Белгілі мүсінші Ескен Сергебаевтың «Тәуелсіздік – тұғырым!» атты жеке көрмесі ашылды
Белгілі мүсінші Ескен Сергебаевтың «Тәуелсіздік – тұғырым!» атты жеке көрмесі ашылды
342
оқылды
Қарашаның 11-і күні, Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде белгілі мүсінші, ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері,  Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, профессор – Ескен Сергебаевтың «Тәуелсіздік – тұғырым!» атты жеке көрмесінің ашылуы мен альбом-каталогының тұсаукесері өтті. Салтанатты шара шебердің туғанына 80 жыл толуына және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған. Экспозицияға автордың Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі қорындағы және автордың өзінің әр жылдардағы 70 шығармасы енген. Тәуелсіздікке тарту етілген көрме желтоқсан айының 12-не дейін жалғасады. Мүсіншінің шығармашылық көрмесіне мәдени орталықтардың, білім ордаларының басшылары, көрнекті суретшілер, өнертанушылар және өнер қайраткерлері қатысып, ізгі тілектерін білдірді.
«Ескен Аманжолұлының бүгінгі көрмесінің ашылуы – Қазақстанның мәдени өміріндегі ерекше құбылыс деп айтуға болады. Тәуелсіздікті қола мен граниттен бейнелеп, қазақтың біртуар тұлғалары мен өнер қайраткерлерінің, батырлары мен данышпандарының ескерткішін жасап, мәңгілікке қалдырды. Олардың әрқайсысының тарихы – біздің Тәуелсіздігіміздің тарихымен тікелей байланысты», – деді Т.Қ. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА ректорының уақытша м.а. Шәріпбек Әмірбеков.
Ескен Сергебаев 1978 жылдан бастап Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында академиялық сурет, мүсін кафедрасының меңгерушісі, факультет деканы қызметтерін атқарады. Бүгінгі таңда академияның құрметті профессоры. Осы турасында Ш.Әмірбеков өз сөзінде: «Ұстаздық еткен жалықпас деп, жастарды тәрбиелеуден жалықпаңыз» деген тілегін білдірді. Сондай-ақ, Мәдениет және спорт министрлігі, Мәдениет комитетінің төрағасы Ақан Абдуалиевтің құттықтау хатын табыстады. Келесі сөз кезегі ҚР Көркемсурет академиясының президенті, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, танымал суретші Амандос Ақанаевқа берілді. «Ескен Сергебаев қазақ мәдениетінің бүгінгі дәуірін құрағандардың бірі. Қазақтың бейнелеу өнеріндегі сөзсіз жарқын тұлға. Мерейтой иесінің артында 60 жылдық шығармашылық ғұмыры бар. Ұзағынан болсын!», – деді. Мәдениет пен өнерді дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін  Е.Сергебаевты ҚР Көркемсурет академиясының жоғарғы наградасы – «Ұлы елдің тарандысы» медалімен және дипломымен марапаттады. Мүсінші-зергер Естай Дәубайдың жүзік-мөрін сыйға тартты. Мемлекеттік мұражайдан алынған «Құстұмсық» жүзігі Абылай хан жүзігінің түпнұсқасы болып табылады. Көрме кейіпкері, ең алдымен, монументалды жұмыстарымен танымал. Әбу Насыр әл-Фараби, Абай тұлғасы мен Әуезов бейнесі, Жамбыл ауданындағы Н.Тілендиев, Ақтөбедегі Әбілқайыр хан, Павлодардағы С.Торайғыров, «Дос-Мұқасан» ансамбліне арналған ескерткіштері мен тарихи жанрлық үлгімен жасалған Абылай хан, Қазақстанның халық әртісі, режиссері А.Тоқпанов, халық әртісі Қ.Қуанышбаев, композитор Ә.Бейсеуов мүсіндерінің авторы. Сонымен қатар, І.Жансүгіров, К.Әзірбаев, Д.Қонаев ескерткіш бюсттерімен қатар, академияның алаңындағы Т.Қ. Жүргенов бюсті де Е.Сергебаевқа тиесілі. Бұлар – мүсінші қолтаңбасын әйгілеген төл туындылар. Ескен Сергебаев туралы өнертанушы, философия ғылымының кандитаты Қалдыгүл Оразқұлова өзінің ойын былай білдірді: «Ескен Аманжолұлының шығармашылығында кімдер мүсінделмей қалды деген сұрақты ғана қоюға болады екен?». Иә, Ескен Сергебаевтың шығармашылық қызметі 60-жылдары басталып, бүгінде қайталанбас туындылары әрбір облыста бой көтерген. Олардың қатарында Кеңес Одағының батыры, генерал Сағадат Нұрамағамбетовке арналған бюсті бар. Келер жылы 5 тамызда аталып өтетін Талғат Бигелдиновтің 100 жылдығына орай, ҚР Генералдар Кеңесі естелік медалін шығарып, алғашқысын Ескен Аманжолұлына табыстады. Айшықты шара альбом-каталогтың тұсаукесерімен жалғасты. Тұсаукесер рәсімі мәдениеттанушы, қоғам қайраткері Мұрат Әуезов, ҚР Генералдар Кеңесінің төрағасы Махмұт Төлеғұсов, мүсінші Ғани Рахмановқа тапсырылды. Шара соңында көрме авторы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған көрме – өміріндегі алғашқы жеке көрмесі екенін айтып, келген қонақтарға, замандас-жолдастарына алғысын білдірді.