«Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының облыстық кезеңі аяқталды. Байқау Қызылорда қаласы Достық үйінде өтті.
«Ұлы даламыз кейде ашық жатқан жыр кітабы сияқты болып та көрініп кетеді. Жадыңды жаңғыртып, дұрыстап, жақсылап оқи алсаң, жан дүниең жадырап, бабалардың баянды үнін, тарихтың тылсым сырын, туған еліңнің мәңгілік жырын қайыра естіп, байтақ әлемге құлашыңды кең жайғандай боласың» деген Елбасымыз. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы аясында басталған айтулы шара биыл Сыр елі, жыр елі Қызылорда өңірінде екінші рет өтіп жатыр.
Байқаудың облыстық кезеңінің ашылуында «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ләйлә Төрешова және облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Алпамыс» дастанынан басталған жоба былтыр көлемді «Қобыланды батыр» жырына жалғасты. Биыл «Едіге батыр» жырын жатқа айту бойынша өткізіліп отыр. Байқауды «Qazaq Epos» қоғамдық қоры «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы, облыстық білім басқармасымен бірлесе отырып ұйымдастыруда.
Байқау 6-10 сынып оқушылары арасында «Едіге батыр» жырын жатқа айтудан өтті. Қатысушылар қосымша мектеп бағдарламасы бойынша қазақ әдебиеті пәнінен сұрақтарға жауап беруі тиіс.
Байқауға «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ләйлә Төрешова, облыстық білім басқармасы басшысы Ақзира Қасымова, жазушы, журналист, облыстық партия филиалы жанындағы «Miras» аймақтық қоғамдық кеңес мүшесі Қаршыға Есімсейітова, тарих ғылымдары кандидаты, аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Уәлихан ИбраеВ, филология ғылымдарының кандидаты, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті Ұлжан Жаңбыршиева, жырау, Қармақшы аудандық «Жыраулар үйі» директорының орынбасары Бидас Рүстембеков, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары Мақсат Дауылбай қазылық етті.
Облыстық кезеңде оқушылар алдын ала өткізілген жеребе бойынша 12 жұпқа жұптасып, өнер көрсетті.
Нәтижесінде, 1-орынды қазалылық Гауһар Әзен (дайындаған мұғалімі Жадыра Кушекпаева), 2-орынды тағы бір қазалылық Гүлназ Жеңісбек (дайындаған мұғалімі Балагүл Орынбаева) иеленді. Ал 3-орынға Арал ауданынан келген Қарақат Берікқызы (дайындаған мұғалімі Нұрсұлу Ибраева) лайық деп танылды.
Жеңімпаздарды облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова құттықтады.
– Аймағымызда биыл екінші рет ұйымдастырылған шоқтығы биік, мағынасы зор шаралардың бірі әрі бірегейі – «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының бүгін облыстық кезеңінің марапаттау сәті өткелі отыр.
Республикалық деңгейде ұйымдастырылып жатқан ұлттық жобаға еліміздің аймақтары ішінде алғашқылардың бірі болып тағы да Қызылорда облысының әкімдігі айрықша қолдау көрсетті. Сыр өңірі елдікті, отансүйгіштікті насихаттауға, жастарды рухани дүниемен рухтандыруға келгенде ешқашан бей-жай қараған емес.
Бала тәрбиелеуде батырлар жырын оқыту қайта қолға алынып, қайта жаңғыртылуы игі бастама. Біз тек атадан қалған сырлы сөздер мен рухани үлгімен ғана рухани түлеп, саналы түрде жаңғырамыз, – деді Б.Шәменова.
Жеңімпаздардың марапатын «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ләйлә Төрешова, облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова бастаған азаматтар табыстады.
Облыстық кезеңде үздік шыққан І орын иегеріне 750 000 теңге, ІІ орынға 350 000, ІІІ орын үшін 200 000 теңге қаржылай сый берілді. Облыстық деңгейдегі жеңімпаз оқушылардың мұғалімдеріне де сый қарастырылған: І орынға 1 500 000 теңге, ІІ орын иегеріне 700 000, ІІІ орынды еншілеген қатысушының мұғаліміне 400 000 теңге берілді.
Айта кетейік, байқаудың аудандық-қалалық кезеңіне 713 оқушы қатысып, солардың арасынан іріктеліп шыққан 24 оқушы облыстық кезеңге жолдама алған. Байқаудың аудандық-қалалық кезеңінде І орын еншілегендерге 150 мың, ІІ орын 100 мың, ІІІ орын иегерлеріне 50 мың теңгенің сертификаты табысталған болатын.