Алматы облысында ауданның бас санитар дәрігері ұрланған малды алып-сатумен айналысқан
Алматы облысында ауданның бас санитар дәрігері ұрланған малды алып-сатумен айналысқан
© бас санитарлық дәрігер
277
оқылды
Алматы облысында ауданның бас санитар дәрігері ұрланған ірі қара малды сатумен айналысқан. Еңбекшіқазақ ауданының санитарлық эпидемологиялық ахуалына жауапты шенеунік халық қырылып жатқанда осындай «бизнеспен» айналысып келген. Жуырда ғана қызметінен босатылған бас санитар дәрігердің түрмедегі ұрылармен де байланысы болған, – деп хабарлайды Azattyq Rýhy. Ал әккі ұрылар түрмеден шыға үйіне бармай, жолай мал ұрлап, үйір-үйір жылқыны әлгі шендінің қорасына апарып тығады екен. Бас санитар мал қамайтын арнайы орын дайындап, ұрланған жылқыларды бордақылап, сатып отырған. Аудан аумағындағы базарларда сатылатын азық-түліктің тазалығына тікелей жауапты болғандықтан, шендінің ұрланған малды өткізуге де мүмкіндігі мол болған.
«Әмірхан Смағұлов Еңбекшіқазақ аудандық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы болған. Тергеу қыса бастаған соң ғана жұмыстан шығып кетті. Малды ұрлаған: Ержан Мұсаев пен Қайсар Құрманғалиев. Ұрылар 2020 жылдың 15 желтоқсаны күні түрмеден шығып, 16-на қараған түні үйір жылқыны Смағұловтың қорасына айдап әкеліп қамаған. Құрманғалиев қашып жүр, оны әлі таппады. Сотқа тек Мұсаевтың ісі ғана жетті. Ұрылармен байланыста болып, ұрлықпен алынған ірі қараны «бордақылап саттым» деген Смағұлов болса қорғануға құқығы бар куәгер ретінде жүр. Ауданның бас санитарын тергеушілер ұрлықпен байланыстырмай отыр», - деді жәбірленушінің адвокаты Алмас Жұмағали.
Түрмеден шыға бұрынғы әдетіне бірден кіріскен ұрылар 39 бас жылқыны Тескенсу ауылындағы қожалықтың өрісінен барымталап кеткен. Үйір жылқысын іздеген шаруа қожалығының иесі Махмет Әлімбеков полиция және бірнеше куәгермен бірге барып, Смағұловтың ауласынан анықтаған. Бас санитардың әрекетін ұсталған ұрылар айтып берген. Шенеунік айыбын сол жерде мойындап, жылқыларды қайтаруға уәде бергенмен, кейін бұл ойынан айнып қалған.
«20 жыл ішпей-жемей жинаған малымыз еді, ұрлап кетті. Былтырғы бағамен есептегенде шығын 20,4 млн болған. Оның ішінде 24 бас буаз бие, жорға жылқыларым болған. Биелердің төлдейтінін және малдың қымбаттағанын есептесем шығын екі есеге көбейді. Жауыздық қой, ұрланған жылқыларды қалайша құжатсыз сатып ала салады, өтірік, бұлардікі ұйымдасқан қылмыстық топ. Өзгенің малын білмей қалдым деп сатып алу ақылға келмейді. Смағұлов басында жылқыларды төлеп берем деген. 1976 жылы туған, шенеунік, жасы небәрі 45-те болса да ұрлық, алаяқтықпен айналысқан. Ондай адамдарды қалайша мемлекеттік жауапты қызметке тағайындаған? Ол полициямен келгенде шошып кетіп, таудың арасындағы 28 жылқыны беріп, ал қалғанын жаңа жылға дейін төлеп құтылам деген. Тауға барсақ екі айғыр үйір жылқы жатыр. Екі күннен кейін адвокат жалдапты, төлеймін деген ойынан айнып қалды. Өзі менің жылқыларымды сатып жібердім десе, әйелі таныстар әкелген жылқыларды басқа жақтағы таныстарға ауыстырып тұрамыз дейді. Буаз биелерді сойып сатып үлгеруі мүмкін емес. Есіктің полициялары тергеуді дұрыс жүргізбейді, қылмыскерлерді, ұры шенеунікті қорғап келді. Сосын облыстан тергеушілер келіп кіріскенде көптеген жайт ашылды. Осы уақытқа дейін 4 тергеуші ауысты. Аудандық полицейлер Смағұловтың үстінен тергеуді облыстық ПД бастығы Күдебаев араласқан соң ғана бастады. Бірақ ол әлі шалқып жүр. Бұлар ұйымдасқан топ. Смағұлов сотқа да келмейді», – деді «Бірлік» шаруа қожалығының иесі Махмет Әлімбеков.
11 ай бұрын ашылған іс әлі күнге толық тергеліп бітпеген. Қорадағы малынан бір сәтте айырылып қалған жәбірленушілер Смағұлов аудандағы танымал шенеунік болғаннан кейін қылмыстық іс қайта-қайта тоқтап қала береді деп санайды. Қожалықтың иесі Алматы облыстық Полиция депарменті бастығының онлайн қабылдауында бірнеше мәрте болғаннан кейін ғана тергеу жалғасқан. Малды ұрлаған Ержан Мұсаев тергеу аяқталғанша тағы бір қылмыс жасап, 8 жылға сотталып үлгерген. Ал ұрлықпен келген жылқыларды сатып, мол пайдаға кенелген экс-шенеунік Смағұлов жеңіл жазамен ғана құтылуы мүмкін. Оның үстінен ҚР ҚК 196-бабының (Көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi иемдену немесе өткізу) 1-тармағымен іс қозғалған дейді адвокат. Бұл бап бойынша 160 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады, ары кетсе 40 тәулікке ғана қамалады.
«Егер Смағұлов ұрылармен сыбайлас болмаса буаз биелердің бәрін сойып тастамас еді. Алып қалар еді туайын деп тұрған биелерді. Сыбайлас, ұрланған мал екенін білген соң тездетіп сатқан. Асыл тұқымды айғырға дейін тез сойып тастаған. Ең қызығы, бір күн бұрын түрмеден шыққан адам танымайтын, білмейтін, тапсырыс бермейтін адамға жылқыларды ұрлап апармайды ғой. Егер олар алдын ала сөз байласпаған, келіспеген адамдар болса бірін-бірі қайдан тапты? Бас санитар болған бастықтың үйі Есік қаласының шетінде орналасқан, қорасы тауға жалғасып кеткен, 60 бас ірі қараны бордақылауға арналған қорасы және тауда тағы қожалығы бар. Полициямен бірге төрт адам барғанда Смағұлов жылқыларды алғанын, сатқан жылқылардың түр-түсіне дейін өзі айтып берген. Мемлекеттік лауазымды қызметте жүріп осындай заңсыздықпен айналысқан», – деді заңгер.
Басқа қылмысы үшін 8 жылға сотталып кеткен Мұсаевтың мал ұрлығы бойынша ғана сот отырысы басталған. Жәбірленушілер жылқыларды әлі күнге дейін қайтармаған Смағұловтың әрекеті қайта сараланып, қылмыстық әрекеті басқа бапқа ауыстырылу керек деп санайды.