Таяуда ғана Үкімет отырысында баяндама жасаған Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев елімізде жалақының өсуі инфляцияға кері әсер ететінін айтты. Бірақ ақшаның құнсыздануын айлықтың өсуімен байланыстырған бас банкирдің пікірі көпшілікке ұнай қоймасы анық. Аймақтарда әр саладағы жұмысшылар «жалақы аз» деп наразы болып жүр. Ендеше Досаевтың пікіріне қатысты қандай байлам жасасақ болады?
Әуелі бас банкирдің сөзін келтірсек. «Жалақының өсуі аясында қызметтердің өзіндік құны индексі 2020 жылдың шілдесінен бастап 49-дан 67-ге дейін өсті. Іскерлік белсенділікті қалпына келтіру және еңбекақы төлеудің жоғары үлесін (50%) ескере отырып, жалақының өсуі инфляцияға қосымша қысым жасайды», – деген Досаев. Оның айтуынша, кейбір салада жұмыс орындарының бес ай қатарынан қысқаруы кезінде еңбекақының өскені байқалыпты. Қызметкерлер барынша қолайлы еңбек жағдайын, жоғары еңбекақы іздестіріп, табысы жоғары жұмыс қарастырып жүр. Осы айда азық-түлік инфляциясы 11,5 пайыздан 11,3 пайызға дейін төмендеген. Керісінше, азық-түлікке жатпайтын инфляция 7,5 пайыздан 7,8 пайызға дейін, ақылы көрсетілетін қызмет инфляциясы 6,8-ден 6,9 пайызға дейін артыпты. Қош, біз бұл тұста экономистерден осы мәселеге қатысты не айтатынын сұрап көрдік. Енді сала мамандарының пікіріне көз жүгіртсек. Бауыржан ЫСҚАҚОВ, экономист:Жалақының инфляцияға қатысы жоқ
– Досаевтың пікіріне қарсы айтар 1-2 уәжім бар. Жалақының өсуі инфляцияға тікелей әсерін тигізбейді. Ең бірінші кезекте инфляцияның жоғарылауына, ақшаның құнсыздануына әсер ететін мемлекеттен берілетін қаражаттың толық игерілмеуі. Әр мемлекеттік орган жылдық бюджетін жоспарлағанда Есеп комитеті қаншама ақшаның игерілмегенін анықтап жатады. Яғни, мемлекет ол қаражатты босатып, нарыққа шығарады. Соңғы өніміне дейін жетпегендіктен, оған бір зауыт не мектеп салынбаған соң ақша ауада қалып қояды. Бұл әсерін тигізбей қоймайды. Өткен ғасырдың 70-жылдары АҚШ-та үлкен инфляция болған кезде әскери шығындардың жоғарылауынан мұнай мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жетіспеуіне, инфляцияға алып келген. Сол сияқты түсінік бізде де қалыптасып жатыр. Себептері баршылық. Ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс тым жоғарылады. Бірақ ол өнімдер дефицитте. Жалақының өсуі инфляцияға алып келді деуге болмайды. Оның алдын алу үшін теңгенің айналым кеңістігін кеңейту қажет. Яғни, теңгемен алынатын отандық тауарлар көбеюі тиіс. Отандық кәсіпорындардан ұлттық валютамен сатып алатын болсақ, теңгенің құны артады. Ал бізде сырттан келетін тауарлар басқа валютамен келгендіктен, сатып алу қабілетіміз төмендеді. Осындай факторлар бар. Ал жалақының тікелей инфляцияға қатысы жоқ. Мақсат ХАЛЫҚ, экономист:Досаевтың сөзіне жол болсын
– Бірден айтайын, Досаевтың «жалақының өсіп жатқанынан инфляция болды» дегеніне жол болсын. Шыны сол, халықтың жалақысы әлі өсіп болған жоқ. Иә, Президент мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын өсіру бойынша тапсырма берді. Бірақ қараңыз, мұғалімдердің жалақысын өсіру бойынша өткен жылы қыркүйекте тапсырма жүктеген. Ал ол тапсырма енді ғана орындалып жатыр. Биыл 1 қазаннан кейін ғана оқытушы, мұғалім азаматтардың айлығы өсті. Сонда 1 жылдан кейін ғана артып отыр. Инфляция қарқынды сипат алып, өткен жылы-ақ басталып кеткен. Биыл тіптен ұлғайып жатыр. Жалақы да әсерін тигізеді, бірақ қазіргі инфляцияға бұл фактор әсер еткен жоқ. Инфляцияға әсер еткен импорттық фактор. Сырттан келетін тауарлар қымбат. Ал енді ішкі жағдайда азық-түлік қымбаттауына әсер етіп жатқан факторлар көп, әртүрлі. Біріншіден, дизель отынының қымбаттауы. Тапшылық қолдан жасалып отыр. Өйткені Энергетика министрлігінің есебіне қарасақ, өткен жылы өндірілген дизель көлемі биыл да өндірілген. Тек қана АЗС, жанар-жағармай пунктілеріне кешіктіріліп жеткізілді. Уақытынан кешіккен соң тапшылық басталды. Нәтижесінде, шаруалар қиын жағдайға тап болды. Міне, қазір ұнның бағасы қымбаттағанын көрдік. Нан да қымбаттайды. Біраз дүниелер де соның кебін кешпек. Сондықтан да мен Досаевтың сөзіне жол болсын дедім. Екіншіден, белгілі бір дәрежеде ақша массасын реттеумен жұмыс істей берсін, бұл жерде Үкіметтің де жауапкершілігі бар. Бізге импорттық тауарлардың орнын алмастыратын өндіріс керек. Өзімізде бар өндіріс түрлерін дұрыс жолға қою қажет. Егер олардың ішкі нарықты қамтамасыз етуге қуаты жетпей жатса, сол өндіріс қуатын арттыру бойынша нақты жұмыс істелуі тиіс. Сол кезде ғана елімізде инфляция белгілі бір дәрежеде тұрақталатын болады. Мақсат СЕРӘЛІ, экономист-сарапшы:Қымбатшылық жалғаса береді
– Негізі, біздегі қымбатшылық металл, құрылыс тауарларының қымбаттауынан басталған. Металл биржамен белгіленетіндіктен, бірден 68 пайызға өсті. Одан кейін жанармай бағасы қымбаттады. Сосын коммуналдық қызметтердің бағасы өсті. Осының барлығы тізбектелген реакция ретінде бір-біріне әсер етті де жаппай қымбатшылыққа ұласты. 3 жыл қатарынан қымбатшылық динамикасы байқалып келеді, яғни баға, өкінішке қарай төмендемейді, бұдан әрі көтеріле береді. Инфляция осылай болды. Оны мемлекет те қадағалай алмайды. Өйткені бұл нарықтық экономиканың талаптары, оған тек көнуіміз керек. Тауарлардың қымбаттауына әсер етіп отырған негізгі фактор – Ұлттық банктің 5 триллион ақшаны айналымға шығарғаны. Айналымға артық ақша шыққаннан кейін, әрине ол құнсызданады. Оған қоса, биыл бізде көктем кеш шықты. Ауыл шаруашылығы өнімдері нарыққа шығып үлгерген жоқ. Сондықтан ауыл шаруашылығы өнімдерін шетелдерден алдық, мұндай жағдайда баға өсетіні онсыз да белгілі еді. Осындай фактордың барлығы қымбатшылыққа алып келді. Қазір кейбір өнімдерге шекті баға қойды, дегенмен тауар дүкенге қымбат бағада келеді. Мысалы, тауар 450 теңгеге келетін болса, Үкімет оны 300 теңгеге сат деп айта алмайды. Мемлекет қазір бағаны екі тәсілмен қадағалауға тырысқан, бірақ нәтиже беріп отырған жоқ. Біріншісі – 6 пайызбен несие беру. Бірақ оған кәсіпкерлер аса мұқтаж емес. Екіншісі – төмендетілген әлеуметтік дүкендер. Біріншіден, оның саны аз, екіншіден, ішкі нарықты қамтамасыз ете алмайды, үшіншіден ауылдарда, елді мекендерде мүлде жоқ деуге болады. Сондықтан да нарықтағы бағаға әсерін тигізе алмай, нәтижесіз болып отыр. Қымбатшылық деңгейінің өскені сонша – қазір халық жалақының 90-95 пайызын азық-түлікке жұмсайтын болған. Бұл – жақсы құбылыс емес. Бұлай кете берсе, кедейшілік кең етек алып, Үкіметке, билікке деген халықтың наразылығына ұласады. Сондықтан да Үкімет тиімді құралдарды қолдануы керек. Отандық өндіріс орындарының санын көбейткен жөн. Оларға тікелей көмек берілуі керек. Жалпы айтқанда, жалпы ішкі өнімдегі отандық өнімдердің үлесін көбейтіп, кем дегенде 50 пайыздан асыруымыз керек. Сонда ғана экономикалық қауіпсіздік орнайды. Олай болмаса, ақшалай болсын, басқа бірреттік көмек болсын, бәрі уақытша құбылыс.Мадияр ТӨЛЕУ