Денсаулық сақтау саласында оң өзгеріс көп
Денсаулық сақтау саласында оң өзгеріс көп
161
оқылды
30 жыл ішінде Қарағанды облысының денсаулық сақтау саласында оң өзгерістер болды. Осы уақыт ішінде аймақта 40 емхана мен 15 аурухана салынды. Ауылдық жерлерде медицинаны дамытуға «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында бірнеше жоба жүзеге асты. Сонымен қатар елімізде алғашқылардың бірі болып әлеуметтік салада мемлекеттік-жекеменшік серіктестік енгізілді. Соңғы төрт жылда бизнес қаражатына денсаулық сақтау саласында 43 жоба іске асты. Қарағанды қаласында бұдан 10 жыл бұрын заманауи жабдықтар­мен қамтылған қан орталығы іске қосыл­ды. Тоқырау уақытынан жаңа Қазақстан­ды алып шығу үшін медицина қызмет­керлері де атсалысты. Соның бірі денсау­лық сақтау саласының ардагері Қанат Наурызбаев былай деп еске алады: «1990-жылдары жүйе құлдырады, дәрі-дәрмек болмады, дәрігерлер бірнеше ай бойы жалақы алмады. Тәуелсіз мемлекет жүйе­сі мықты негізге ие болды. Бірақ қиын­дық­тарға тап болдық: барлық байланыс үзілді, дәрі-дәрмек, медициналық материал, жабдықтар жеткізу тоқтады. Бас дәрігер ретінде дәрі-дәрмек сатып алуға қаражат бөлу үшін жұмыс істейтін кәсіп­орындардан көмек сұрадық. Жалақы­ның кешіктірілуіне қарамастан дәрігерлердің көпшілігі өз мамандықтары мен дәрігер­лік антына адалдықты сақтап қалды. Бас­қа салалар­дағы­дай сауда-саттыққа жаппай ауысып кетпей, жұмыс­тарын жалғастырды және адамдарды емдеуін тоқтатпады. Біртіндеп мемлекет экономикасының қалыптасуы­мен бюджеттік қаржыландыру қалпына келтірілді. 1990-жылдардың ортасында денсаулық сақтау саласына жаңа экономикалық тәсілдер енгізіле бастады. Кейін Меди­циналық қызметтерді төлеу комитеті жұмыс істей бастады. Емханаларда жан басына қаржыландыру енгізілді. Қараған­дылықтар көбіне жаңалық енгізетін ізашарлар болды. Мысалы, бірінші болып стационарларда емделіп шыққан науқас үшін сараланған төлем енгізілді. Бірте-бірте ақшаны санап, ақша табуды үйрендік. Қарағанды диагностика­лық орталығы процестерді басқарудың ақпараттық жүйесін құрған жас техника­лық мамандар тобын жинады. Бұл жақсы негіз болды. Бірнеше жыл өткен соң осы команданың мүшелері медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға арналған KMIS бағдарламасын, DamuMed қосымшасын жасады. Ол уақытта медицина бюджеті 2 млрд теңге болды. Қазір қаржыландыру 10 есеге өсіп, 90 млрд теңгеге жетті. Біз бүгінде денсаулық сақтау нысандарында істеп тұрған аппаратура туралы тек армандайтынбыз». 2006 жылы Қарағанды облыстық көпсалалы емдеу-диагностика бір-лестігінде неміс өндірісінің алғашқы магниттік-резонанстық томографы алынды. Онда жұмыс істеу үшін радиациялық диагностика бөлімінің меңгерушісі аустриялық клиникада оқып келді. «Сол кездің өзінде біз ісіктерді ерте кезеңдерде анықтай алдық. Ал қазір МРТ, КТ қызметтері – үйреншікті жайт. Аппараттар анағұрлым қуаттырақ. Қаржы құю медицинаны заманауи жабдықтармен жарақтандыруға мүмкіндік берді», – дейді 1990-жылдары облыстық клиникалық аурухана мен медициналық-диагностика­лық бірлестіктің бас дәрігері болған Қанат Наурызбаев. Қарағанды облысының денсаулық сақтау саласы Тәуелсіздіктің 90 жылды­ғына жақсы жетістіктермен жетті. Өйткені мұнда өз мамандығына адал жандар жұмыс істейді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы