COVID-19 пандемиясы әлемдік жүйені түбегейлі өзгертті. Коронавирус кесірінен елдер өз шекарасын жауып, тауар тасымалы мен жолаушылар қозғалысы шектелді.
Жиында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев қорының директоры, Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева: «Біздің клубтың бұрынғы отырысы 2019 жылы өткен. Ол отырыс мүлдем басқа дәуірде болған секілді. Содан кейін жер-жерде вирустың өршуі – әдеттегі өмір тәртібін өзгертіп жіберді. Экономика тоқырап, әлемнің көптеген елі оқшауланды. Вирус әлемді дәл бұлай өзгертеді деп ешкім күтпеген еді. Пандемия біздің қаншалықты өзара тығыз байланысты және бір-бірімізге тәуелді екенімізді тағы бір рет дәлелдеді. Бүгінде халықаралық қауымдастық бұрынғыдан да бірігіп әрекет етуге мұқтаж», – деді.
Сондай-ақ ол әлем қайта өркендеуі үшін өзара сенімді қалпына келтіру – Astana Club-тың басты миссиясы екендігін де атап өтті.