Шаруалар малы аштан қырыла ма?
Шаруалар малы аштан қырыла ма?

Қыс қыр астында. Ал түркістандық малшылар суып келе жатқан әрбір күнді үреймен күтіп отыр. Себебі биылғы қуаңшылық Сарыағаш ауданының мал шаруашылығымен күн көретін біраз ауылын тұралатып тастады.

Жұт жеті ағайынды деген рас болғаны ма?

Әсіресе, Әлімтау ауылының тұрғын­да­ры биылғы қуаңшылықты бұл да бір жұт деп есептейді. «Жұт жеті ағайынды» де­ген­дей, жуырда болған шаңды боран шық­па жаным шықпамен отырған мал­шы­ларды одан сайын тығырыққа тіреген. Түркістан облысының біраз аумағында 4 қараша күні кешке басталған шаңды бораннан жол көрінбей, трассада көлік кептелісі пайда болып, жолда қалғандар көп болған. Құтқарушылар келіп, жолау­шыларды тұратын жерлеріне жеткізген жағдай болған еді. Қазгидрометтің хабар­лауынша, осы күні шығыстан соққан жел­дің күші облыстың солтүстігінде, ба­ты­сында, тау және тау бөктерлі аудан­да­рын­да 15-20 м/с, 5 қарашада таулы аудан­дарда 23-28 м/с-қа дейін жеткен. Өңірде бұрын-соңды кезікпеген осын­дай жойқын шаңды боран талай малдың ықтап жоғалып кетуіне себеп болды. Тіпті, малын айдап келе жатқан шопандардың өзі жол таппай адасып кетіп, ертесіне табылып жатты. «Кешегі шаңды дауылда айналада түк көрінбей қалды. Қайта біз ол кезде малды ертерек қораға кіргізіп алған едік. Көп адамның малы ығып, сонау Бірлік ауылына дейін кетіп қалған. Ерте­сіне күндіз тағы да күшейді. Қойшылар адасып әбден әбігерге түсті. Жердегі он­ша-мұнша қылтиған шөпті түгелімен ұшы­рып әкетті. Бұл малшыларға жығыл­ған үстіне жұдырық болды», –дейді ТАШ шаруа қожалығының төрағасы Алмасбек Мәлі­ков. Ал мал шаруашылығын кәсіп еткен тағы бір шаруа Қуаныш Қосмырзаев жер­дің қыртысын түгел көшіріп әкеткен бұл дауылдың салдарынан мал қаталап өлетін болды деп қорқып отыр. «Шөпті та­мырымен жел суырып кетті. Боран шөп­ті сай-сайға апарып тастады, оның үстін құм басып қалды. Енді жерден қара тап­паған мал құм арасындағы қылтиған шөп­ке бас сұқса қаталап өледі. Себебі шөпті емес құмды жейді ғой», – деп шырылдайды ол.

Биылғыдай қуаңшылық бұрын-соңды болмаған

Биыл малшы ауыл әбден қиналып отыр. Әлімтау ауылының тұрғындары түгелге жуық атасынан қалған кәсіп төрт түлік малды өсірумен күн көреді. Ата­кә­сіпке адал әлімтаулықтар орталықтан шалғай, 120 шақырымдай аумақтағы жазық далада жазы ыстық, қысы суық аймаққа мойынұсынған. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан төрт түлік малдан нәпақасын айырып, жайма-шуақ өмір сүріп отыр еді. Алайда биыл, елге жұт секілді қуаңшылық келді. «Көзімді аш­қаннан мал бағумен айналысып келеміз. Әке-шешемнен қалған кәсіп – бұл. Бірақ дәл биылғыдай қиындықты көрген емес­піз», – дейді шаруа Алмасбек Мәліков. Иелігінде 400 қойы, 12 ірі қарасы бар Алмасбек аға биыл қой басына бір түйір де қосылмағанын айтады. Бүгінде мек­тепте мұғалім болып жұмыс істейтін ол отбасылы қойшы ұстайды екен. «Уақ малды көбейтеміз деген мақсатпен осы істі бастаған едік. Онымен биыл ел басына түскен қуаңшылық, керісінше малды азайтуға тура келіп тұр. Биыл төлдің бәрін сатып тастадық. Көктемде жауын жауғанда күн суық болып жерге көк өспеді. Одан кейін күн ысып кетті. Сонымен, жайылым жеріміз көк шықпаған күйі бос қалды. Жоңышқаны 1 500-ден, шөпті 1 000-1 500-ден алдық. Жантақ 700 теңгеден. Жем­нің келісін 110 теңгеден түсірдік. Есе­біне жете беріңіз. Орта есеппен 1 миллион теңгеге шөп, 1 млн 100 мың теңгеге 10 тон­на жем алып отырмын. Мұның өзімен қыстан шыға алмаймыз-ау деген қаупім бар. Қыстың қандай боларын білмейміз әлі», – деп уайымдайды шаруа. Ауылда былтыр да шөп тапшы болған екен. Бірақ ол кезде дым болмаса жайы­лым жерде шөп болған. Қалың қысқа дейін мал жайылыммен күн көріп, шөпті желтоқсан айынан бастап бере бастаған. Былтыр дес­тесін 500-600 теңгеден алған шөп жетіп ар­тылыпты. Биыл тіпті қиын. Жайылым да жоқ, шөп те қымбат. «Қазір жерге ине тас­тасаңыз, ине тауып аласыз ғой. Жер қара болып қалған. Биылғы қуаңшылықты көріп, төлдің бәрін сатып жібердік. Сосын қойдың ішіндегі кәрісін, арығын, қыстан шықпайды-ау дегендерін азын-аулақ тиын-тебенге саттық. Енді қайтеміз, көз алдымызда сұлап жатқанша тиын болсын дедік. Қазір малдың бағасы да түсіп кеткен. Алыпсатарлардың дәурені жүріп тұр», – дейді шаруа қожалық иесі. Алмасбек аға­ның тағы бір шағымы «ауыл­да бірен-саран бидай егетіндер, жайылым жері барлар жеріне экскаватор әкеліп шұңқырлар қазып қоршау жасайды екен. Ондағысы егінге мал түспесін деп қорғану. Алайда малдың аты мал емес пе, жайы­лымға өтем деп талайы шұңқырға түсіп өлген. Себебі малда шұңқырға түсіп кете­мін дейтін ми болмайды. Шұңқыр қаз­ғанша одан да биік қоршау салсын», – дейді. Бұл мәселе Үкімет тарапынан да қозғалып, шұңқыр­ларды бекіту туралы тапсырма да келіпті. Алайда тырп еткен қозғалыс байқалмайды.

30 шақты ұсақ мал аштан өлген

Ауылдағы барлық шопаннан күй кет­кен. Малға қолдан жемшөп беріп баста­ға­нына бір айдан аса уақыт болып қалып­ты. «Алда 4 ай қыс бар. Алдағы күніміз не болады деген уайым басым. Мал басын 1 500-ге дейін көбейткен едім. Қазір қолда 700-дейі ғана қалды. Сатқанынша саттық. Аштан өліп жатқандары да бар. 30 шақты уақ мал, 5-6 жылқы аштан қы­рылып қал­ды. Сатайын десең арық малды ешкім алмайды. Базарға апарып тұрып-тұрып қайтып келеміз. 3 000 десте шөп алдым. Күніне 20 бумадан беріп жатыр­мын. Ол не болады? Далаға шығарғанмен ай­налып-айналып қайтып келеді, жерде түк жоқ. Әлі алда қақаған суық бар. Са­тылатын шөп те, оны ала қоятын қаржы да жоқ. 500 теңгеден сағыз сияқты шай­наңдап тұра беретін салпағар әкеліп жатыр. Мал оны жесе өледі ғой, құнары жоқ», – деп жан­ай­қайын жеткізді Қуа­ныш Қосмырзаев. «9 баланы өсіріп отырған көпбалалы отбасы 20 жылға жуық малдан нәпақасын тауып отырған екен. Биыл ел басына түс­кен ауыртпашылықтың соңы қалай бо­ларын білмей уайым кешіп отыр. Мем­лекеттен берілетін субсидияға да іліне ал­майды екен. Себебі талап бойынша қо­расы болуы тиіс. Жақында ауыл әкімді­гінен келген мамандар жеңілдетілген несие беру жағын қарастырып жатқанын айтыпты. Шопан несиені ай сайын төлеу­ге мұршасының жоғын, егер мүмкіндік болса 6 айдан кейін барып төлеуді ұйым­дастырып берсе деген өтінішін жеткізіпті. Пайызын да сол кезде қосып берерміз», – дейді ел ағасы. Ал Әлімтау ауыл округінің әкімі За­йыр­бек Маликов қуаңшылықтың мал шаруа­шылығымен айналысатындарға қиын­дығын тигізіп отырғанын жасыр­мады. Несие бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын айтады. «Жерде түк жоқ. Қол­дан жемшөп беріп жатырмыз. Несиені кепілге жылжы­майтын мүлік қойып алуға көп уақыт өтетінін ескеріп, арасында жұмыс істей­тіндері болса жалақысын, зейнетақысын кепілге қойып жеңіл­детілген несие алу жағын қарастырудамыз. Себебі дәл қазір қол жеткізбесек шөп те қымбаттап, күн де суып кетеді. Тіпті, автокөлікті, техниканы қойып несие алу жағын да сөйлесуде­міз», – дейді ауыл әкімі. Ауыл округіне қарасты 4 елді мекенде 55 мың қой, 3 000 сиыр және 2 500 жылқы бар екен. Ауыл әкімінің айтуынша, бүгінде өңірдегі 30 мыңға жуық уақ мал Сырдария өзені бойындағы ұлттық паркке, Көк­сарай су қоймасы төңірегіне көшірілген. Ауылда қалған 10-15 мыңдай қой, 2 000-ға жуық сиыр мен 1 000-нан аса жылқы қолға қа­раған. Қолдан жемшөп берілуде. «Базарда жаппай мал сатылып жатыр деген бос сөз. Базарға апарғанымен арық малды ешкім алмайды. Енді басқа ама­лымыз жоқ. Несиені тездетсек шаруа­лар­дың мал азы­ғын түгендеп қармаққа жар­мақ болар», – дейді ол. Ал мал жайылымына көшуді дұрыс санамай, ауылында қалып кеткен шаруа­ның бірі Алмасбек Мәліков онда да жай-күйдің болмайтынын айтады. Ол үшін бірнеше адаммен бірігу керегі, ағайындар болып бару қажетін айтады. Қалай бол­ғанда да биылғы қуаңшылық әлімтау­лық­тарды тәлтіректетіп тұр. Қыс түспей жатып кө­терем малдар көбейген. Төрт түлік малдың көз алдында теңкиіп сұлап жатқанын көру шаруалардың жанына батып-ақ тұр.

Назгүл НАЗАРБЕК, Түркістан облысы