Жамбылда 36 мектепте директор жоқ
Жамбылда 36 мектепте директор жоқ
© коллаж: Елдар Қаба
598
оқылды

Жамбыл облысында 36 мектеп директорсыз отыр. Карантиннен кейін оффлайн оқу жүйесіне көшкен білім ордаларын басқаруға педагогтер  неге құлық­сыз? Директор болу соншалықты қиын ба? Әлде «болам» деген «баланың» жо­ғарыдағылар белін бумай, бетін қағып жа­тыр ма? Көптің көкейінде жүрген сауал сала мамандарының  ғана емес, әкім­діктегілердің де бас ауруына айналып отыр. 

Басшысы жоқ мектепте білім сапасы қайдан болады?

Олай дейтініміз, күні кеше облыс әкімі алдында есеп берген Білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзовтің  санға тізілген статистикасын Бердібек Сапарбаев сын тезіне алды. – Кадр тапшылығы мәселесі өңірде өзекті. Тиісті басқармаға жоғары оқу орындарымен, әлеуетті жұмыс берушілермен ынтымақтастық орнатып, қазіргі сұранысқа ие мамандықтар мен кәсіптерге жан-жақты талдау жүргізіп, тиісті шаралар қабылдауды тапсырған болатынмын. Мектеп түлектерімен кәсіптік бағдар беру жұмысын жандандырып, педагогикалық мамандықтар бойынша оқуға түскен студенттер өндірістік тәжірибені өзі оқыған мектебінде өтуі керек болатын. Нақты тапсырмалар берілді, бірақ нәтиже жоқ. Құрғақ уәдемен жұмыс бітпейді. Кадр мәселесі толық шешілмеген.  36 мектеп директорының орны бос тұр. Мұндай жағдайда білімнің сапасы туралы не айтуға болады? – деп  облыс әкімі жүйесіз жұмысқа шүйлікті. Сондай-ақ аймақ басшысы Білім басқар­масы­ның басшысы кабинетінен шығып, ең болмаса Тараз қаласындағы мектептерді аралап шығуы қажет екенін қатаң ескертті. Әрине, облыстық Білім басқармасының бас­шылық қызметіне күні кеше келген  Бейқұт Жамангөзовке бар кінәні артудан аулақпыз. Аттан ауған бұрынғы басшының да артынан сөз айтуға ниетіміз жоқ. Алайда «сен салар да, мен саларға...» салғаннан түйткілдің түйіні тарқа­май­тыны анық. Сондықтан «бүгінгі, әлде бұ­рын­ғы басшы» деп бөлмей, күрделенген мәсе­ле­нің күрмеуін тауып, шешу қажет.

Қай мектептер директорсыз отыр?

Облыс әкімдігі Білім басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, биыл 1 қарашада  өңір  бойынша бос лауазымды 36 директордың орнына  31 конкурс жарияланған екен. Мектептері басшысыз отырғандардың қатарында Қордай ауданы көш бастап тұр. Онда №7,11,27,29,30,31,45,48 сияқты сегіз мектепте директор жоқ. Сондай-ақ  Байзақ ауданындағы  Жаңатұрмыс, Амангелді, №6 орта мектеп, Жамбыл ауданындағы  Амангелді, А.Матросов атындағы орта мектептері мен  Қостөбе, Шайдана, Ы.Алтынсарин атындағы, №5 бастауыш мектеп, Т.Рысқұлов ауданындағы   Құлан мектеп-гимназиясы, А.Шинасилов атындағы орта мектеп, Сарысу ауданындағы  Шығанақ орта мектебі, Талас ауданындағы  Аккөл орта мектебі,  Шу ауданындағы  Ғ.Мұратбаев атындағы  орта мектеп, Меркі ауданындағы  №28 орта мек­теп, Мойынқұм ауданындағы  №2, Қ.Сәтбаев, Амангелді, Б.Момышұлы, В.Терешкова орта мектеп және  Тараз қаласындағы  №42,55 орта мектептер егесіз үйдің кейпін кешіп отыр. Ал   Жуалы ауданында 5  орта мектеп, Тараз қаласында 1 бастауыш мектеп және  Меркі ауданындағы  1 мектепке  конкурс жарияланғанымен, ешкім директор болуға құлық танытпаған. Үміткерлер  анықтал­мағаннан кейін мұнда да конкурс қайта жарияланып отыр.

Педагогтердің пікірі қандай?

Негізі, Білім басқармасының мамандары мектепке директор болуға ниет танытқандар болғанымен, олар конкурстан өте алмай қалып жатқанын алға тартады. Алайда бар мәселе осында ма? Біздіңше,  мұғалімдердің  айлық жалақылары жыл санап өскен сайын педагогтердің дені ұстаздықты тыныш көретін секілді.  Оған қоса, «Педагог мәртебесі туралы» заң құқығыңды қызғыштай қорғайды. Бұрынғыдай табаныңнан таусылып, мектептің бүкіл тірлігіне араласудың қажеті жоқ. Сабағыңды берсең жеткілікті. Ал директор болсаң, сағаты көп сабақтан да, еселенген жалақыдан да, түнің тыныш  ұйқыдан да  қағыласың. Мектепке тексеріс келсе де, оқушының бірі жөтелсе де, тентектер төбелессе де сен бірінші жауап бересің. Ал ұстаздар ұйымдасып үстіңнен арыз жазса, сотталып ке­туің де бек мүмкін. Мұндай жағдайда  дирек­торлыққа  кім келгісі келеді дейсіз?Мұнымен пе­дагогтердің өздері де келісіп отыр. – Жалпы, қазір қай салада болмасын басшы болу оңай емес. Ал мектеп директорларына жүктелетін жауапкершіліктің  жүгі ауыр. Сен мектептің ішкі саясатына ғана емес, сыртқы дүниесіне де жауап бересің. Мәселен, түнделетіп жүрген бір оқушыны  тәртіп сақшылары ұстап алса, ата-анасынан емес, мектептен жауап алады. Сондай-ақ жасөспірімдер сабақ уа­қытынан тыс, мектеп ауласынан аулақ жерде төбелесіп қалса, бала үшін мектеп директоры барады. Екінші мәселе – мектеп директорларының айлық жалақысы төмен. Өйткені біз қосымша сағат ала алмаймыз. Сондықтан педагогтер директор болып басын қатырғанша  сағатын  алып, сабағын беріп, көп жалақы алғанды қалайды. «Педагог мәртебесі туралы» заңның шық­қаны дұрыс. Алайда осы мәртебелікті әр мұғалім әртүрлі түсінеді. Егер  бір жұмысты жүктесең, бірігіп алып үстіңнен арыз жазады. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі директорлар ұстаз­дарға тапсырма бермек түгілі оларға  сөйлей алмайтын жағдайға жетті. Әрине, еш нәрсеге қарамай  мектеп директоры болсам деп талпынып  жүрген азаматтар бар. Алайда олардың жолын конкурс байлауда. Олай дейтінім, директорлыққа қабылдаудағы тестің сұрақтары тұтастай заң төңірегінде құралған. Бейне бір мектеп директорлығына емес, прокуратураға жұмысқа қабылданып жат­қан сияқтысың. Педагогтердің бәрі бірдей заң­гер емес қой. Директор болам дегеннің бірі ма­тематик, бірі физик, бірі химик болуы мүм­кін. Олар том-том заңды қайдан жаттайды. Осы жағы да көп адамға директор болуға кедергі бо­лып жатыр деп ойлаймын. Шынымды айтсам, мектеп директоры түгілі мен қазір өзіме орынбасар таба алмай отырмын. Өйткені жауапкершілігі көп, рақметі  жоқ жұмыстан бәрі қашады, – дейді Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің директоры Қанатбек Бәйтен. Осы тұста біз мұғалімдердің  не себепті ди­рек­тор болғысы келмейтінін де  сұрадық. – Біріншіден, мектеп директорларының айлық жалақысы төмен. Екіншіден, сен қанша жерден жақсы жұмыс істеп, мектептің атын танытып жатсаң да, бір-ақ күнде балалардың төбелесі не арыз-шағымнан жұмыстан босап кетесің. Яғни, директорлық қанша еңбектенсең де алғысы жоқ жұмыс. Үшіншіден, мектепке қандай тексеріс келсе де директор асты-үстіне түсіп жатады. Жо­ғарыдан келетін тапсырмаларды да мектеп ди­ректоры орындайды. Бұдан бөлек, мектеп директоры  боламын деген ниетің болғанымен, конкурстан өту қиынның қиыны. Әйтеуір, бір жолыңды байлайтын нәрсе табылады. Сондықтан мектеп директоры боламын деп бас қатырғанша тыныш сабағыңды беріп, айлық жалақыңды еселеп алғаның артық, – дейді Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі Айнұр Омарова.

ТҮЙІН:

Міне, педагогтердің пікірі – осы. Бұрын мектеп директоры деген  үлкен лауазым ретінде қаралса, қазір бәрі одан қашатын болған. Өйткені айлық жалақысы аз, жауапкершілігі көп әрі қауіпті қызмет. Ұстаздар бірігіп арыз жазса, абақтыға да айдалып кетесің.

Білім және ғылым  министрлігі биыл мектеп директорларын ротациялау туралы бастама көтергенін ел жақсы біледі. Алайда мектеп директорларын түгендей алмай жатқанда ротация туралы қалай ойлауға болады?

Әрине, байыбына бармай байбалам салудан аулақпыз. Бірақ ұрпақ ертеңіне қатысты мәселеде сансыз талқылаудан гөрі бір нақтылау қажет. Бәлкім, «Жастар кадрлық резерві», «Nur Otan» партиясы кадрлық резерві» сынды «Директорлар­дың да кадрлық резервін» жасақтау керек шығар. Мүмкін, сонда түйткілдің түйіні тарқатылып  қалар...   

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы