Бір топ көкшетаулық қаладағы №14 автобусының жүйесіз жұмысына наразылығын білдіріп, «Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына жазылды. Өтініштері орынды-ақ. Себебі жүргізушілердің тапшылығынан қала бойынша қазірде аталған маршрут бойынша тек 3 автобус жүреді. Қалған автобустар тұралап тұр.
Аталған мәселені шешу мақсатында қабылдауды жүргізген облыстық мәслихат депутаты Талғат Жүнісов автопарктің жетекшісіне №14 автобустың жүру кестесін реттеу мәселесі бойынша депутаттық сауал жолдады. Халық қалаулысы Талғат Жүнісовтың қабылдауына жазылған ерейментаулық Ж.Пұшпақова Ерейментау қаласында балалар ойын-сауық орталығының құрылысын жүргізу ісіне қолдау көрсетуді сұрады. Жалпы, өтініш берушінің кәсіпкерлікпен айналысатын туысқан ағасы осы істі қолға алғысы келетін көрінеді. Сондықтан оған бизнес-жоспар құрып, оны жүзеге асыру үшін аудандағы Кәсіпкерлер палатасы мен кәсіпкерлер бөлімінің көмегіне жүгіну кеңесі берілді.
Ал партияның облыстық филиалы осы мәселені қарастыру үшін ауданның құзырлы органдарына хат жіберетін болады.