Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы – саяси тұрақтылық пен экономикалық өркендеудің негізі ретінде Н.Назарбаевтың құқықтық моделі» атты халықаралық ғылыми тәжірибелік конференция өтті.
Жиынның мақсаты – Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасуы мен дамуы мәселелерін талқылау. Конференцияға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев, ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми, Н.Назарбаев қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов, Түркия Республикасының Конституциялық сотының төрағасы Арслан Зухту, сот және атқарушы билік органдары мен азаматтық қоғам институттарының өкілдері, сарапшылар және жоғары оқу орындарының оқытушы ғалымдары мен студенттері қатысты.
Жиынды ашқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың басқарма Төрағасы-ректоры Жансейіт Түймебаев құттықтау сөз сөйлеп, конференцияның маңызына тоқталды.
«Биыл – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл. Бұл еліміз үшін – ерекше кезең, тарихи оқиға. Қазақстан қысқа уақыт ішінде үлкен жолдан өтті. Дербес саяси, құқықтық жүйе орнап, құрылды. Ел болашағын айқындаған игіліктің барлығы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында тиімді жүзеге асты. Бүгінде Елбасы негізін қалаған, тәуелсіздігіміздің тірегі саналатын Ата Заңымыз мемлекет пен қоғамда орын алған барлық қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық дамудың бастауына, қозғаушы күшіне айналды» – деп атап өтті университет ректоры.
Шара барысында сөз сөйлеген Конституциялық Кеңестің төрағасы Қайрат Мәми конференцияға жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтап, ыстық лебізін білдірді.
Сонымен қатар Жансейіт Түймебаев Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгенде алғаш құттықтаған Түркия Республикасы екенін тілге тиек етті. Өз кезегінде конференцияға арнайы қатысқан Түркия Республикасының Конституциялық сотының төрағасы Арслан Зухту қазақ халқын тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.
Ол өз сөзінде «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Бауырлас елдің гүлденуі мен дамуына тілекшімін. Бүгінгі конференцияға қатысуға шақырғандарыңызға көп рақмет», – деп алғысын білдірді.
Бұдан бөлек, конференцияға ҚР Жоғарғы Соты төрағасы Жақып Асанов пен Әділет ми-
нистрі Марат Бекетаев онлайн режим арқылы қатысып, өз пікірлерін ортаға салды.