Ұлттық санақ – ұлт тағдырының айнасы
Ұлттық санақ – ұлт тағдырының айнасы
1,112
оқылды

Қазақстан тәуелсіздік алғалы халқымызға қатысты көп­теген өзгеріс болды. Ол өзгерістер жалпыұлттық санақ нә­ти­желерінде көрініс береді. Одан, мысалы қоғамымыз­дағы құрылымдық жаңғыруларды, елдегі демографиялық ахуалды, қазақстандықтардың тұрмысы мен әлеуметтік жағдайын білуге болады. Енді ғалымдар азаттық жыл­дарындағы үшінші халық санағының қорытындыларын асы­ға күтіп отыр. Үкімет оны басшылыққа алып, жаңа жоба-бағдарлама әзірлеуге ниетті.

Құрдымнан көтерілу кезеңі

Тәуелсіз Қазақстан тарихын­дағы 1999 жылғы тұңғыш ұлттық са­нақ сол кездегі аса қолайсыз әлеуметтік-экономикалық және демографиялық ахуалдан хабар берді: азаматтар жүздеген мыңдық алапат лекпен шетелге ауа көшіп жатты. Өлім-жітімнің артуы, туу көрсеткіштерінің құлдырау салда­рынан да қазақстандықтар саны күрт кеміген. Өзге секторлар қа­тарлы денсаулық сақтау саласының тоқырауы кесірінен ауру көбейіп, халық қатарын сиретуге ол да «үлес қосты». 90-жылдардағы осы үрейлі жағдайды 1999 жылғы 25 ақпан және 4 наурыз аралығында өткен бүкілхалықтық санақ еш әсіре­леусіз, ашық тіркеді. Оның қорытындысында Қа­зақ­станда небәрі 14 млн 953,1 мың адам қалғаны белгілі болды. Яғни, 10 жылда 1 млн 246,1 мың адамға азайды. Өйткені 1989 жылғы бүкіл­одақтық санақ дерегінше, респуб­ликамызда тұрақты тұратындар 16 млн 464,4 мың, ал уақытша тұ­рып, жұмыс істейтіндерді қосқанда 16 млн 536,5 мың адам өмір сүрген. Тұңғыш санақ маңызды бір жайтты байқатты: елдің-жердің иесі саналатын тұрғылықты ұлт­тың үлесі 1989 жылғы 39,7%-дан 1999 жылы 53,4%-ға дейін артты. 90-жылдары 150 мыңнан астам қандас атажұртқа оралды. Елдегі саны ең көп ұлттар – қа­зақтар (8 млн) және орыстар (4,4 млн) екені айтылды. Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында елдегі қазақтардың үлесі 53,4% ғана, ал орыстар – 29,9% (1989 жылы – 37,8%) болды. Үшінші орынға украин­дар (3,6%) орналасты. Өзбектер – 2,5% (2%). Ал немістер саны 3 есеге азайған. Бұл ретте бір тарихи шешімнің демографияға мультипликативтік әсері мәлім болды. Атап айтқанда, 1994 жылғы 6 шілдеде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың ұсынуымен Жоғарғы Кеңес, яғни ел Парламенті Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы қаулы бекіткен еді. 1997 жылы Н.Назарбаев бас қала­ны ауыстыру туралы түпкілікті шешім қабылдап, бұл идеяны жү­зеге асыруға қызу кірісті. Осының арқасында Ақмола қаласындағы қазақтар үлесі 1989 жылғы 17,7%-дан 1999 жылы 41,3%-ға дейін өсіп шыға келген. Қазақтар еліміздің әр өңірінен мемлекетіміздің жаңа орталығына ағылды.

Еңсе тіктеп, елдік нығайған шақ

Арада 10 жыл өткенде, 2009 жылғы 25 ақпан мен 6 наурыз ара­лығында егемендік тарихындағы екінші санақ ұйымдастырылды. Ол Қазақстан халқының өсуіне басты екі фактор да – табиғи өсім мен көші-қонның оң салдосы да оң ықпал етіп отырғанын паш етті. Осылайша, республикада ХХ ға­сырдың соңында оқиғалардың өр­бу барысын айқындаған демо­графиялық үрдістердің енді елеулі түрде өзгергенін, ХХІ ғасырда ел дамуының жаңа трендтері қалып­таса бастағанын көрсетті. 2009 жылғы санақ қорытындысында қазақстандықтардың саны қай­тадан 16 миллиондық межені ба­ғындырып, 16 млн 9,6 мың адамға жетіпті: 10 жыл ішінде халық саны 1 млн 28,3 мың адамға көбейген. Жалпы, соңғы 50 жыл, жарты ға­сыр ішінде қазақстандықтар саны 6,7 миллионға өсіпті. Қатары қалың ұлт өкілдері ретінде қазақтар (10,1 миллион) және орыстар (3,8 млн) аталды. Қазақтардың үлесі 1999 жылғы 53,4%-дан 2009 жылы 63,1%-ға де­йін өсті. Орыстардың үлесі 29,9%-дан 23,7%-ға дейін (4 млн 481,1 мыңнан 3 млн 793,8 мыңға дейін) құлдырады. Үштікке өзбек­тер кірді: үлесі 1999 жылғы 2,5 па­йыздан (370,8 мың адамнан) 2009 жылы 2,9 пайызға (457 мыңға) ұлғайды. Елде кезінде орыстардан кейінгі ірі диаспора саналған украин­дар үлесі 3,6 пайыздан (547,1 мыңнан) 2,1 пайызға (333 мың адамға) дейін кеміді. Өзге этностардың үлесі 1,5 пайызға да жетпеген. Ел тарихындағы екінші санақ­тың ғалымдар мен сарапшыларды қайран қалдырған бір нәтижесі – қала тұрғындары үлесінің 56,4%-дан 54,1%-ға дейін күрт кемуі, ал ауылдықтар үлесінің 10 жыл бұ­рынғы 43,6%-дан енді 45,9%-ға де­йін ұлғаюы болды. Зерттеу­ші­лердің байламынша, адамдар ежелден ұлттың асыраушысы болған ауылға бет бұрса керек. Алдыңғы санақтан бері ауыл­дықтар саны 821,7 мыңға артқан. Жалпы алғанда, қала тұрғында­рының саны 8 млн 662,4 мыңды, ал ауыл тұрғындарының саны 7 млн 347,2 мың адамды құрады. Дегенмен биылғы 2021 жылғы санақ урбанизациялану процесі­нің белең алғанын растайды деп күтілуде. Себебі Стратегиялық жос­парлау және реформалар агент­тігінің Ұлттық статистика бюросының қазандағы дерегінше, бүгінде қалалықтар үлесі – 59,3%, ауылдықтар үлесі – 40,7%. Бірақ санақ қорытындысында бұл көр­сеткіш түзетілуі мүмкін. Өйткені Ұлттық статбюроның ресми сайтында 2021 жылғы 1 қыр­күйекте Қазақстан халқының саны 19 млн 42,1 мың адамды құрайтыны жазылған. Ал жалпыұлттық санақ­тан 19,6 миллион адам өтіпті. Оның ішінде бір бөлігі – мигрант­тар болуы мүмкін: биылғы санақ­пен елімізде тұрақты тұрып, жұмыс істейтін шетелдіктер де қамтылды. Сарапшылардың айтуынша, ХХІ ғасырдағы бірінші санақтың тағы бір тосын нәтижесі болды: ол Қазақстанда 57,3 мың азаматтығы жоқ адамның тұрып жатқанын анықтап берді. Бұл – ел халқының 0,4 пайызы. Олар негізінен кел­меске кеткен КСРО паспортымен жүргендер, тәуелсіз Қазақстанның азаматы атанғысы келмегендер.

Тіл мен діннің жағдайы

Биылғы санақтың қоғам күтіп отырған қорытындылардың бірі, әрине тілге қатысты болмақ. Қазір қанша қазақстандық мемлекеттік тілді біледі? Айта кету керек, 2009 жылғы санақ бойынша азамат­та­рымыздың 9 млн 631,3 мыңы немесе 64,4%-ы ғана қазақ тілін білетінін айтқан. Бірақ оның 1 млн 123,6 мыңы немесе 11,7%-ы нашар білетінін мойындапты. 5 млн 321,8 мың қазақстандық немесе 35,6%-ы мемлекеттік тілді мүлдем білмейді. Соның ішінде тек 2 млн 29,6 мыңы немесе 13,6%-ы ғана қазақ тілін үйренуге талап қылып жүрген. Қалғаны оны қажет деп таппаған. Мемлекеттік тілді білетіндер қазақтар арасында (99,4%-ы біледі), ұйғырларда (80,5%), өзбектерде (80%) көп. 2009 жылы «3С» санақ пара­ғын­да респонденттерден «қазақ, орыс, ағылшын тілдерін қай дең­гейде меңгергенсіз?» деген сауалға «ауызша түсінемін, еркін оқимын, еркін жазамын» деген үш жауаптың бірін таңдау ұсынылатын. Содан бері жағдай жақсы жақ­қа қарай өзгерген шығар деген үміт бар. Қаншалықты және қай жаққа өзгергенін жаңа санақ қорытын­дысы көрсетеді. Оның үстіне, биыл­ғы «жалпыхалықтық сауал­намада» тілге қатысты сұрақтар мейлінше нақтыланды. Бұл жолы «Сіз мемлекеттік тілді меңгергенсіз бе?» деген сауалмен шектелмей, «Сіз оны күнделікті өмірде қол­да­насыз ба?», «Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгеру деңгейіңіз: ауыз­ша түсінемін, еркін оқимын, еркін сөйлеймін, еркін жазамын, мең­гер­мегенмін», «Қазақ, орыс, ағыл­шын тілдерін үйренуді жоспар­­лай­сыз ба?» деген қосымша сұ­рақ­тар қосылды. Демек, қазақ­стан­дық­­тардың мемлекеттік тілді мең­геру деңгейіне қатысты нақ­ты­рақ, то­лымдырақ ақпарат алы­нады. Оның нәтижесі тілді дамыту ту­ралы жаңа ұлттық жоспарға түрткі болса жөн. Назар аударар жайт, 2009 жыл­ғы санақ нәтижесінде ел халқының 70,2%-ы Ислам дінін ұстанатыны мәлім болды. 26,2%-ы – христиан дінінде. 0,1%-ы буддизм, қалған конфессиялар – 0,2%. Кеңес зама­нында халық атеизмге тәрбиеленді. Алайда Кеңес Одағы күйрегеннен кейін 20 жылдай уақыт өткенде атеистер үлесі 2,8% ғана қалыпты. Түсіндіре кетсек, 1999 жылғы санақ парақтарында азаматтың қандай діннің жамағаты екеніне қатысты сұрақ болмаған.

Санақтың Big Data-сы жаңа биікке бастайды

Тәуелсіздік тарихындағы үшін­ші халық санағының негізгі кезеңі «Қазақстанда әркім маңызды!» деген ұранмен 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында өтті. Дегенмен санақтан онлайн өту мүмкіндігі 8 қарашаға дейін қолжетімді болды. Осының алдында санақтың бі­рін­ші бөлігінде азаматтар сұрақтарға өз бетінше жауап береді, ал екінші бөлігінде 15 қазаннан бастап онлайн қамтылмаған отбасыларға санақшылар барады деп жос­парланған. «Ел азаматтарының көптеген өтінішіне орай бюро онлайн са­нақты қайта қосу туралы шешім қабылдады. Ол халық санағының соңына дейін қолжетімді бол­­ды», – деп мәлімдеді Ұлттық ста­тистика бюросы. Ал 8 қараша күнгі сағат 00.00-де Қазақстанда «Халық сана­ғы-2021» аясында жүргізілген нақ­тылау жұмыстары аяқталды. Не­гізгі кезең және нақтылау жұ­мыстары қорытындысы бойынша санаққа жалпы саны 19,6 миллион­нан аса адам қатысты. Бүгінде Ұлттық статбюро де­ректерді өңдеуге білек сыбана кі­рі­сіп кетті. Жоспарға сәйкес, ауқымды іс-шараның алдын ала қорытын­ды­лары 2021 жылдың желтоқсан айында жарияланатын болады. Жалпы, биылғы санақ аясында елімізде тұрақты тұрып жатқан­дардан өзге, 12 айдан аса уақытқа шетелге іссапармен шыққан отан­дастар, яғни Қазақстанның елші­лері, дипломаттары, еліміздің шет­елдегі өкілдіктерінің қызмет­керлері мен олардың отбасы мү­шелері, қазақстандық еңбек миг­ранттары, «Болашақ» бағдарла­ма­сының студенттері, шетелде жүр­ген туристеріміз, сондай-ақ уа­қытша Қазақстанда тұратын ше­телдіктер, азаматтығы жоқ адамдар мен босқындар санақтан өтті. Ел тарихында тұңғыш рет са­нақ электронды форматта ұйым­дастырылды. Алғаш рет қағаз са­нақ парақтарынан толығымен бас тартылды. Азаматтарға санаққа онлайн қатысуға мүмкіндік берілді. Нәтижесінде, респондент­тер­дің 42%-дан астамы дәл осы тәсілді таңдаған. Алғаш рет интервьюерлер сұраққа жауаптарды планшет көмегімен тіркеді. Сарапшылардың байламынша, бұл санақ бірқатар қаланың даму жоспарлары мен бағдарламаларына түзету енгізуге түрткі болуы мүм­кін. Мысалы, қазір Алматы қала­сында 2 005 496 адам тұрақты тұ­рады деп есептеледі. Алайда са­наққа осы мегаполисте тұратын 2 млн 200 мыңдай адам қатысқан. Статорган мәлімдеуінше, са­нақ нәтижесінде қол жеткізілетін өзекті, мол ақпарат пен үлкен де­ректер (Big Data) елде тиімді мем­лекеттік саясатты жетілдіруге кө­мектеседі, сондай-ақ алдағы 10 жыл бойы экономикалық жоспар­лау мен бағдарлама құру кезінде пайдаланылады.  

Айхан ШӘРІП