Еліміз Тәуелсіздік алған шақта балабақшалардың дені жекеге өтіп, бүлдіршіндер мектеп табалдырығын аттағанша уақытын үйде өткізетін еді. Тіпті, білім ошақтарында оқулықтар тапшылығы болып, 2-3 оқушы бір кітапты пайдалануға мәжбүр болатын. Тәуелсіз елдің білім жүйесі көпке дейін кеңестік жүйенің соқпағымен жүрді. Мектептер 3 ауысымдық уақытпен жұмыс істеп, тар әрі салқын сынып сол кездегі ұстаздар мен оқушылардың есінен шыға қоймаған болар...
Ал қазір жас ұрпақтың білім алуына барлық мүмкіндік бар. Бұрынғы балабақша кезегінде тұрған балалардың кезегін күткен күйі мектептен бірақ шығатын заманы келмеске кетті. Оқушылар қалаған мектебінен білім ала алады. Сөзіміздің дәлелі ретінде Сыр өңіріндегі мектепке дейінгі балаларды балабақшамен қамту жоспары 2015 жылдың өзінде орындалғанын айта кеткен жөн. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Балапан» бағдарламасы аясында Қызылорда облысы республика бойынша ең алғаш болып 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды 100 пайыз бөбекжаймен қамтыды. Мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында жоғарыда аталған аймақ жекеменшік балабақшалардың үлесін жыл сайын арттырып, бүгінде мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің 72 пайызын құрады. Жалпы, облыста Тәуелсіздік алғаннан бері бүгінгі күнге дейін 414 жеке балабақша ашылған. Сонымен қатар Қызылорда облысында тәуелсіздік алған жылдан бастап осы кезеңге дейін жаңа 164 мектеп ғимараты пайдалануға берілген. Оның ішінде 24 жаңа мектеп ашылған. Нәтижесінде, 36 апатты және 7 үш ауысымда оқитын мектептердің мәселесі шешімін тапты. Қазір білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы да нығайып келеді. Облыстағы мектептердің 65 пайызы жаңа модификациялық физика, химия, биология кабинеттерімен жабдықталған. Сондай-ақ 124 мектеп робототехника кабинеттерімен жарақтандырылыпты. Барлық мектептің компьютерлік паркі 100 пайыз жаңартылған және интернет желісіне қосылған көрінеді. Халқымыздың жиі айтатын «жетімін жылатпаған ел» сөзі осы Сыр өңіріне арналғандай. Өңірде 2015 жылы жетімдер үйі жабылды. Оның орнына 80 орындық отбасы үлгісіндегі «Атамекен» балалар ауылы жұмыс істейді. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар осында қамқоршысымен бір отбасымен өмір кешеді. Әлемге әйгілі ғарыш айлағы Ресей мемлекетіне жалға берілгелі бері Байқоңыр қаласындағы оқушылар көрші елдің білім бағдарламасы бойынша білім алып келген болатын. Сол кезде ондағы балалар «мемлекетіміз – Ресей, астанамыз – Мәскеу» дейтін ұстанымда еді. Үкіметаралық келісімнің негізінде 2015 жылы Байқоңыр қаласында 6 мектеп және 1 балабақша ҚР стандарты бойынша білім беру үдерісіне көшті. Сонымен қатар 2015 жылы «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ мен Қызылорда облысы әкімдігі арасында өзара әріптестік жөнінде меморандум жасалды. Осы меморандум аясында облыста Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі таратылатын 46 инновациялық мектеп ашылды. Бүгінде Қызылорда облысының білім беру саласындағы тың жобалары көпке үлгі ретінде ұсыныла бастағанын айта кеткен жөн. Мәселен, 2015 жылдан бастап БҰҰ «ЮНИСЕФ» балалар қорымен бірлесіп «Кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтер превенциясы» пилоттық жобасы енгізіліп, Қызылорда облысының үздік тәжірибесі халықаралық дәрежеде таратылды. Республикалық «Үздік педагог» конкурсының қорытындысы бойынша 2013 жылдан бастап 2020 жылға дейін облыстың 19 педагогіне «Үздік педагог» атағы берілді. Ұстаздардың осы жетістікке жетуіне 2016 жылдан бастап мектептер кезең-кезеңімен жаңартылған білім беру мазмұнына көшуі оң әсер еткен болса керек-ті. Аймақтағы педагогтердің 98 пайызы жаңа бағдарлама бойынша курстан өткен. Өңірдегі мектептердің жұмысын арттыру бағытында жергілікті бюджет есебінен соңғы 8 жыл ішінде «Үздік орта білім беретін ұйым» гранттық жобасы жүзеге асырылып келеді. Осыған дейін ынталандыру мақсатында бөлінген грант көлемі 17 млн теңгеге жетті. Сыр өңірінің ұстаздары «жас ұрпаққа жасалған қолдау – болашаққа салынған инвестиция» деген ұстанымды берік ұстанған. Өңірде талантты және дарынды жастарды қолдау мақсатында Қызылорда облысының Білім басқармасының «Дарын» қосымша білім беру орталығында облыстық, республикалық, халықаралық байқаулар мен конкурстар жеңімпаздарының «Сыр дарыны білімділер академиясы» жұмыс істейді. Дарынды балалар академияда әр оқу тоқсаны арасындағы демалыс уақытында үш кезең бойынша білімдерін одан әрі шыңдап, математика, физика, химия, биология, информатика пәндерінен озат ұстаздардан 2 тілде дайындық жұмыстарына қатысады. Өткен жылы пандемия жағдайында да қызылордалық мұғалімдер білім беруді тоқтатпай, тығырықтан шығар жол таба білді. Жаңа «Онлайн жаз» жобасы аясында балалардың жазғы демалысын қашықтан ұйымдастыру бағытында Instagram әлеуметтік желісінде Online_vacation_qzo парақшасын ашып, балаларға жазғы демалысты тиімді өткізу жобасын іске асырды. Жобаны балалардың жазғы демалысының тиімді және оңтайлы ұйымдастыру бойынша ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мақұлдап, еліміздің өзге аймақтарына тәжірибе ретінде таратылды. Осының арқасында 2021 жылы республикалық «Ұлттық мектеп лигасы» аясында жарыс түрлері бойынша облыс құрамасы І орын иеленді. Жоғарыда жүйелі жұмыстардың жүзеге асуының арқасында соңғы 10 жылда халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба конкурсында 500-ге жуық оқушы жүлделі орындарды жеңіп алған. Еліміз тәуелсіздігін алған 1991 жылдан бері кәсіптік білім беру саласы бойынша қабылданған білім туралы заңның, мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде кәсіптік білім беру саласына модернизациялау жұмыстары жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, 2017 жылдан бастап жастардың жұмысшы кәсіптерін тегін алуына мүмкіндік беретін «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім», «Мәңгілік ел жастары-индустрияға» «Серпін-2050», «Еңбек», «Жас маман» бағдарламалары сәтті іске асуда. Атап айтқанда, 2015-2021 жылдар аралығында Қазақстанның үздік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының қатарына облыстан 7 колледж енді. Жас ұрпаққа тек білім беріп қана қоймай, оларды еңбекке баулу да білім жүйесінің бір тармағына айналды. Осы мақсатта аймақта «Жасыл мектеп» жобасы іске асады. Қазір 13 мектепте жылыжай бар. Оның 5-еуі Қызылорда қаласында, 3-еуі Арал, 1-еуі Қазалы, 1-еуі Шиелі ауданы, 1-еуі Сырдария, 1-еуі Қармақшы, 1-еуі Жаңақорған ауданында орналасқан. Оқушылар мен ұстаздар жылыжайда өнімдерді баптап, түрлі көкөніс өнімін өндіруге ниетті. Жұмысты жандандыру үшін мектеп оқушылары ғылыми бағытта түрлі идеяны тәжірибеге енгізіп көруді бастап кетті.Ерқанат СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы