Нұрымбетов өзінің отставкаға кетуін талап еткен президент кеңесшісіне жауап берді
Нұрымбетов өзінің отставкаға кетуін талап еткен президент кеңесшісіне жауап берді
© Sputnik / Абзал Калиев
336
оқылды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов президенттің штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергеновтің өзінің отставкаға кетуін талап еткен желідегі жазбасына жауап берді. Министрдің айтуынша, оның жұмыс тобынан кетуіне ешкім қарсы емес. "Олжас Әбдімәлікұлы жұмыс тобынан шығамын десе, ол кісінің өз еркі. Жұмыс тобы үкімет басшысының шешімімен жасақталған. Сондықтан, ол топта болады. Кез келген азамат, оның ішінде сарапшылар өз пікірін айтуға құқылы. Оған ешкімнің қарсылығы жоқ. Мен ресми түрде айта аламын: біздің жұмыс тобында 25 адам, олардың арасында өте атақты экономистер, қоғам қайраткерлері де бар. Сондықтан 25 адамның 24-і үкіметтің ұстанымын қолдайды десем, артық айтқандық емес", - деді Нұрымбетов мәжілістегі кездесуден кейін. Министрдің айтуынша, президентке ұсыныстар бір-екі шенеуніктен ғана түспейді. Ұсыныстың барлығы жұмыс тобында талқыланады, кейін үкіметтің  жанындағы әлеуметтік саясат жөніндегі кеңесте қаралып, мақұлданады. Премьер-министр, ұлттық банк төрағасының қатысуымен бірнеше қорытынды жиналыс өткізілді. "Сөйтіп премьер-министр қол қойып, ұсынысты президентке берді. Президент ұсынысымызға өз жауабын берді, ұстанымдарды жалпы қолдайтынын айтты. Тек қана зейнетақы жинағын алуға мүмкіндігі бар адамдардың санын ұлғайту бойынша бізге тағы екі ай уақыт берді", - деді  ол. Еске сала кетейік, бұған дейін мемлекет басшысының штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергенов зейнетақы жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының құрамынан шығып кетті. Экономист кей шенеуніктер отставкаға кетпейінше, жұмыс тобы зейнетақыға қатысты дұрыс шешім қабылдай алмайтынын мәлімдеген болатын.