Көкшетауда оқушыларды мектепке кіргізбей қойған
Көкшетауда оқушыларды мектепке кіргізбей қойған
265
оқылды

Көкшетауда 1-сынып оқушыларының маңдайына «дәптер» деп жазған №13 экологиялық «Экос» мектеп-гимназиясы тағы бір мәрте ерекшеленді. Бұл жолы білім ордасы оқушыларды мектепке кіргізбей қойған, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Балалардың сабаққа кіргізбей қойғанын әлеуметтік желілерге ата-аналар салып, оқиға қызу талқыға түскен. «Бүгін №13 мектептің екінші ауысымындағы оқушыларды мектепке кіргізбей қойды. Мектептің оқу ісінің меңгерушісі балалардан жоғары температура анықталып, оларды үйіне жібергенімен айтты. Ал кейін үйге келіп дене қызуын өлшеген балалардан ешқандай да температура анықталмады. Оқушыларды сабаққа кіргізбеудің себебі мектептің кіреберісіне орнатылған электронды термометрлердің ақауы себеп болыпты. Бұған кім жауап беретіні беймәлім», – дейді қала тұрғыны Владимир Чугай. Ал мектеп әкімшілігі болса дене қызуын өлшейтін термометрдің істеп тұрғанын, балалардан жоғары температура анықталғанын айтып ақталды.

«15 қараша күні мектептің кіреберісінде екінші ауысымда оқитын 456 оқушының жетеуінен жоғары температура анықталды. Санитарлық ережелерге сәйкес балалар мектепке жіберілмеді. Байланыссыз термометр жұмыс істеп тұр. Өйткені басқа балалардан дәл осы термометрмен тексерген кезде дене қызуы қалыпты болған», – дейді №13 мектеп гимназиясынан.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы