Ширек финалдағы қарсыласымыз – Иран құрамасы
Ширек финалдағы қарсыласымыз  – Иран құрамасы
187
оқылды

Литвада өтіп жатқан футзалдан Әлем чемпионатының ширек финалында Қазақстан құрамасы Азияның үздігі саналған Иран құрамасына қарсылас атанды. Спорт мамандары әлеуеті жоғары қос құрама арасындағы ойынның тартысқа толы болатынын айтты. Ең маңыздысы, осы ойында тұңғыш рет Әлем чемпионатының 1/4 финалында өнер көрсететін құрамамыз үшін тарихты жаңартуға тамаша мүмкіндік туып тұр.

2016 жылғы әлемдік доданың қола жүлдегері атанған Иран қазақстандықтардың турнирдегі алғашқы азулы қарсыласы. Бірақ доп додасының бұл кезеңінде мұндай қарсыластың түсуі де заңдылық. Өйткені ширек финалға осал құрама шықпайды. Ендігі кезекте Каканың командасы Мохаммад Наземшариехтің шәкірттерімен жартылай финалға жолдаманы сарапқа салып, жүлдегерлер қатарына енуге бір табан жақындайды. Айта кетейік, Қазақстан турнирді А тобында бастап, Коста-Рика (6:1) мен турнир қожайынд­ары Литваны (3:0) жеңсе, соңғы матчта Венесуэламен тең (1:1) тарқасты. Ал 1/8 финалда Таиландты 7:0 есебімен ойсырата жең­ді. Бас бапкердің барлық нұсқауын бұлжытпай орындаған Қазақстан құрамасының футзалшылары осылайша турнирдің ширек финалына өтіп отыр. Мұның өзі құрамамыздың Кау­нас­тағы турнирге үлкен дайын­дықпен келгенін көрсетті. Жалпы, Қазақстан 2020 жылдан бері өткізген 12 ресми матчының ешқайсысында жеңіліс көрмеген. 11-інде асығы алшысынан түсіп, 1 матч тең аяқталған. Соңғы рет ресми матчта Румыния­ға есе (1:3) жіберген. Ол осы Әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында өткен ойын еді. Ал осыған дейін Иран мен Қазақстан екі мәр­те өзара кіл мықтыны анық­таған. 2017 жылы өткен жолдас­тық кездесуде Иран 1:2 есебімен жеңіс тойын тойласа, 2019 жылғы жолдастық матчта да 1:2 есебімен ирандықтар басым түскен. Литва жерінде өтетін үшінші кездесуде Игита бастаған футзалшыларымыз бұған дейінгі кеткен есені қай­таруға бар күшін салып көр­мек. F тобында жарыс жолын бас­таған бұл жолғы қарсыласымыз Иран құрамасы Сербия (3:2) мен АҚШ-ты (4:2) жеңгенімен, одан кейінгі ойында Аргентинадан жеңілді (1:2). Сөйтіп, алты ұпай­мен топтан екінші орынмен шық­ты. Ал 1/8 финалда Өзбекстанды 9:8 есебімен жеңіп, Қазақстанның ширек финалдағы қарсыласы атанды. Иран 2016 жылғы Әлем чем­пионатында қола жүлдені енші­леген, Азия чемпионатында 12 мәрте топ жарған мақтаулы ұжым.

Қазақстан 2020 жылдан бері өткізген 12 ресми матчының ешқайсысында жеңіліс көрмеген. 11-інде асығы алшысынан түсіп, 1 матч тең аяқталған.

Қазақстанмен өтетін жауапты ойынға дайындық барысы туралы айтқан Иран ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Мохаммад Наземшариехтің сөзінен коман­дасының Қазақстанды жеңіп, үздік төрт құраманың қатарына енуді мақсат тұтып отырғанын аңғаруға болады. – Қазақстан құрамасы – құ­рамы бойынша бұл Әлем чем­пио­натындағы үздік команда­лардың бірі. Әрине, Қазақ­станмен ойын біз үшін оңай болмайды. Бірақ біз қарсы­ласымыздан басым түсуге тырысамыз. Алдыңғы 2016 жылғы Әлем чемпионатында өздеріңіз көргендей, Бразилия құрамасын жеңдік. Бүгінде Еуропа мен Азиядағы командалардың арасында аса қатты айырмашылық жоқ десе де болады. Өйткені Азиядағы спорт айтарлықтай алға жылжыды. Мұның ішінде футзал да бар. Көріп отырғаныңыздай, Азияның бес командасы осы жарыстың 1/8 финалына өтті. Мұның өзі үлкен жетістік. Біз бұл жетістікпен тоқтап қалмаймыз, – деді М.Наземшариех.  Ал футзалдан Қазақстан ұлт­тық құрамасының бұрынғы жат­тықтырушысы Әміржан Мұқанов ширек финалдық ойында Қазақ­станның жеңіске жететініне cе­німді. «Нұр-Сұлтан» футзал клубы­ның бас бапкері Нұржан Әбдірасылов та жауапты ойын алдында Каканың тәлімгерлерінің асығы алшысынан түседі деп топ­шылады. – Иран – футзал әлемінде ойып тұрып орын алған құрама. Азияның бірнеше дүркін чемпионы. Біздің жігіттер де ирандық­тардан кем емес. Иә, осы уақытқа дейін Иран командасымен талай рет кездесіп, жеңе алмай келеміз. Сон­дықтан Ираннан есе қайтара­тын уақыт келді. Өте маңызды матч. Командадағы ойыншы­лардың біразымен күнде байланыстамын. Олардың жеңіске жетуге деген ұмтылысы қуантады. Жауапты ойында ұлттық құрама­мызға жеңіс тілеймін, – деді елор­далық клубтың жаттықтырушысы. Әу бастағы көпшіліктің болжамы бойынша Әлем чемпио­натының жартылай финалына Марокко мен Ресейді жарыстан шығарған Бразилия мен Аргентина құрамалары шықты. Енді Иран мен Қазақстан, Португалия мен Испания арасындағы кездесу жартылай финалға жолдама алатын тағы екі құраманы анықтап бермек. Кейін Каунастағы үздік төрттіктің тартысқа толы кездесулерін тамашалаймыз. Оған дейін Азияның 12 дүркін чемпиондары Иран құрамасына қарсы өте­тін супер ойында отандас­тарымызға жанкүйерлік танытып, құрамамыздың жеңіске жетуін тілейміз. Айта кетейік, Қазақстан – Иран матчы 27 қыркүйек күні Каунаста өтеді және Нұр-Сұлтан уақытымен 23.00-де басталады. Ойынды жанкүйерлер тікелей эфирде Qazsport телеарнасынан тамашалай алады.

Абылайхан ЖҰМАШ