Айтсын деп ақиқатты Тәуелсіздік тіл берді

Айтсын деп ақиқатты Тәуелсіздік тіл берді

Қазақ үшін ақындар айтысы – ерек­ше дәстүр.  Айтыс өнерін зерт­теу­шілер оның көнеден келе жатқан ауыз әдебиеті саласының үлкен, негізгі үлгілерінің бірі екенін айтады. Өйткені бұл өнердің ғұмыры белгілі бір уақыт кеңістігімен өлшенбесі анық. Оның пайда болып, қалыптасуы табиғи заңдылық болса, оның өсіп-өркендеуі де, дамып, жалғаса бере­тіні де  – тағы ақиқат. Кеңес дәуірі ұлт­тық өнерді ұлықтауға мүмкіндік бермегені де рас. Ал  Тәуелсіздік ай­тыс­тың қайта жаңғыруына жол ашты.

«Хат-хабар, пошта-телеграфы жоқ көшпелі қазақ сахарасында ақпарат-жаңалық таратушы ақын-жыраулар мен түрлі өнер адамдары болғандығын көптеген мысалдар арқылы көруге болады. Айтыс­тың көбіне халықтың мол жиналған, шо­ғыр­ланған кездері – жиын, той, ас, жәр­мең­келерде өтетіндігін зерттеу барысында айтқан болатынбыз. Ал ол дегеніңіз ұлы далада шашырай қоныстанған қазақ ауылдары үшін ақпарат, хабар, жаңалық алудың ең тиімді жолы болды. Ел бір-бірінің амандық-саулығын, саяси-әлеуметтік, шаруашылық сияқты маңызды мәселелер барысын осындай жиындарға қатысқан адамдары арқылы біліп отырды. «Ел құлағы – елу», «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» сияқты мақал-мәтел­дер де осы жағдайларға байланысты шыққан...», – дейді ақын Қойлыбай Асанов. Бір кездері айтыс өнері үзіліп барып, қайта жалғанды. Оған қым-қуыт кезеңдер­дегі түрлі жағдайлар әсер еткен де болуы керек. Кейін бұл дәстүр қайта жаңғырып, жаңа белеске шықты. Тәуелсіздік жыл­дарын­дағы ақындар айтысының басты ерек­шеліктерінің бірі – ұлт тілінің асыл-жау­һарларын жарқырата көрсете білгендігі. Жалпы,  айтыс өнерінің бұқаралық си­пат алып, ұлттық идеологияның ұйыт­қысына айналуына себепкер болған дүние – телевизия. 1980 жылдардан бастап рес­пуб­ликалық-телевизиялық айтыс дүниеге келді. Қоғамда болып жатқан түрлі өз­герістер, саяси-экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар айтыс арқылы ақындардың тілімен елге, билікке жетіп жатты. Халық назарын аударды. Әсіресе, дін, діл, тіл мәселелері өткір көтеріліп, бұқара халық көзқарасын осы бағытқа бұруда ақындар айтысы ерекше рөл атқарды. Ақындар айтысын ұйымдас­тырушы әрі оның теледидар арқылы Қазақстан аумағына таралуына көп еңбек сіңірген ақын Жүрсін Ерманның қазақ айтысының көшін сүйреп жүргеніне де жарты ғасырға жуықтады. Ақын өзінің айтысқа келу тарихы туралы: «Бала кезімізде Болман Қожабайұлы, Әжиакпар Балқанов, Тайжан Қалмаған­бетұлы деген ақындарды тыңдап өстік. Сол әсер еткені болуы керек. 1974 жылы Жез­қаз­ған теледидарында қызмет істеп жүр­ген­де айтыс ұйымдастыру туралы идея туды да, қаладағы Мыс комбинаты, КазМедСтрой және Шахтапроходколау тресінің атынан айтыс жаздым. Ол кезде қағазға қарап айтысатын. Онда жаңағы ұйымдардың жақсылықтары, социалистік жарыста қол жеткізген табыстары, еңбек адамдары, басқа мекемелердің жұмысын­дағы кемшіліктер сөз болады. Мәтінді ақындық, ән айтатын қабілеті бар жігіттерге айтқызып, арасын кәсіпорындардың өмірінен түсірілген суреттермен, бейнемен жауып, эфирге шығардым. Ол кезде 23 жаста едім. Кейін 1982 жылы Алматыдағы республикалық телевидениеге ауысып келдім. Оншақты жыл әдеби-драмалық хабарлардың бас редакторы болдым. Сол кезде айтысты облысаралық көлемде ұйымдастырдық. Мысалы, Қызылорда мен Алматы облыстары айтысса, құрамында ақындары, термешілері, әншілері бар қызылордалықтар Алматы облысын аралап, шаруашылықтарын көріп, ақпарат жинайтын. Алматының тобы да Қызылорда облысына барып, дайындалатын. Сөйтіп, жасаған айтысымыз үлкен өрлеу алды. Оған облыс басшылары қолдау көрсетті. Сол кезде Көпбай Омаров, Қалихан Алтынбаев, Көкен Шәкеев, -Шымболат Ділдебаев сияқты мықты ақындар халыққа танымал болды. Сондай ескіні көрген көшелі ақындар қатарына кейін Әселхан Қалыбекова, Әсия Беркенова, Қонысбай Әбілов, Тәушен Әбуовалар қосылды. Келе-келе Әзімбек Жанқұлиев, Мұхамеджан Тазабеков, Аманжол Әлтаев, Баянғали Әлімжанов сияқтылар айтыстың көшін ілгері қарай бастап, кең танымал етті» деген екен. Расында, қазақ айтысы жаңа бір биікке көтерілді. Айтыстың көшін бастаған саңлақтардың соңын ала жаңа есімдер қосыла бастады. Тіпті, бұл тізім жыл сайын жаңарып отырды. Бір кездері Әселхан, Әсия апалардың аты дүркіреп тұрса, қазір Айнұр, Сара, Әсем, Қарлығаш, Жансая және т.б. ақын қыздарымыз айтысты өрге сүйреп жүр.   «Алдынғы толқын – ағалар, соңғы толқын – інілер» дегендей, аға буын ақындар тобына жаңа буын – жас ақындар легі қосылды.
Белгілі ғалым, тіл жанашыры Өмірзақ Айтбайұлы ұлттық өнердің тілге тигізер әсер-ықпалы туралы: «...Халқымыздың ұлттық сапасы мен санасын айқындай түсетін неше алуан әдет-ғұрып, салт-сана, мінез-құлыққа орай орын тепкен қасиет-қалыбы тілдік танымға тікелей байланысып жатады. Ал ақындар айтысы, жыраулар сайысы, жаңылтпаштар мен өтірік өлеңдер, шешендік сөздердің бәрі-бәрі де ана тіліміздің алапат қуаты мен ада болмас арынын танытады емес пе?!» деп жазғаны бар.
Расында, айтыс табиғатын жақсы түсінетін кез келген тыңдаушы, көрермен ең алдымен ақынның тіл шеберлігіне, сөз байлығына назар аударады. Кейбір ақын айтқан сүбелі сөздер елдің есінде жатталып, жадында қалады. Тіпті, кей ақынның айтыста қолданған сөз тіркестері қанатты сөзге айналып, ел аузында жүретіні де ақиқат. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл дәстүрлі айтыс өнерінің тынысы да кең ашыла бастады. Бұл тұста азат тіліміздің тұсауы кесіліп, айтыс ақындарының еркін ой толғап, кең көсіле шабуына ерікті жол ашылды. Әр аймақтағы ақындық мектеп­тердің тамырына қан жүгірді. Осы тұста Арқа мектебінің дәстүрін жалғаған  А.Әлтаев, А.Қалиев, А.Бердалин, Жетісу мектебінің дәстүрін жалғастырған А.Бұлғақов, О.Досбосынов, Б.Имашев, Қаратау мектебінің өкілдері М.Тазабеков, Б.Шойбеков, Батыс өңірі дәстүрін жалғас­тырған М.Қосымбаев, Семей өңірінен шыққан С.Қалиев, Р.Зайытов және т.б. ақындардың қолтаңбалары анық көрінеді. Жүрсін Ерман тілімен айтқанда:  «Айтыс өлген жоқ. Өлмейді де. Рас, коммунистік идеологияның қаскөй саясаты қазақ халқын айтыстан басқа да қаншама құндылықтарынан айыруға әрекет жасап бақты. Бірақ ғасырлар бойы ұлтпен бірге жасап келе жатқан ұлы құндылықтарды тұншықтыру мүмкін емес еді. Айтыс өнері де қазақпен мәңгі бірге жасап келе жатыр, жасай береді де». Қазір айтыстың көркемдік деңгейі де бөлек. Биік. Интеллектуал ақындардың қатары көбейген. Қазақтың арғы-бергі өлең дәстүрін жетік меңгерген, халық ауыз әдебиетінің мәйегімен сусындаған жастар өсіп келеді. Олардың дәстүрді де жалғас­тырудағы ерекшеліктерін де айтпай қоюға болмайды. Бұл тұрғыда ақын Жүрсін Ерманның: «Бұдан қорқуға болмайды. Бұл өмір ғой. Өмір болған соң, жетілмей, дамымай қалу мүмкін емес. Егер айтыс өнерінің сонау XVII ғасырдағы үлгісін аңсап отыра берсек, өнер де дамымайды, өре де биіктемейді. Көштен қалып қоямыз. Иә, жасын жанрдың табиғи ерекшеліктерін сақтай отырып дамыту үрдісі ұлы өнерді өлтірмейді. Мен бір сұхбатымда айтқан едім: «Егер  қазақтың айтысын ағылшын тілінде өткізсек, бұл әлемді жаулап алатын бренд болар еді» деп. Мен айтысты Ташкентке де апардым, Бішкекке де апардым, Мәскеу мен Парижге де апардым. Барлығында халық ыстық ықыласпен, ғажап көңіл күймен қабылдады. Ендеше, қазақ айтысы өзінің мәңгілік өнер екенін дәлелдеді» деуі тегін емес. Қазір кейбіреулер айтыстың кейбір жанрлары ескіріп, қатардан шығып қалды деген пікірлер айтып қалады. Бұған да келісуге болмас. Ақын Серікзат Дүйсенғазы өзінің бір пікірінде: «Айтыстың кейбір жанрлары мүлдем ұмытылды дегенге келіспеймін. Сүре айтыс, түре айтыс, қыз бен жігіт айтысы қазір үнемі сахнада. Ал жұмбақ айтыс, өтірік өлең айтысы, қайым айтыс деген айтыстың түрлері ара-тұра көрініп қалады. Бірақ үнемі шығып жатыр десек өтірік болар. Осыдан біраз жыл бұрын Жүрсін аға айтыстың осы түрлеріне арнайы мән беріп, бірнеше айтыс өткізген. Ұмытылды деп жүргеніміз тұрмыс-салт жырларында кезігетін бәдік айтыс, өлі мен тірінің айтысы т.б. айтыстар болар» деп жауап береді. Ақындар қатары көбейгені – қуантар­лық жағдай. Бұл – дәстүрдің өлмегені, сабақтасып жатқанын білдірсе керек. Әрине, кез келген адамды ақын қылып, оқытып шығару мүмкін бе? Оның бойында қалыптасқан таланты болмаса, сахнаға шығып, суырып салып, жыр толғап, елдің мұңын мұңдай алмас еді. Әрі оған шеберлік те қажет. Айтыскер ақын Айбек Қалиевтің: «Республика сарайы толы халықты әзіл кештерінде бірнеше адам жүріп күлдірем деп «бүлдіріп» алатын жағдайлар жиі кездеседі, ал ақын қолында аспабынан басқа ештеңесі жоқ жалғыз адам мыңдаған, тіпті кейде миллиондаған халықты аузына қаратып, аспапта ойнай отырып, ойын «жігін шығармай» халыққа әдемі әуенмен жеткізуі қажет. Осының өзінде бірнеше өнер тоғысып жатыр. Сахнадан отырып ақын күйіп тұрған мәселеден күлкі де туғыза алады, елдің мәселелерін де жырлай алады, тарихты да толғай алады, халықтың көңілін бірде құзға шығарып, бірде құлдиға түсіреді. Айтыс деген өнердің ішіндегі ең қиыны, ақынның әр сахнаға шығар алдындағы жүрек толқынысын ешқандай сезіммен салыстыруға келмейді. Сондық­тан қазіргі айтыста көркемдік қуат та мық­ты, әзіл де, ән де, сән де, салихалы сөз де, бәрі бар» дегені бар-ды. Айтыс – дала мінбері. Солай қалыптас­қан, солай жалғаса бермек. 30 жылдық тарихта қазақ айтысы белгілі бір белеске көтерілсе, алда да ұлттық бояуы қанық, дәстүрлі өнер биігінен аласарып қалмасы анық.  

Айым БЕКТҰР