Биыл ХХІ ғасырдың Гомері атанып, саналы ғұмырының 85 жылын жырға арнаған Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде «Ұлы дала ақыны» атты халықаралық конференция өтті. Ғасыр жасаған жыр иесінің мерейтойына арналған ауқымды шараға Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев пен ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова арнайы қатысты.
Халықаралық жиынды алғысөзімен ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Жамбылдың қазақ халқының ғана емес, көршілес қырғыз елінің, одан қалды бұрынғы Кеңестер одағының құрамында болған мемлекеттердің әдебиеті мен мәдениетінде қалдырған өшпес ізі жайлы сөз қозғады.
– Халқымыз табиғатынан ақын халық. Есте жоқ ескі заманнан бергі ел тарихының көркем шежіресін жасаушылар да, оның сақтаушылары да сөз зергерлері – ақындар. Солардың ішінде бірауыз сөзі мыңжылдық мұраға айналған жыр алыбы Жамбылдың да шоқтығы биік, тұғыры бөлек. Жамбылдың ұлылығы оның ақындық шеберлігімен ғана емес, халық ақындарының жасампаздық рухтағы жаңа ұлы көшін бастаған даралығымен де өлшенеді. Оның сөздері ұранға айналып, өзі халық поэзиясының атасы аталды. Бүгінгі ұрпақ та осындай асылымыздың кәусар бұлағынан сусындауға тиіс.
Биыл еліміз жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын атап өтіп жатыр. Бұл ретте Жамбыл облысы да ұлт ақынының мерейтойын жоғары деңгейде өткізуге барынша үлес қосуда, – деген аймақ басшысы бұл мақсатта өткізіліп жатқан шараларға тоқталып өтті.
Келесі кезекте сөз алған Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев жалпы ұлт болып Жамбыл армандаған заманды орнату жолында жұмыс істелуі қажет екенін айтты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ұлы ақынның мерейтойын жоғары дәрежеде ұйымдастыру үшін арнаулы мемлекеттік комиссия құрылды. Бұл айтулы датаның былтырғы Абай жылымен сабақтасып, биылғы Тәуелсіздік мерейтойымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні зор. Себебі қазақтың қос ұлы ақынының да асқақ арманы жұртының дербестігі мен өсіп-өркендеуі еді. Олар осы ізгі тілекті өлеңіне өзек, шығармашылығына арқау етті.
Жамбылдың рухани мұрасы бізге несімен құнды? Ең алдымен, Жамбылдың өнегелі өмірі мен өнері – туған халқын шексіз сүюдің, оған қалтқысыз қызмет қылудың озық үлгісін айшықтайды. «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым», – деп жырлаған ұлы ақын әрдайым жұртының жанынан табылып, қамын жеді. Ел басына күн туған сәтте жалынды сөзімен көпшіліктің рухын көтеріп, жігерін жаныды.
Осы ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Ұлы Жамбыл – қазақтың дәстүрлі әдебиетінің аса дарынды, асқақ жаратылған алып өкілі», – деп тарихи бағасын берді. Бұл тұрғыдан алғанда дала данагөйінің дара жолы елдік мүддеге қызмет етіп жүрген әрбір адамға үлгі-өнеге.
Жамбыл жырлары – отансүйгіштікті оятып, ұлттық деңгейдегі ұлы істерге үндейтін ұранға айналған. «Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт. Ел бірлігін сақтаған татулықты айт...» – деген абыз бабамыз туған жерге деген сүйіспеншілікті, татулық пен бірлікті, адамгершілік асыл қасиеттерді жырына арқау еткен.
Дала Гомерінің отты жырлары қиын сәттерде тек бізге ғана емес, өзге де көптеген халыққа серпіліс сыйлады. Оның «Ленинградтық өренім» атты өлеңі Екінші дүниежүзілік соғыстың бейресми әнұранына айналды десек артық айтпаймыз. Фашистік басқыншыларға қарсы күресіп жүрген әр солдат бұл жыр жолдарын жүрегіне жазып алған еді.
Жамбыл жырлары жалпы адамзатқа ортақ құндылықтармен үндесіп, әлемдік мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналған. Ақын шығармалары елуге жуық тілге аударылып, әлемдік әдебиет қорына қомақты үлес болып қосылды. Осы ретте Жамбылдың рухани мұралары әлі де болса қазақы түсінік тұрғысынан терең бойлап, егемен елдің көзімен қарауды, жан-жақты баға беруді қажет етеді. Азат көзқарастың бір тармағына ақынға сыртынан таңылған өлеңдер мен сөздерді анықтап, оларды саралау жұмыстары да жатады. Бұл – отандық жамбылтану саласының алдында тұрған үлкен міндеттің бірі, – деді Дәурен Әскербекұлы.
Жиын барысында халықаралық жиынға арнайы келген меймандар – Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ел көлемінде Ұлы дала ақынының мерейтойын атап өту мақсатында істелген жұмыстарға тоқталса, журналист, жазушы, филология ғылымдарының докторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Уәлихан Қалижан жыр жампозы жайлы зерттеу еңбегінен үзінділерін оқыды. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Жамбыл жайлы 30 томдық жинақты дайындау барысы жайлы сөз қозғап, журналист, қоғам қайраткері, Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп жыр алыбының ешкімге бас имеген қайсар мінезі, мұндай қасиеттің әр қазақтың бойында болуы керек екені жайлы терең толғады.
Бұдан бөлек, Қырғыз Республикасынан келген филология ғылымдарының докторы, Ш.Айтматов атындағы тіл және әдебиет институтының жетекші ғылыми қызметкері Келдібек Қойлыбаев пен ақын, «Манасшылар» театрының директоры Әзиз Бимырза жыр алыбының қырғыздың әдебиеті мен мәдениетінде қалдырған орнын тілге тиек етті. Ал Жамбылдың шөбересі Мұратхан Жамбылов ақынның мерейтойын кең көлемде атап өтуге үлес қосқан барша азаматқа алғысын білдірді.
Жиын соңында конференция қатысушылары «Жамбыл жырау» кітабының тұсауын кесті.