Халықаралық ақпарат құралдарының деректеріне сүйенген Aikyn.kz Британ монархының Кариб сапары неліктен тарихи жауапкершілік пен өтемақы мәселесі төңірегіндегі жаңа пікірталасқа ұласқанын талдайды.
III Чарльз 27 қазан мен 4 қараша аралығында Багам аралдарына, Гайанаға және Антигуа мен Барбудаға барады. Сапар Достастық елдері үкімет басшыларының саммитімен жалғасады. Кариб және Африка елдері бұл кездесуде құлдық пен отаршылдықтың тарихи салдары үшін өтемақы мәселесін қайта көтергісі келеді. Букингем сарайының өкілі корольдің «өткеннің қателіктерін мойындауға» ұзақ уақыттан бері мән беретінін мәлімдеді. Сапар барысында ол трансатлантикалық құл саудасын еске алатын орындарға баруы және өз сөздерінде бұл тақырыпты қозғауы мүмкін.
«Ұлы мәртебелі «тарихымыздың ең қаралы күндері» деп атаған кезеңнен айналып өтпейді», – деп мәлімдеді сарай өкілі. Сонымен бірге сапардың негізгі назары қабылдаушы елдердің қазіргі жетістіктері мен болашағына аударылады.
Ал ресми кешірім мәселесінде король үкіметтің ұстанымын басшылыққа алуға тиіс. Ұлыбритания билігі трансатлантикалық құл саудасын «жиіркенішті» құбылыс деп мойындайды және оның зардаптары бүгінге дейін сезілетінін айтады. Бірақ қаржылай репарация төлеуге дайын емес. Лондонның ұстанымы бойынша, құлдық пен құл саудасына қазіргі халықаралық құқықтағы тыйымдар сол әрекеттер жасалған кезеңде болмаған.Бұл мәселе Кариб елдері үшін тек тарихи естелік емес. Ұлыбритания мен Кариб мемлекеттері биылғы министрлік форумында CARICOM әзірлеген өтемдік әділет жөніндегі он тармақты жоспарды талқылады. Отаршылдық мұрасы жөніндегі «мазмұнды, шынайы және құрметке негізделген диалогты» жалғастыруға келісті.
III Чарльз бұған дейін де британ отаршылдығының ауыр мұрасы туралы айтқан. 2024 жылы Самоада өткен Достастық саммитінде ол өткенді өзгерту мүмкін емес екенін, бірақ одан сабақ алуға болатынын мәлімдеген.
Корольдік сарай оның білім беру бағдарламалары мен жастар бастамаларын қолдау арқылы тарихи теңсіздіктің салдарын азайтуға үлес қосып келе жатқанын айтады.
Алдағы Кариб сапарында III Чарльз тарихи құл саудасын мойындау мен ресми жауапкершілікті қабылдау арасындағы қиын шекараны ұстанбақ. Монарх тақырыптан жалтармағанымен, кешірім сұрау мен қаржылай өтемақы төлеу туралы шешім Ұлыбритания үкіметінің құзырында қала береді.
