Еліміздегі болжанып отырған энергоахуалға және жаңа жылдан бастап күшіне енетін салықтық өзгерістерге байланысты Үкімет майнинг өндірісіндегі тәртіпті реттеуге кірісті. Өйткені елімізде көптеп ашылып жатқан майнинг фермалардың басым бөлігі өз қызметін басқа кәсіп түрімен бүркемелеуге тырысады. Егер олар өз қызметін заңдастырмайтын болса, электр энергиясынан ажыратылмақ. Бұл туралы Энергетика министрлігінің қазан айынан бері жұртшылықтың талқылауына ұсынылған бұйрығының жобасында айтылған.
Басты мақсат – энергетикалық қауіпсіздік
Осы мақсатта Энергетика министрлігі Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді және цифрлық майнингпен айналысатын тұлғаларға арналған талаптар мен критерийлерді нақтылауды сұрап отыр. Бұл туралы Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстандық блокчейн-технологиялар қауымдастығының, Блокчейн және дата-орталықтар мен технологиялар индустриясы қауымдастығының, ЦДИАӨМ және KEGOC өкілдері қатысқан жиында мәлімдеді. Министр майнерлердің дата-орталықтары еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне ешқандай да нұқсан келтірмеуі керек деп санайды. «Блокчейн-индустриясының потенциалы өте зор екенін ескере отырып, біз күшімізді оны одан ары қарай дамытуға жұмылдыруымыз қажет. Мен диалогті жақтаймын. Сондықтан да мұнда жиналғандарды еліміздің біртұтас элекр энергиясы жүйесінің қауіпсіздігін және сенімділігін қамтамасыз етуге шақырамын. Цифрлық майнинг дегеніміз – өзге де салалардағы сияқты дербес бизнес субъектісі. Сондықтан да оның қызметі заң бойынша қолдауға да, қудалауға да жатады. Мұнда ешқандай дискриминацияға жол берілмек емес», – деді Мағзұм Мырзағалиев. Министрлік өкілдерінің айтуынша, бүгінде электр энергиясын тұтыну көлемі елімізде қатты өсіп кеткен. Мәселен, бұған дейін бұл көрсеткіш жыл сайын әрі кетсе 2%-ды құрайтын болса, биыл 10 айда ол аномальды өсім көрсетіп, 8%-дан бір-ақ шыққан. Бұл жерде 1 000-1 200 мегаВатт туралы сөз болып отыр. «Мәселен, ондай электроэнергияны өндіру үшін кемінде 5 жыл керек немесе 1-1,5 млрд доллар қаржы қажет. Бұл қарайған шығын. Ал бұлай жалғаса беретін болса, ерте ме, кеш пе елімізде электр энергиясының тапшылығы пайда болуы мүмкін. Әзірге ондай тапшылық жоқ. Қазақстанның энергетикалық жүйесі тұрақты жұмыс істеп тұр. Сондықтан да энергоқауіпсіздік бірінші орында болуы тиіс», – деді Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген Энергетика бірінші вице-министрі Мұрат Жүребеков. Вице-министрдің айтуынша, елімізде заң бойынша техникалық шарт алып, параметрлерге сәйкес рәсімделіп, ресми тіркеліп жұмыс істеп жатқан 50-ге жуық майнинг дата-орталықтары бар екен. Оларға қояр кінә жоқ. Мәселе ай сайын көбейіп бара жатқан «сұр» майнерлерде. Заңды айналып өтіп, қызметін бүркемелейін мұндай «көлеңкелі» субъектілер негізінен Қытайдан қашқан фермалар.«Ақ» майнерлер зардап шекпеуі тиіс
Желіде ашық талқыға түсіп жатқан Энергетика министрлігі бұйрығының жобасында «ақ» майнерлерді қапаландырып отырғаны – олардың электр қондырғыларының тұтыну көлеміне 2 жылға 100 мегаВаттық лимит қою идеясы. Мұнымен келіспеген олар заң жобасына өздерінің өзгерісін ұсынды. «Лимит қою – мәселенің шешімі емес. Өйткені «көлеңкеде» жүрген заңсыз майнерлердің өзі жылына 300 мегаВатт тұтынады. Сондықтан негізгі кәсіп түрімен бүркемеленіп Bitcoin өндірумен де ұрланып айналысатын «сұр» майнерлердің кесірінен «ақ» майнерлер зардап шекпеуі тиіс. Ол үшін қалалардың, ірі елді мекендердің маңында майнинг фермаларын ашуға тыйым салу керек. Өйткені олар міндетті түрде аймақтық ішкі электр желілеріне қосылады. Одан соң электр өндіретін кәсіпорындарға өз қажеттіліктері үшін алып қалатын энергияны цифрлық майнингке жұмсауға нақты тыйым салатын уақыт жетті. Тағы бір ұсынысымыз – кәсіби қызметі басқа кәсіпорындардың аумағына цифрлық майнинг орнатуға тыйым салу қажет. Майнинг дербес кәсіп түрі болып бекітіліп, мемлекет онымен қосымша айналысуға рұқсат етпеуі тиіс. Өйткені зауыт аумағында тұрған мұндай фермалар оның коммуналдық ресурстарына ортақтасады да, оның шығыны түптеп келгенде зауыттың шығаратын өнімінің өзіндік құнына мінеді. Бұл тек еліміздің энергетика саласына емес, қазақстандық тауарлардың бәсекелестік қабілетіне, ал түптеп келгенде экономикаға зиянын тигізеді», – дейді Блокчейн және дата-орталықтар мен технологиялар индустриясы қауымдастығының төрағасы Алан Дорджиев. Бүгінде бұл қауымдастыққа еліміздің индустриалды-цифрлық майнинг нарығының 70%-ын құрайтын ірі компаниялар кіреді. Олар еліміздің энергетика секторына сараптама жасап, бұл ұсыныстардың майнингке жұмсалатын электр энергиясын 35%-дан астам үнемдеуге, яғни 300 мегаВатт токты сақтап қалуға болатынын айтып отыр. Сондай-ақ қауымдастық өкілдері тұтыну артқан сағаттарда электр энергиясын сырттан сатып алуды ұсынады. Бұл веерлік сөндірулерді болдырмауға, сол арқылы майнинг фермаларына қажетті токты шектемеуге және жаңадан ферма ашамын немесе фермасын кеңейтемін деушілерге мүмкіндік бермек.Бюджетке қосымша 650 млн теңге салық түседі
«Импорт тартудан ішкі тарату желілерін транзиттік пайдаланғаны үшін мемлекеттік бюджетке 1,2 млрд теңге көлемінде ай сайын кіріс түспек. Ал 2022 жылдан бастап майнинг өндірісіне 1 киловат/сағат үшін салынатын 1 теңге салық ел қазынасына айына тағы да қосымша 650 млн теңге құймақ. Бүгінде «көлеңкелі майнингтің көзін құрту үшін мемлекет пен заңды майнерлер арасында тығыз байланыс орнауы қажет. Сол мақсатта біз «ақ» майнерлердің ресми тізілімін енгізу қажеттігін бірнеше рет көтердік. Сонда осы саланы қадағалап отыру өте жеңіл болады», – деп түйіндеді Алан Дорджиев. Мамандар жыл сайын блокчейн-технологиялар индустриясынан мемлекет бюджетіне 127,5 млрд теңгеден астам кіріс түсетінін айтып отыр. Сондықтан да бұл ақпараттық өнеркәсіпті дамыту үшін алдағы бес жыл ішінде салаға 500 миллиард теңге көлемінде инвестиция тарту көзделуде. Энергетика министрімен өткен жиын қорытындысында Бірлескен хаттамаға қол қойылды. Соған сәйкес тараптар еліміздің Біртұтас электр энергетикалық жүйесінде электр энергиясы мен қуатының тапшылығы туындаған кезде халыққа және әлеуметтік объектілерге арналған электр энергиясын шектеуге жол бермеу туралы, теңгерімдеуші нарықты (demand-response) іске қосу туралы заңнамалық актіні қарауды және қабылдауды жеделдету туралы, электр энергиясын сатып алуға кепілдік бере отырып, «ақ» майнерлерге қатысты (off-take келісімшарттары) Қаржы-есеп айырысу орталығы арқылы жаңа ірі ЖЭК жобаларын дамыту үшін инвестициялар тарту туралы келісті.Нұрлан ҚОСАЙ