Жұмысшылар жалақыны өсіруді сұрады
Жұмысшылар жалақыны өсіруді сұрады

Маңғыстау облысы Шетпе ауылында цемент зауытының 200-ге жуық жұмысшысы ереуілге шықты. Олар жалақыны 60 пайызға көтерсін деп 2 күннен бері талап қойып отыр.

Цемент зауытының механик, инженер, электрик, машинист, көлік жүргізуші сияқты 200-ге жуық жұмысшысының талабы –  айлықты 60 пайызға өсіру. Азық-түлік қымбаттап, тіпті өздері өндірген құрылыс материалының құны өссе де, еңбекақы өзгеріссіз қалған. Ал зауыт басшылығы заңгерлер жалақыға қатысты жаңа келісімшарт жасап жатқанын айтады. «Азық-түлік бағасын көрдіңіз­дер. Әсіресе, Маңғыстау облысында қымбат. Күннен-күнге өсіп жатыр. Сол үшін бейбіт митингке шықтық. Қауіпті аймақта жұмыс істейміз. Мына цемент дейтін нәрсе пеште қайнайды, мың  градуста. Таулы аймақтар бар жүк таситын. Жұмыстың қиындығы былай тұрсын, тіпті зияны жоғары жерде жұмыс істегенімізге де жарытып төлемейді», – дейді зауыт жұмысшысы Асылбек Озғанов. Жұмысшылар зауыт басшы­лығына бір жарым ай бұрын хат жазған екен. «Біз Алматыдағы құрылтайшы «Хейделберг цемент» компания­сының басшысына В.Халатқа хат жазғанбыз. Онда да 30-35 пайызға көтеруді талап еттік. Ол талабы­мызға мән берген жоқ. Оның орнына жұмыстан шығарамын сес көрсетті. Үкіметке жалақы 200 мыңнан асады деп есеп береді. Шын мәнінде олай емес. 80 мыңнан басталады, жұмысшы­лардыкі 200 мыңға жетпейді», – дейді зауыт жұмысшысы Самат Айтбаев. Ал зауыт басшылығы қызмет­керлеріне жалақыны көтерудің екі нұсқасын ұсындық дейді. Оның біреуі барлығының айлығына бірдей 48 мың теңге қосу болса, екіншісі 26 мың мен 56 мың ара­лығында көбейту. Біреуін қабыл­дап бір шешімге келген соң, келер жылдың жоспарына қоспақ. «Соның біреуіне тоқталамыз. 2022 жылдың бюджетіне қосымша 150 миллион теңге қарастырдық. Бұл сома еңбекақыны көтеруге бағытталады. Жаңа жылдан бастап жұмысшыларымыз ең аз дегенде 193 мың теңге жалақы алады деп жоспарлап отырмыз», – дейді «Каспий цемент» ЖШС бас директоры Иван Пак. Зауыт басшылығы жалақыны бұдан артық өсіре алмайтынын айтады. Айтуларынша, қазір мекеменің заңгерлері арнайы келісімшарт жасап жатыр. Құжат дайын болған соң, жұмыс беруші мен жұмысшылар оны өзара талқылап, ортақ мәмілеге келуі қажет. Бірақ жаңа ереже 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енбек.

М.ХАҚНАЗАР