс­тері тым жиілеп кетті. Ал енді Жер шарындағы осы бү­кіл зілзаланың 15 пайызы Қазақстанның Алатау, Алтай, Тарбағатай таулы аумағын қақ жарып өтетін белдеуге тән екенін біреу  білсе, біреу білмес. Сейс­ми­калық тұрғыдан қауіпті өңірлерге Алматы қала­сы, Алматы облысы, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл және Маңғыстау облыстары жатады. Мұндай табиғи апаттар ық­тималдығы зор аумақта тұрған ел ең алдымен тө­тен­ше қызметтер қызметін күшейтуге күш салар бо­лар. Өйткені жаманат оқиғадан жапа шеккен ха­лыққа ең бірінші көмек қолын созатын – рес­пуб­ли­каның төтенше жағдайлар қызметі. Түрлі нәу­бет­терде, су тасқыны мен жер сілкінісінде, эко­ло­гия­лық апаттарда, өрттерде, қарлы борандарда, теңіз­де, өзен-көлде, тауларда, ормандарда, бетпақ дала­ларда, барлық жерде құтқарушылар алдыңғы қатар­да жүреді. Ал енді ТЖМ-ның материалдық-тех­никалық құралдармен жабдықталуы және қыз­меттерінің әлеуметтік тұрғыдан қорғалуы қалай де­ген мәселеге келгенде тұтығып қалатынымыз өті­р­ік емес.

Қауіп-қатерге толы кәсіп

Қазақстанда жылына орта есеппен алғанда 18 мыңнан астам табиғи және техногендік сипаттағы төтенше оқиғалар тіркеледі, оның 15 мыңы өртке қатысты. «Тәуелсіздік жылдарында ТЖМ құт­қару қызметтері төтенше жағдайлар мен өрттерді жоюға 1 466 883 рет шыққан. Олар­дың кәсіби шеберлігі мен жеделдігінің арқасында 30 жыл ішінде 389 017 адам құтқарылды, апатты аймақтарынан 353 973 адам эвакуацияланды, 61 362 зардап шеккен адамға медициналық көмек көрсетілді. Ал кәсіби міндеттерін атқару кезінде 64 қызметкер қайтыс болып, 155-і түрлі жарақат алды»,– дейді ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов. Биыл жазда Жамбыл облысының Бай­зақ ауданында орналасқан әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасында алапат жарылыс болғаны естеріңізде. Қызметтік міндеттерін орындау кезінде жарылыс салдарынан азаматтық қорғау органдары­ның 9 қыз­меткері қаза тауып, 49-ы түрлі сипат­тағы жарақат алды. Одан екі жыл бұрын Арыстағы әскери бөлімінің оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс одан да алапат болды. Жалпы, қару-жарақ, әскери техника бар жерде үнемі қауіп бар. Оның үстіне, Қазақстандағы қару-жарақ­тың 50 пайызы Кеңес дәуірінен қалған, ал жарамдылық мерзімі өткен соғыс құрал­дары­­ның қаупі тіптен үлкен. Бұған жем­қор­лық пен қауіпсіздікке салғырттық қарау сияқты адами факторларды қос­саңыз, төтенше жағдайдың одан бетер ушыға түсетініне көзіңізді жеткізесіз. Нұрболат Дербісовтің айтуынша, ТЖМ бөлімшелеріне күн сайын әртүрлі сипаттағы төтенше жағдайларды жою үшін 100-150 рет тапсырмаға түседі. Олардың негізгі үлесі өртті сөндіруге тиесілі. Жыл басынан бері 10 айда 9,5 мың өрт шығып, одан 297 адам қаза тапқан, 358 адам жара­қаттанған, 4 394 адам құтқарылған. ТЖМ күштері мен құралдары үнемі сұранысқа ие және олар өздерінің кәсіби міндеттерін орындауға қай уақытта да сақадай-сай тұрады. Олар жылдың қай маусымында да, тәуліктің қай мерзімінде де алдыңғы шепте. Сондықтан да құтқарушылардың өздерінің өмірі мен денсаулығы қауіп пен қатерге толы. Осыған байланысты орынды сұрақ туындайды: төтенше жағдайларда кезінде кәсіби қызметін атқарып жүрген адамдар­дың өздері қаншалықты қорғалған, олар материалдық-техникалық тұрғысынан қаншалықты жабдықталған?

Құтқарушылардың техникасы сайлы емес

Қазір бірқатар елде аса апатты өрттерді сөндіру кезінде шынжыр табанды және дөңгелекті роботты техника қолданылады. Мысалы, радиация деңгейі жоғары, адамдар үшін зиянды және қауіпті заттар бар аймақтарда жұмыс істегенде, сондай-ақ төтенше жағдайларды жою кезінде және жарылыс толқыны мен сынықтардан зақымдану қаупі бар уақытта үйінділерден аршу үшін заманауи техника пайдаланылады. Премьер-Министр Асқар Маминге депутаттық сауал жолдаған бір топ сенатор бізде бұл жағынан келгенде көп кемшіліктер бар екенін ашып айтты. «Қазақстанда азаматтық қорғау қыз­меттерін инновациялық-техникалық қайта жарақтандыру нормативтерді қайта қарау, жаңа технологияларды енгізу қажет. ТЖМ-нің заманауи техниканы айтпағанда, қажетті инженерлік-техникалық құрал­дармен, заттай мүлікпен, жабдықтармен және көлікпен қамтамасыз етілу норма­тивінің өзі бар болғаны 58,6%-ын құрайды. Оның үстіне, қолданыстағы техника мен жабдықтардың өзінің жартысынан көбі ескірген. Көптеген далалық ауруханалар өз ресурстарын толығымен тауысқан. Қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуы және материалдық қамтамасыз етілуі де жеткіліксіз. Осыған байланысты кадрлар­дың ауысуы тоқтар емес, ал кәсіби орта жайлы айтпаса да түсінікті»,– дейді депутаттар. Олардың айтуынша, халықты қорғауға және ел аумағының қауіпсіздігіне арналған әлеуметтік маңызы бар объектілердің құ­рылысын салуға арналған шығындар қыс­қаруда. Құтқару стансаларын, өрт сөндіру депосы кешендерін салуды қаржыландыру тоқтатылды. Сондай-ақ арнайы киім-кешек, отын мен жанар-жағармай материалдарын сатып алуды айтпағанда, хабарлау жүйесін құруға қаржы бөлінбейді. Ал өртке қарсы күресетін бөлімшелердің техникалық жабдықталу жағдайы 54% шамасында, онда да техниканың 21%-ы өткен ғасырдың 70-90 жылдарынан бастап жұмыс істеп келеді. Кейбір бөлімшелер тек 5% қажетті құралдармен қамтамасыз етіл­ген. Бұл тілсіз жаумен күресу кезінде көп кері әсерін тигізуде. Соңғы бес жыл ішінде жұмыс барысында өрт сөндіру техникасы 125 рет істен шыққан. ТЖМ-ға 2021 жылы республикалық комиссияның шешімімен 11,1 млрд теңге көлемінде қаржы бекітілмей, кем берілген.

Әлеуметтік мәселесі шешілмеген

Бүгінде азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің штатында шамамен 30 мыңға жуық адам бар. Олардың 7,8 мыңы және отбасы мүшелерінің 14,5 мыңы тұрғын үйге мұқтаж. Бүгінде тұрғын үй төлемдеріне жылына 8,7 млрд теңгеге жуық қосымша қаражат талап етілуде. Бір айта кетерлігі, еліміздегі күш құрылымдары органдарының ішінде төтенше жағдайлар қызметкерлеріне ғана тұрғын үй төлемдері берілмейді. Ал күштік құрылымдардың басқаларына, атап айтқанда Қарулы Күштердің, ІІМ жекелеген санаттары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет­тер­дің, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне пәтер жалдау үшін тұр­ғын үй төлемдері төленеді. Осыған байланысты шалғай аудандарға ротациялау кезінде қызметкерлерді тұрғын үймен қам­тамасыз ету мүмкіндігі жоқ. ТЖМ қызметкерлерінің тұрғын үй мәселелерінің шешілмеуімен қатар, әлеуметтік қамтама­сыз ету де жеткіліксіз. Жоғарыда айтқан келеңсіздіктердің салдарынан төтенше жағдайлар қызметі қазір жастарды қызықтырмайды. Бұл салада қашанда білікті мамандар тапшы. Сол себепті көпшілік құтқарушылар басқа салаға ауысуға мәжбүр. Балқаш қалалық судан құтқару бөлім­шесінің басшысы Дархан Қуанбаев­тың айтуынша, бөлімшеде штат бірлігі бойынша 14 адам жұмыс істеуі керек болса, бүгінде оның қарамағында небәрі 6 құт­қарушы қалған. Жұмыстың қауіптілігіне және жалақының аздығына байланысты бұл салаға ешкім келмейтін көрінеді. «Биыл оның біреуі зейнеткерлік демалысқа шығады. Сары алтындай сақтап отырған әлгі мамандарымыздың арасында жасындай жарқылдаған жастар жоқ. Дені 50-ді еңсерген және егде тартқан жандар. Биыл­дың өзінде оқытып-тоқытып тәрбие­леген сайдың тасындай іріктелген алты жігіт жұмыстан кетті», – деп қынжылыс білдірді ол. Енді қайтеді? Мынау қымбатшылық заманда судан құтқарушының небәрі 55 мың теңге жалақысы қай жыртықты бү­тіндей алсын? Тек түнгі кезекшілікке түс­кен кездері ғана қолдарына 80 мың теңге тиеді екен. Колледжді бітірген, кәсіптік білім алып келген жас маманның айлығы осындай. Жоғары білімі бар құт­қару­шылардың еңбекақысы 70 мың тең­генің үстінде. Тағы бір қынжытарлығы – ішкі істер органы­ның қызметкерлері 25 жыл еңбек өтілімен 45 жасында зейнеткерлікке кетіп жатқанда, құтқарушылар қатардағылармен бірдей 63 жасында зейнеткерлікке шығады. Ал қартаң адамда біреуді құтқарарлық күш қала ма? Сонда әйтеуір оқ атпайды деме­сеңіз, жұмыс қауіптілігі жағынан полицейлерден бір мысқал да кем емес дерлік олардың айлықтары шайлығына жетпейтіні өз алдына, зейнеткерлікке де кеш шы­ғатыны қынжылтады. Сөйте тұра, әлеу­меттік және қаржылай қолдау тұрғысынан көп кенже қалып отыр. Міне, өзінен гөрі өзгенің өмірін құтқаруға бас тігетін жанкешті жандардың жағдайы қандай күйде екенін жоғарыдағы мысалдарға қарап-ақ аңғара беріңіз.  

Дәулет АСАУ