«Абай» шахтасындағы апат: себеп пен салдар
«Абай» шахтасындағы апат: себеп пен салдар
778
оқылды

7 қараша күні сағат 08:24-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір де­пар­таментінің «Абай» шахтасында кенет көмір мен газ лақтырылды. Апат кезінде шахтада 64 адам жұмыс істеп жатқан еді. Оның ішінде 8 адам кен­жарда болған. Апат салдарынан екі адам зардап шегіп, алты кенші қаза тапты.

Мемлекет басшысы Үкіметке шахтер­лердің отбасыларына көмек көрсету жөнінде тапсырма берді. Болған оқиғаның анық-қанығын анықтау мақсатында үкіметтік комиссия құрылды. Министр Юрий Ильин бастаған Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері апат болған жерде тиісті жұмыстарды жүргізуге кірісті.
«Абай» шахтасында қаза тапқан қыз­мет­керлердің тізімі: Шмидт Виталий Владиславович, 1979 ж.т.; Скитченко Николай Николаевич, 02.08.1968 ж. т.; Абдуллин Наиль Рамильевич, 1990 ж.т.; Супрунов Алексей Алексеевич, 1987 ж. т.; Краус Сергей Юрьевич, 1983 ж. т.; Корниенко Сергей Анатольевич, 1971 ж.т. Зардап шеккен қызметкерлер: Маралбаев Жеңіс Мерекеұлы, 1963 ж.т.; Зейналов Элайдын Авез-оглы, 1960 ж.т.
Зардап шеккен екі үңгілеушінің жағ­дайы туралы да белгілі болды. Олар про­фессор Х.Мақажанов атындағы көпбе­йін­ді аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды. «7 қарашада медициналық мекемеге 1960 және 1963 жылы туған шахтаның екі қызметкері түсті. Екі науқаста да шахталық газдармен, оның ішінде метанмен және улы газбен жіті улану бар. Диагноз – «токсикогипоксикалық энцефалопатия». Науқастар жансақтау бөлімінде. Клиника дәрігерлері барлық қажетті медициналық көмек көрсетуде», – деп хабарлады Қарағанды облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мамандары. Жедел штаб құрылып, оған компания мен мемлекеттік органдардың өкілдері кірді. Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Маминнің тапсырмасы бойынша ТЖ министрі Юрий Ильиннің басшылығымен ТЖ мән-жайы мен себептерін анықтайтын мемлекеттік комиссия құрылды. Құтқарушылар төтенше жағдайдан кейін қазбалардан газ шығара бастады. – Құрамында 12 адам бар екі тау-кен құтқару бөлімшесі кенет метан лақтырыл­ғаннан кейін қазбаларды газсыздандыру бойынша жұмыстар жүргізуде. Апаттық кенжарда атылғын тау-кен массасының ұзындығы шамамен 20 метр. Шахтаның басқа жерлерінде ешқандай үйінділер жоқ, – деп түсіндірді Кәсіби әскерилен­дірілген апаттық-құтқару қызметтерінің РОШ Қарағанды филиалының директоры Геннадий Силинский. Өңірлік коммуникациялар қызметі ала­ңында тікелей эфирде өткен брифингте Тө­тенше жағдайлар министрі Юрий Ильин: – Президенттің тапсырмасы бойынша үкіметтік комиссия құрылды. Ол аталмыш ТЖ туындауының барлық себептерін анықтау аяқталғанға дейін жұмыс істейтін болады. Қаза тапқандардың отбасыларына және бүгінгі күні ем алып жатқан адамдарға жан-жақты көмек көрсетіледі. Қазір қалыпты жағдай қалыптастыру үшін суды сору және ауаны газсыздандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жағдай тұрақталып, мүмкіндік туындаған бетте комиссия мүшелері мен тергеу тобы төтенше жағдай ошағындағы жағдайды анықтау үшін жер астына түседі, – деді. Комиссияға барлық ведомстволардың өкілдері кірді: ІІМ, ТЖМ, еңбекті қорғау, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, сондай-ақ «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы. ҚР ҚК 277-бабының 3-бөлігі (Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. – Фактілерді және ТЖ себептерін жа­сыру болмайды. Комиссия мұндай фак­тілер болмауы үшін себептерді анықтау жә­не ұсынымдарды одан әрі әзірлеу үшін қанша уақыт қажет болса, сонша жұмыс іс­тейтін болады, – деп сендірді Юрий Ильин. Дүйсенбіде онлайн режимінде өткен аппараттық кеңеске қатысушылар «Абай» шахтасында қаза тапқан кеншілерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Шахтадағы жұмыстар апаттың мән-жайы толық анық­талғанға дейін тоқтатылды. Қазір «Ар­селорМиттал Теміртау» АҚ-ның бар­лық сегіз шахтасында тексеру жүріп жатыр. Облыс басшысы Жеңіс Қасымбек қалалар мен аудандар әкімдеріне облыс­тың барлық өнеркәсіптік кәсіпорын­дарында еңбек қауіпсіздігін жаппай тек­серуді тапсырды. Бұл мәселеге барынша жауапты қарап, немқұрайлылыққа жол бермеу керектігін қадап айтты. Жеңіс Маралбаевты жансақтау бөлі­мінен бөлімше палатасына ауыстырды, Элайдын Зейналовты да палатаға ауыс­тыруға дайындауда. Қаза тапқандар мен зардап шек­кендердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі. Мәселе – облыс әкімінің жеке бақылауында. – Облыс әкімдігінің атынан қаза тапқандардың туыстары мен жақында­рына қайғырып көңіл айтамын. Кеше біз марқұмдардың отбасыларына бардық. Осы қиын-қыстау күндерде облыстың барлық тұрғындары сіздермен қайғы-қасіретті бөліседі, – деді Жеңіс Қасымбек.  

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы