Ендігі мақсат – Еуропа чемпионы болу
Ендігі мақсат –  Еуропа чемпионы болу
251
оқылды

Келер жылы 19 қаңтар мен 6 ақпан аралығында Нидерландтың Амстердам және Гронинген қалаларында футзалдан Еуропа чемпионаты өтеді. Әлем біріншілігінде тамаша өнер көрсетіп, талайдың таңдайын қақтырған ұлттық құрамамыз ендігі жоры­ғын 2022 жылы Еуропада жалғастырады. Кака шәкірттері В то­бында Италия, Словения және Финляндия құрамаларына қарсы ойнайды.

Жаңа форматта өтетін Еуропа чемпионатына бұрынғыдай 12 емес, 16 құрама қатысады. Олар өзара төрт топқа бөлініп, одан үздік шық­қан екеуі ширек финалға жолдама алады. Расы керек, Кака жаттық­тыра­тын Қазақстан құрамасына бүгінде бәрі құрметпен қарайды. Құрамамыз биыл Литвада өткен әлем чемпионатында жартылай финалға дейін жетіп, үшінші орын үшін шешуші кездесуде азулы деген Бразилия құрамасына есе жіберген. Десек те, Еуропа біріншілігінде де осал командалар болмасы анық. Осы ретте тарихқа бір шегініс жасап көруді жөн санап отырмыз. 2016 жылы Сербияда өткен Еуропа чемпионатында Қазақстан құрама­сы тұңғыш рет қола медальдің иегері атанған. Сол доп додасының ши­рек финалында Кака баптаған жігіттер Италияны 5:2 есебімен же­ңіп, жартылай финалға шыққан. Енді сол Италиямен араға алты жыл салып, қайта жолыққалы тұрмыз. Әлемдік рейтингте алдыңғы шепте жүрген Италия құрамасы 2003 және 2014 жылы Еуропаның жеңім­пазы атанған. 2007 жылы фи­налға дейін жетті. Бұдан бөлек, 1999, 2005, 2012 жылдары үздік үш­тік­ке кіріп, қола жүлдені еншіледі. Қазір Италияның құрамында буын алмасу процесі жүріп жатыр. Негізгі құрамдағы орынды бұрынғыдай бразилиялық ойыншылар емес жергілікті ойыншылар алмастырды. В тобындағы тағы бір қарсыласымыз Словения футзалы кейінгі жылдары үлкен даму үстінде. Аталған ұжым­мен Қазақстан құрамасының жолы бұған дейін екі мәрте түйісті. 2015 жылы әлем чемпионатының іріктеу турнирінде қос команда топтық кезеңде ойнап, 2:2 есебімен тең түс­кен. Литвада өткен әлем чемпи­онаты­ның іріктеу турнирінде де Словениямен шеберлік байқасқан.  Сол матч 4:3 есебімен Қазақстан құрамасының пайдасына шешілді. Ал топтағы Финляндия құрамасы В тобының «аутсайдері» санатында. Еуропа чемпионатында бірінші рет бақ сынайтын Суоми елінің аяқдоп­шылары біз атап өткен екі құрамаға қарағанда деңгейі әлдеқайда төмен. Өз кезегінде футзалдан Қазақ­стан құрамасының ойыншысы Біржан Оразов команданың құр­лық­тық біріншіліктегі мақсаты туралы айтып, топтық кезеңдегі қар­сыластарымыз туралы пікірімен бөлісті. – Қазір әр футболшы өз клубында ішкі біріншіліктегі ойындарын өткізуде. Оның үстіне құрама­ның негізгі футболшыларының көпшілігі «Қайрат» сапында Чемпиондар лигасында өнер көрсетіп жатыр. Алматылық клубпен плей-офф сатысындағы кездесулерді өткіземіз. Содан соң толықтай Еуропа чемпионатына дайындыққа кірісеміз. Әрине, Қазақстан құра­масы ол турнирде алдымен топтан шығуды басты мақсат санайды. Ары қарай алдымызға жоғары мақсат қойып, жарыста жақсы аяқтауға ты­рысамыз. Ең бастысы, қазір барлық ойыншылардың спорттық формасын жоғалтпай, жарақаттан аман болғаны маңызды. Құрама көшбасшыларының бірі Лео да ортамызға тезірек оралса деген тілегіміз бар. Тобымыздағы құрама­лар­дың бәрі де мықты. Бірақ біз соған қарамастан өз тобымыздан бірінші орынмен шығуға бар күшімізді саламыз. Қалғанын уақыт көрсетеді, – дейді Біржан Оразов. Жалпы, 1996 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан футзалдан Еуропа чемпионатына Испания жерінде 6 команда қатысқан. Финалда жарыс қожайындары Ресейді 5:3 есебімен жеңіп, Еуропаның тұңғыш жеңімпазы атанған болатын. 1999 жылғы Еуропа чемпионатын да Испания өз жерінде өткізді. Бұл жолы командалардың саны сегізге артты. Алайда турнирді Ресей құрамасы жеңіп алды. Соңғы рет 2018 жылы Еуропа командалары Словенияның Любляна қаласында бас қосты. Онда Португалия үздік деп танылды. Олар финалда Испанияны 3:2 есебімен қосымша уақытта жеңді. 2016 жылы Еуропа чемпионатының қола медалін жеңіп алған Қазақстан құрамасы Словения астанасында үздік төрт­тіктен көрінді. Енді 2022 жылы өте­тін Еуропа чемпионатында құрамамыз алдына үлкен мақсат қойып отыр. Ол – құрлықтық біріншілікте топ жару. Футзалдан Қазақстан құрамасы­ның ойыншысы Жомарт Тоқаев та Қазақстан футбол федерациясы құрамаға Еуропа чемпионатының финалына жолдама алу үшін топтан бірінші орынмен шығу міндетін жүктегенін, бапкерлік штаб пен ойыншылар да осы тапсырманы ойдағыдай орындауға тырысатынын жеткізді. – Әзірге Еуропа чемпионатына дайындықты бастаған жоқпыз. Біздің бар ойымыз қазір Қазақстан біріншілігінде. Ішкі чемпионатты ойдағыдай аяқтаған соң, дайын­дыққа кірісеміз. Оған дейін футзалшылар Нидерландқа жақсы көңіл күймен аттанатынына сенемін. Еуропа чемпионатында осал команда жоқ. Өздеріңіз білесіздер, Литвада өткен әлем чемпионатында құрамамыз жақсы өнер көрсетті. Бұл жолы да үздіктер қатарынан кө­рінгіміз келеді, – дейді Жомарт Тоқаев. Ойын кестесіне сәйкес Қазақ­стан құрамасы 20 қаңтар Словения, 24 қаңтар Финляндия, 28 қаңтар Италия құрамаларымен кездеседі. Әуелде жеребе тартылып, қарсы­ластар белгілі болған тұста футзалдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Пауло Рикардо Кака спорт­тық басылымдарға  берген сұхба­тында Еуропа чемпионатының топтық кезеңінің жеребесі туралы пікірін білдірген. – Словениямен өтетін бірінші ойынға Дуглас қатыса алмайды, өйткені ол өткен Еуропа чемпио­натының соңғы матчында алаңнан қуылды. Финляндияға келетін болсақ, олар әр ойынға тыңғылықты дайындалып, топтағы құрамалардан ұпай алуға тырысады. Италия құра­ма­сында буын алмасу процесі жүру­де. Егер бұрын Италияда онға жуық бразилиялықтар ойнаған болса, қазір олардың құрамында италия­лық­тар көп. Соған қарамастан олар өте жақсы команда. Ұлттық құрама негізгі дайындықты қаңтардың 3-інен бастайды, – деп атап өткен болатын бас бапкер. Ал футзалдан Қазақстан құрама­сының медиа-офицері Мұратбек Биманов бапкерлер штабы Еуро-2022 додасының жеребесі тартылған сәттеп бастап, қарсыластар туралы мәліметтер жинауға кіріскенін айтады.  

Абылайхан ЖҰМАШ