Ауызсуға бөлінген ақша аз емес
Ауызсуға бөлінген ақша аз емес
570
оқылды

Кеңестік жүйені «гигантомания» құртты

Бүгінде 2025 жылға дейін Қазақстан халқы 100%-ға сапалы ауызсумен қам­тамасыз етілуі тиіс деген міндет қойылып отыр. Бұл шешім «Nur Otan» партия­сы­ның «Өзгерістер жолы: әр азаматқа ла­йықты өмір!» атты сайлауалды бағдар­ла­масында қарастырылған. Алайда Елбасының көшбасшы­лы­ғымен еліміз пәрменді шаралар қабыл­дап, тегеурінді қимылдамағанда, Қазақ­стан әлемдегі ең судан тарыққан мем­лекеттің біріне айналып кетуі мүмкін еді. 90-жылдары Қазақстанда қала тұрғын­дарының шаруашылық ауызсумен қам­тылуы 83%, ауылда 60% болыпты. Бірақ кеңес заманында сумен қамтылды деп есептеу үшін әр үйге құбыр жеткізу мін­дет емес-тін. Ауыл ішінде бір-екі құдық не колонка болса, ол сумен жабдықталған деп санала беретін. Кейін тәуелсіздік жылдары жүргізілген түгендеу жұмыс­тары басқа көріністі әшкереледі: қағаз жүзінде «сумен қамтылған» деген елді мекендердің не лас су тұтынып отырғаны немесе ол жүйенің әбден тот басып, істен шыққаны анықталған. Қалалардағы тұрғын үй қорының су құбырларымен жабдықталуы біраз об­лыста 35%-дан аспайтын болып шықты. Қала тұрғындары да суды тасып ішетіні, ашық су тоғандары суын пайдаланатыны мәлім болды. Жалпы алғанда, кеңес заманында тартылған топтық су құбырларының жалпы ұзындығы 90-жылдардың басында небәрі 17,1 мың шақырымды құрады. Қазақстанда 1 276 ауыл мен кент қана топтық құбыр сумен қамтылған. Қызыл империя «гигантомания» ке­селіне ұшырағаны мәлім. Бұл тіпті сумен жабдықтауда да көрініс тапты. Мысалы, еліміздің солтүстік облыста­рын­да жалпы ұзындығы 6 мың шақы­рымнан асатын, Есіл, Преснов, Булаев және Беловод топтық су құбырларын біріктіретін алып тораптар тұрғызылды. Батыс Қазақстан облысында ұзындығы 1,7 мың шақырым­дық Фурманов, Тайпақ және Камень сияқты ірі топтық су құбыры пайдала­нылды. Ақмола облысының 73 ауылын сумен жабдықтау үшін ұзындығы тиісінше 1 125,6 және 406,4 шақырымға созылған Нұра және Сілеті топтық су құбырлары салынды. Кеңес кезінен қалған ауылдағы барлық ірі су құбыры мемлекеттік дотация есебінен ұсталды. КСРО ыдыраған соң олар да тоқырай бастады. Сол тұста Үкімет сарапшыларының байламдары, түгендеу қорытындылары төбе шашты тік тұрғызады. Ауыл тұр­ғын­дары кеңес кезінен бері негізінен, ше­генді құдықтардың, ашық су то­ғанда­рының суын және тасымалданатын суды тұтынды. «Водовоздар» сол заман­дағы өмірдің басты бір атрибутына айналды, оларға тіпті ән арналғанын білесіз. Бірақ мұндай судың зияны болуы ықтимал: ол тазартудан өтпейді, «санитарлық сенім­дік дәрежесі өте төмен». «Бірқатар су құбыры мен олардың жекелеген тармақтарының қолданыс мерзімі біткен. Ал қалғанының құбыр­лары мен құрылыстарының тозу деңгейі 70% және одан да жоғары. Сондықтан апаттар саны жиілеп кетті. Жоғары апат­тық жағдай судың қайталап ласта­нуына, су беруде ұзақ мерзімді іркіліс­терге, жүйелерде 30 және одан да жоғары пайызға жететін үлкен ысыраптарға ұрын­дырады, ол ақырында судың 1 тек­ше метрінің өзіндік құнының өсуіне әкеледі. Кейбір аймақ тұрғындары ­ауыз­суға өте зәру, жете тазартылмаған суды ішуде», – деп жазылған Үкіметтің 90-жыл­дардағы жай-күйді сипаттаған құжаттарында. Бірқатар қаладағы сумен жабдықтау жүйелері ұзақ пайдалануға, су тазарту технологияларының ескіруіне байланыс­ты сапалы су нормативіне сәйкеспейтін болып шықты. Республика бойынша қол­­даныстағы көптеген су құбыры сани­тар­лық талаптарға сай келмейді деп та­ныл­ды. Мысалы, Жамбыл облысында – 89,7%-ы, Павлодарда – 57,1%-ы, Шығыс Қазақ­станда – 50,8%-ы, Батыс Қазақ­станда – 46%-ы, Қарағандыда – 36%-ы санитарлық талаптарға сай келмеген. Тіпті, Кеңес кезінде ел астанасы ретінде дәуірлеген Алматыда су құбырларының 31,2%-ы санитарлық талаптарға сай болмаған. Нәтижесінде, сол кезде көптеген ауыл топтық су құбырларының қыз­ме­тінен бас тартты. Тұтынушылары қары­зын өтей алмаған соң біраз елді мекенді коммуналдық ұйымдар топтық су құбы­рынан жаппай ажыратты. Бұрын Павло­дар және Солтүстік Қазақстан облыста­рының 100-ден астам кентін ауызсумен қамтып келген Беловод топтық су құ­быры экономикалық қиындықтарға бай­ланысты тоқтады. Тұтынушылардың төлем жасауға қабілетті болмауы және жекелеген тармақтарының істен шығуы кесірінен БҚО-да Фурманов, Қаратөбе және Тайпақ топтық су құбырлары, Оң­түстік Қазақстан облысында – Дарбаза және Жетісай су құбырлары және түрлі облыстарда басқалары жұмысын до­ғарды. Салада жаппай күйреу үрдісі белең алды. Сарапшылардың байламынша, бұған кеңестен қалған топтық су құбырларының шектен тыс ірілендірілуі, ұстап тұру үшін тым көп шығынды қажетсінуі, ондаған жылдар бойы жөндеу көрмей, техникалық тозған жағдайға жетуі, су шаруашылығы кешенін басқарудың тиімсіздігі, барлан­ған жерасты суларының жеткіліксіздігі себепкер. Ақыр соңында, ХХ ғасыр тү­гесілгенде, кеңес кезінде «топтық су құ­бырларынан сумен жабдықталды» деген 1 276 ауыл-кенттің ішінен 513-і ғана қалыпты. Бұл деректер тәуелсіз Қазақстанның елді сумен жабдықтауды қандай қиын­дықтардан бастағанын паш еткендей.

Қазақ елі кәусармен толық қамтылады

90-жылдардағы ауыр күйзелістен құтылып, экономика еңсе тіктеген соң Үкімет 2002 жылдан бастап «Ауызсу» мемлекеттік бағдарламасын қабылдап, жүзеге асырды. Одан кейін 2011 жылы «Ақ бұлақ», 2014 жылдан бері «Өңірлерді дамыту 2020» мембағдарламалары орын­далды. Әрине, бұлардың кемшін тұстары бар. Есеп комитеті олардың түпкі мақ­сатына – халықты құбырмен келетін ауыз­сумен толық қамтуға қол жеткізіл­мегенін мәлімдеді. Дегенмен жетістіктері де жетерлік. Осы аптаның сейсенбісінде өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин 2021 жылдың қорытын­ды­сында ауызсумен қамту ауылдарда – 91,8%-ға, ал қалаларда 98%-ға жететінін жариялады. Қалған 1 922 ауылға сапалы ауызсу жеткізу жұмысы жалғасады. Жасыратыны жоқ, өңірлерде таза суға қолжетімділік әртүрлі деңгейде. 3 өңір – Атырау, Алматы және Қызылорда об­лыстары көшбасшы. Ауыл халқын ауыз­сумен қамту деңгейі 4 өңірде – Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында төмен. Сумен қамтуды арттыру үшін көрсеткіші төмен өңірлерге басым негізде қаржы бөлінеді. Үкімет басшысы А.Мамин ауызсумен қамтылу пайызы төмен өңірлерге, әсі­ресе Қостанай (64,7%), Шығыс Қазақстан (81,4%), Солтүстік Қазақстан (82,1%) және Жамбыл (82,2%) облыстарына келесі жылы көрсеткіштерін орташа рес­публикалық деңгейге жеткізуді тап­сыр­ды. Әкімдіктерге ауылдарды сумен жаб­дықтау бойынша жобалау-сметалық құ­жаттаманы уақытылы әзірлеу жұмысын жандандыру қажет екені айтылды. Алдағы бесжылдықта Қазақстан халқы 100 пайыз таза сумен жабдықталуы шарт. «Ел бойынша барлығы 6 316 ауыл бар. Оның 3 991-і орталықтандырылған сумен қамтылды, тағы 403 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылды. Сумен жаб­дықталмаған 1 922 ауыл қалды, олардың мәселесін шешу үшін шара қабылдануда: 793 ауылда орталықтандырылған сумен жабдықтау (ОСЖ) жүйелерін салу жоспарланған. 200-ден аз адам тұратын шағын ауылдарда кешенді блок-модуль­дер қойылады. Биыл тағы 148 ауылды ОСЖ, ал халқы аз 220 ауылға кешенді блок-модуль орнату жоспарланған. ОСЖ тізіміндегі 85 ауылда гидрогеологиялық жұмыстар жүргізу қажет. Халқы аз 170 ауылда іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізу керек», – дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов. Бүгінде Қазақстан бұл саланы авто­маттандыру деңгейін арттыруға және инновациялық технологияларды енгізуге мән беруде. Бұл бағытта Нұр-Сұлтан және Шымкент мегаполистері барлық өңірге үлгі: оларда өндірістік процестерді автоматтандыру және есептеу құрал­да­рын орнату есебінен тұтынушылардың қаражаты үнемделді, су шығыны мен қызмет көрсету шығындары төмендеген екен. Сумен жабдықтау міндеттері мембағ­дарламалардан ұлттық жобаға ауысты. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драй­ве­рі» ұлттық жобасы аясында 5 жыл ішінде жалпы құны 36 млрд теңге болатын 11 топтық су құбырын салу және қайта жа­ңарту жоспарлануда. Нәтижесінде, 23,3 мың адамы бар 100 ауыл таза сумен қамтылады. 5 жылда шамамен 1,5 мың шақырым топтық су құбыры төселмек. Жалпы, тәуелсіз қазақ елі тек ағым­дағы жоспарлармен шектелмесі сөзсіз. Өйткені жыл сайын елдегі халық саны артуда. Тиісінше су тұтыну көлемі де ұлғаяды. Тұрғындарға қайта тола бастаған кем дегенде 50 ауыл су құбыры желісін кеңейтуді қажет етеді. Бұған бюджеттен 40 млрд теңге бөлу керек. Мысалы, Ақмола облысының Қараөткел ауылы тұрғындарының саны 18 мыңға жеткен! Шағын бір қалаға айналып келеді. Алайда онда 2018 жылы салынған жаңа су құбырлары тек 8 мың адамға арналған. Сондықтан елу ауылдың әкімдеріне жобалау-сметалық құжаттаманы тез арада әзірлеу жүктелді. Мұның бәрі халқымызды ауызсудан тарықтырмаудың қамы. Азат Қазақ­стан­ның ілкімді істер арқасында бұл салада да жетістікке жеткені маңызды.

Айхан ШӘРІП