Степногордағы әлімжеттік: мектеп басшысы қызметінен кетті
Степногордағы әлімжеттік: мектеп басшысы қызметінен кетті
183
оқылды
Степногор қаласындағы Бөгенбай батыр атындағы маман­дандырылған спорт мектебінде балалар ара­сындағы әлімжеттік жасау оқиғасы қоғамда басы ашық қалған көптеген проблеманың барын анық аңғартты. Әлеуметтік желілерде желдей ескен бұл оқиғаны жұрт қазір қызу талқылап жатыр. Облыс әкі­мі мен тиісті облыстық ведомство басшылары арнайы барып, жиын барысында спорт мектебінің бас­шысы жұмыстан босатылып, тиіс­ті бірқатар облыстық деңгей­дегі басқар­ма басшылары мен қызметкерлер тәр­тіптік жауап­кер­шілікке тартылды. Алайда бұл оқу орындарында болып жатқан оқиғаларды азай­та ала ма? Заңды белден басып, басбұзар болып өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына қалай әсер ету қажет? Өкінішке қарай, еліміздің қай түк­пірінде болмасын, балалар арасындағы әлімжеттік, ұрып-соғу оқиғалары то­ластамай тұр. Әрі жығылған үстіне жұ­дырық болған оқиғаны бей­нека­мераға түсіріп, әлеуметтік желілер мен YouTube арналарына салатын оқиғалар көбеймесе азай­ған жоқ. Спорттық мектеп-интернат­тағы оқи­ғадан кейін іле-шала облыс әкімі Ермек Маржықпаев­тың төрағалығымен көш­пелі жиын өтіп, құрылған облыстық ко­миссия қоғамда резонанс тудырған оқи­ғаның хроноло­гия­сын зерттеп-зер­делеген. Оқиға осы жылдың 21 қазанында бол­ған. 8-сынып оқушылары 7-сы­нып­тың екі оқушысын жатақхана бөл­месінде ұрып-соғып, ал оны сы­ныптастарының бірі бейне­тас­паға түсіріп тұрған. Бей­неролик жәбірленуші балалардың бірінің ата-аналарынан қалалық әлеу­меттік пабликтердің бірінің ие­сіне түскен. Жиынды жүргізген облыс әкі­мі оқу орнындағы жағдай бо­йынша жүргізілген жұмыстардың жеткіліксіздігін жеткізді. «Олимпиадалық резервті мек­тепте болған бұл оқиға алаңдаушылық туғы­зады. Спорт­шылар арасында үнемі ко­ман­да­лық рух пен нашарларға көмек қолын созатынымен ерекшеле­нетін. Бұл кәмелет жасына тол­мағандардың құ­қығын қорғау жө­ніндегі комиссияның өз жұ­мы­сына шалағай қарағанын көр­сетеді. Оқу орны басшылығы та­рапынан ба­қылаусыздық пен салғырттық осындай өкінішті жағ­дайға әкеліп отыр. Ко­мис­сия­ бірқатар лауазымды тұлғаларды тәр­тіптік жауапкершілікке тар­тты. Бірақ мұны әлі де болса жеткіліксіз деп са­наймын», – дейді Ермек Маржықпаев. Жиын барысында оқиға бол­ған Бөгенбай батыр атындағы олимпиадалық резервтегі спорт мектебінің басшысы Тұрсынбек Тоққожинов жұмыстан бос­а­тылса, облыстық Дене шынық­ты­ру және спорт басқармасының басшысы Әсет Бүкібаевқа қатаң сөгіс беріліп, Степногор қаласы әкіміне әлеуметтік салаға же­текшілік ететін әкім орынбасары Гүлнәз Әбілованы тәртіптік жа­уап­кер­шілікке тарту тапсырылды. Қазір полиция қылмыстық кодекстің 141 «Балалардың ден­сау­лығы мен өмірін қамтамасыз ету міндеттерін тиісті түрде орын­дамау» және 194-баптың 2-тар­ма­ғы «Бопсалау» бойынша сотқа де­йінгі тергеу амалдарын бастаған. Спорт мектебіндегі сорақы жағдайдан кейін жергілікті Степ­ногор қалалық «Nur Otan» пар­тиясы филиалы да оқиғаға сәйкес партиялық бақылау мен әлеу­меттік мәселелер жөніндегі қо­ғам­дық кеңес мониторинг жүр­гізіп жатқанын мәлімдеді. Сон­дай-ақ партия өкілдері де мәсе­ленің бір сәтте шешіле қалаты­нына күмәнмен қарайтынын жа­сырмады. Партияның бюро­лық саяси кеңесі қалалық мәсли­хат депутаты, бұрынғы мектеп ди­ректоры – Тұрсынбай Тоққо­жиновты сөгіс түрінде тәртіптік жазаға тарту туралы мәселені қа­растыруды ұсынды. «Спорт мектебінің директоры Тоқ­қожиновтың лауазымынан бо­сатылуы жасөспірімдер ара­сын­дағы «әлімжеттік» оқиғаларды бір-ақ сәтте тыйып тастай ал­майды. Әрі бұл мектеп әкімшілігі мен педагогикалық ұжымның бой­күйездігі мен салғырт ісін анық байқатады. Мектеп дирек­торы болған оқиғаны білгенімен, қызметтік тексерісті үстірт қана жүр­гізген. Тіпті, іште болған оқи­ғаны құқық қорғау органдары мен кәмелет жасына толмағандар комиссиясына да ха­бар­ламаған. Сондай-ақ Дене шынықтыру және спорт басқармасына да еш хабар берілмеген»,– дейді Степ­ногор қалалық «Nur Otan» пар­тиясы филиалы. Тексеріс барысында интернат тәрбие­шілерінің де жұмыс кестесі нормативтерге сәйкес келмегені белгілі болған. Анық­талғанындай, кешкілік уақытта балалар мүлде қараусыз қалады екен. Сондықтан партия жиынында «Бақытты от­басы» партиялық жобасы шең­бе­рінде мектеп-интернаттта ке­шен­ді мониторинг өткізу­ге шешім қабылданды.
P.S. Білім ордасындағы бұл оқи­ғадан кейін жергілікті билік өкілдері де, құқық қорғаушылар да қимылдай бастады. Сала бас­шы­лары жауапкер­шілікке тартылып, қылмыстық іс қоз­ғалды. Дегенмен бұл әрекеттер жас­өс­пірімдер мен балалар арасындағы қылмыстық оқиғалардың азаюына ық­пал ете ала ма? Өкінішке қарай, әлеу­меттік желілерде балалардың өш­пен­ділігі мен қатыгездікпен жасаған істері тым көбейіп кеткен. Бәлкім, қоғам та­рапынан басқа да амалдар мен қаре­кеттер қолданылуы қажет шығар?!.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы