Ауыл шаруашылығын дамытуға тың тәсілдер енгізілді
«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында Түркістан облысында ауыл шаруашылығына қолдауды күшейтуге мән берілген. Себебі өңір үшін бұл саланың орны ерекше. Облыс халқының 80 пайызға жуығы ауылда тұрады. Мыңдаған отбасы ауыл шаруашылығы арқылы өз-өздерін жұмыспен қамтып, елдің дамуына үлес қосып келеді. Сайлауалды бағдарламадағы индикаторларды орындау барысында 2021 жылдың 10 айында Түркістан облысында 805,3 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 128,7 млрд теңгеге артты. 842,4 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Біз таптаурын тәсілдерден бас тартып, ғылымға негізделген жаңа жобаларға да басымдық беріп жатырмыз. Солардың бірі – егістікті әртараптандыру. Осы бастама нәтижесінде көкөніс, бақша, картоп өнімдерінің түсімділігі орташа 20 центнерге өсіп, өткен жылдан 500 мың тоннаға артты. 3,3 млн тонна өнім жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. Жол картасында ауыспалы егістің көлемін 179,9 мың гектарға арттырып, жылыжай алаңын 1 300 гектарға кеңейту көзделген болатын. Жұмыстар атқарылып, бағдарлама 100 пайыз орындалды. Ауыспалы егістің көлемі 179,9 мың гектарға жетіп, жаңадан 105,3 гектарға жылыжай салынып, жалпы алаңы 1 440 гектарға кеңейді. Республикадағы жылыжайлардың 71 пайызы Түркістан өңірінде орналасқан. Бүгінде Түркістан қаласы айналасында азық-түлік белдеуін құру жобасы шеңберінде 11 мың гектар аумақта өнімділігі жоғары жаңбырлатып суғару технологиясы ендіріліп жатыр. Өңірде 163 шағын шаруашылықтардан тұратын 2 кооператив құру есебінен 2 мың гектарға 47 бірлік жаңбырлатып суару қондырғылары орнатылды. «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы аясында 8,9 мың га 2878 жоба іске асырылып, 280 мың тонна көкөніс өнімі жиналды. Республикада суармалы жерлердің 3/1 бөлігі облысқа тиесілі (548,2 мың га). Суармалы жерді тиімді пайдалану мақсатында Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары аясында маңызды су нысандарының құрылыс-жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Оның ішінде «Түркістан магистралды каналын күрделі жөндеу» жобасының маңызы зор. Бұрын ағын су 43 пайызға фильтрациялық шығынға ұшыраса, бүгінде 43 шақырым каналда бетондау жұмыстарының нәтижесінде 22 млн текше метр су үнемделіп, 1,5 шақырым канал бойы абаттандырылды. Жоба толық іске асқанда 60 млн текше метр су үнемделеді. «Кеңсай - Қосқорған - 2» су қоймасы жобасы биыл пайдалануға беріледі. Ол арқылы 34 млн текше метр ағын су жеткізілмек. Жалпы, өңірді суландыру бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырыла береді. Мал шаруашылығында мал басы мен өнімділік 4-5 пайызға артып, 291,4 млрд теңгеге өнім өндірілді. Өсім 103,5 пайызға жетті. Ет экспорты бойынша облыс республикада 1-орында. Елімізде экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 75 пайызы, қой етінің 40 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Биылдың өзінде 24 мың тонна ірі қара мал, 2,3 мың тонна қой еттері экспортталды. 4,1 млн тонна мал азығы жиналып, жоспар 8 пайызға артығымен орындалды. Егін жинау науқаны үшін және мал шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Биыл барлығы 32,2 млрд теңге субсидия берілді.Инвестицияға тартымды, өнеркәсібі сан қырлы
Соңғы 3 жылда облыс экономикасына 1,4 трлн теңгеден астам инвестиция бағытталып, 5 есеге өсті. Биыл 10 айда инвестиция көлемі 479 млрд теңге болды. Жыл соңына дайын 800 млрд теңгеге жетеді деген жоспар бар. Облыста инвестиция көлемі 259,1 млрд теңге болатын 69 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда (3 300 жұмыс орны). «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында бес жылда 58 серпінді жобаны жүзеге асыру міндеті енгізілген. Жыл басынан бері 165,9 млрд теңгеге 26 жоба іске қосылып, 1 536 жұмыс орны ашылды. Инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін TURKISTAN INVEST ЖШС-да фронт кеңсе үзіліссіз жұмыс істеп тұр. Елбасының Жарлығына сәйкес жалпы ауданы 3 987,3 га 6 қосалқы аймақтан тұратын Turkistan арнайы экономикалық аймағы құрылды. Мұның бәрі Түркістанның өндірістік әлеуетін, өнеркәсібін жандандыратыны анық. Облыста өнеркәсіп өнім көлемі 530 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңінен арта түсті. Биыл 8 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оған 18,3 млрд теңге инвестиция тартылып, 587 жаңа жұмыс орны құрылады деп межеленген. Бүгінде 3 жоба қосылып, 124 жұмыс орны ашылды. 3,6 млрд теңге инвестиция тартылып, BOKEI ЖШС жұмысын бастады. «CaPable Group мүгедектер қоғамы» жобасы да жүзеге асырылып, 60 адам жұмыспен қамтылды. Өңірдің индустриялдық әлеуетін жақсарту мақсатында 698,2 га аумақта 9 индустриалдық аймақ құрылған, оның ішінде 7 аймаққа инфрақұрылым тартылған. Индустриалдық аймақтарда 30 жоба іске қосылып, 750 жұмыс орны ашылды, инвестиция көлемі – 25,3 млрд теңге. Биыл 632 жұмыс орнымен 8 жобаны іске асыру жоспарланса, бүгінгі таңда 5-еуі іске қосылды. Атап айтсақ, киім тігумен айналысатын Turkistan textile ЖШС-не 426 млн инвестиция тартылып, 600 жұмыс орны құрылды. Газбетон блоктарын шығаратын EKP-GROUP 878 кәсіпорнына 1 млрд теңге тартылып, 16 жұмыс орны ашылды. «Александровский сад» ЖШС-ның жеміс-жидек сақтау қоймасы да ашылып, 100 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік туды. Сылаққа арналған тор өндіретін «Таженов Е.Е» кәсіпорны, суық және ыстық асфальт шығаратын «Бесқасқа» ЖШС өндіріске қосылды. Өзге де жаңа кәсіпорындарға тоқталсақ, Келес ауданында «ТМстрой 21» 30 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен бірге Қазығұрт ауданында минералды су шығаратын «Асыл бастау.kz» ЖШС, Сайрам ауданында тәулігіне 50 тонна құрғақ сүт өндіретін AYKAN зауыты, Шардарада күрішті өңдейтін кәсіпорын іске қосылды. Жалпы аудан, қалаларда шағын кәсіпорындар көбейіп келеді. Алдағы уақытта аса маңызды әрі ірі жобаларды іске асыру жоспарлануда. Ордабасы ауданында «Мұнай өңдеу зауыты». Салынып жатыр. Жоба құны – 130 млрд теңге. Ол іске қосылған соң 650 адам жұмыспен қамтылады. Түлкібас ауданындағы «Састөбе химиялық кешені» жобасының құны – 136,6 млрд теңге. 2023 жылға қарай ашылатын зауытта 500 жұмыс орны құрылады. Түркістан қаласында «Тұрмыстық техника шығаратын зауыт» жобасы іске асырылады. 2 200 жұмыс орны ашылады. Созақ ауданында құны 129,9 млрд теңгелік «Фосфорит өңдеу зауыты» жобасы іске асырылып, 1 000 жаңа жұмыс орны құрылады. Осы және өзге жобаларды жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан қолдау, қажетті инфрақұрылым тартылатын болады. Бұл ілкімді істің бәрі Жол карталарындағы міндеттерді орындау барысында жүзеге асырылып жатыр. Түркістан – шағын және орта кәсіпкерлікті жүргізу үшін қолайлы бизнес климат қалыптасқан өңір. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны өсіп келеді. Облыста жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 144 мыңға жетіп, соңғы 3 жылда 17 мыңға артты. Өндірілген өнім 1,6 есеге ұлғайып, 399,2 млрд теңгеге жетті. Бұл саладағы өсім бойынша өңір республикада көш бастап тұр. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 22,1% болды. «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша бүгінде 41,4 млрд теңгеге 308 жоба мақұлданды. Жобалар саны бойынша облысымыз республикада көш басында. «Бизнестің Жол картасы-2025» бағдарламасы аясында қаржыландыру көлемі 2,8 есеге артып, 11 млрд теңгеге жетті. Бағдарлама шеңберінде 2 035 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Қолдау алған кәсіпкерлердің саны өткен жылмен салыстырғанда 6,3 есеге артты.10 айда 503,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді
«Nur Otan» партиясының Түркістан облысы бойынша Жол картасында 2025 жылға дейін 1,3 млн шаршы метр үй салу жоспарланған. «Нұрлы жер» бағдарламасы тұрғын үй құрылысына үлкен қарқын берді. Биыл 10 айда 503,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, құрылыс 2,2%-ға ұлғайды. Бағдарлама аясында барлық қаржы көздері есебінен 232 тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатыр. Нақты айтсақ, 853,4 мың шаршы метр болатын 12 727 пәтер салынуда. 2021 жылы бюджет есебінен 42 тұрғын үй құрылысын тапсыру жоспарлануда (2 645 пәтер, 161,1 мың шаршы метр). Нәтижесінде, 549 көпбалалы аз қамтамасыз етілген және әлеуметтік осал отбасылар баспанамен қамтылады. 2 096 отбасы жеңілдетілген несие арқылы пәтер сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Елбасының Түркістанды түркі әлемінің орталығына айналдыру жөніндегі тапсырмасы тарихи шаһарды жаңа белеске көтерді. Осыған орай қаланың құрылысына инвестиция салуға ниеттілер көбейді. Тұрғын үй құрылысын жүргізуге көптеген компаниялар мен мердігерлер қызығушылық танытып, 2019-2020 жылдары инвесторлар қаражаты есебінен жалпы сомасы 7,4 млрд теңгеге жететін 21 көпқабатты үй пайдалануға тапсырылған. Нәтижесінде 40,9 мың шаршы метр болатын 711 пәтер бой көтерген. Осы жылдың өзінде инвесторлар қаражаты есебінен 65 көпқабатты тұрғын үй (3 373 пәтер, 227,1 мың шаршы метр) мен 4 коттеджді қалашықтар (39,7 мың шаршы метр) құрылысы басталып, жұмыс қарқыны арта түсті. Биыл осы салаға бағытталатын инвестицияның жалпы көлемі шамамен 27 млрд теңгеге жетпек. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылдары жоғары қарқынмен жалғасатын болады.Ауқатты ауылдар – ел қуатының белгісі
«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы «Ауқатты ауылдар» деген арнайы бағыты ауыл-аймақтың инфрақұрылымын, әлеуетін көтеруді көздейді және ел азаматтарына үлкен міндет жүктеді. Бұл бағытта тиісті жұмыс атқарылып жатыр. Жол картасында 2025 жылға дейін облысты сапалы ауызсумен 100 пайыз қамту жоспарланған. Жолдарды жөндеу, елді мекендерді газдандыру, сапалы электрмен қамту, жалпы ауылдың ифрақұрылымын жақсарту мәселелері де екшеліп, жоспарға енгізілген. 2021 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыста 697 елді мекені (7 қала, 690 ауыл) орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Оның ішінде қамту деңгейі қалаларда – 98,9 пайыз (413,2 мың адам), ал ауылдық елді мекендер 92,1 пайыз (1 497,7 мың адам). Бүгінде облыста ауызсумен қамту бойынша 60 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Оған 12,7 млрд теңге қаралған. 30 нысан биыл пайдалануға беріліп, 20 елді мекен жаңа ауызсу жүйелерімен қамтылады, 12 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылады. Нәтижесінде, орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген елді мекендердің жалпы саны 717-ге жетеді. Осы арқылы таза сумен қамту деңгейі қалаларда – 99,4 пайызға (415,1 мың адам), ауылдық елді мекендерде 93,3 пайызға жететін болады. Алдағы 5 жылда 144 елді мекенді орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету, 209 елді мекендегі тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартып, 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Табиғи газбен қамту бойынша 2021 жылы 89 нысанның (83 елді мекен) құрылысына бюджеттен 14,4 млрд теңге бөлінді. Биыл 24 нысанның құрылысы аяқталады. (25 елді мекен, 65 683 адам). Табиғи газбен қамтылған елді мекендер саны 448-ге жетіп, қамту деңгейі 53,2 пайызды құрайды (1340 мың адам). Алдағы 5 жылда қосымша 299 елді мекенге табиғи газ беріліп, қамту деңгейі 85,6 пайызға жеткізіледі. Облыста жаңартылатын энергия көздерін дамыту мақсатында қуаты 215,1 МВт болатын 19 жоба іске асырылды. 6 шағын су электр стансасы, 13 күн электр стансасы салынды. 2021 электрмен жабдықтауға арналған 54 нысанның құрылысына қаржы қаралды. Биыл 7 нысан пайдалануға беріледі.Білімді әрі денсаулығы мықты ұрпақ – жарқын болашақ кепілі
Түркістан облысында білім саласына баса мән беріліп отыр. Жол картасына сәйкес 2021 жылы 78 білім нысанының құрылыс жұмыстарын жүргізуге 18,9 млрд теңге қаржы қаралды. Жыл соңына дейін 47 білім ұясын пайдалануға тапсыру жоспарланса, қазір 22-сі тапсырылып үлгерді. Нәтижесінде, 21 ауыл мен 1 қалалық елді мекеннің мектеп мәселесі шешілді. Тұрғындар Жол картасының игілігін көріп отыр. Биыл жеке инвесторлар есебінен жекеменшік 21 мектеп беріліп, 6 250 оқушы біліммен қамтылды. Тереңдетілген бағытта білім жүйесін дамыту мақсатында Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігімен 4 Binom School мектебі салынады. Түркістан қаласында 720 орындық Назарбаев Зияткерлік мектебінің құрылысы аяқталды. «Дарын» мектеп-интернатының 700 орынға айналған оқу корпусы, 500 орындық жатақханасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Коронавирус пандемиясы денсаулық сақтау саласына ауыр жүк артты. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өңірімізде медицинаға баса көңіл бөлініп, тиісті қолдау көрсетіліп жатыр. Түркістан облысында пандемия басталғаннан бері COVID-19 індетімен тіркелген жағдайлар саны 15 472 мыңнан асты. 15 мыңнан астам адам жазылып шықты. Облыс бойынша 930 инфекциялық және 300 карантиндік және 92 реанимациялық төсек-орын ұйымдастырылған. 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында коронавирус індетімен күреске тартылған 48 949 медициналық қызметкерге жұмыс уақытын есепке алу деректерінің негізінде 10,8 млрд теңге қаржылай үстемақы төленді. Түркістан облысында коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның І компонентін қабылдаған тұрғындар саны 1 миллионнан асты. Жедел жәрдем қызметі 122 автокөлікпен қамтамасыз етіліп, автопарк 96%-ға жаңарды. Жол картасы шеңберінде Түркістан қаласында қуаты 200 төсек-орынға арналған аурухана пайдалануға тапсырылды. Даңқты спортшылар шыққан Түркістан өңірінің спорттағы әлеуеті де жоғары. Біз ауыл спортын қолдау арқылы болашақ чемпиондарды баптап шығарамыз. Ал ол үшін алдымен инфрақұрылым, бапкерлер тарапынан шынайы еңбек қажет. Жуырда Түркістанда Olympic Center спорт кешені ашылды. Мұнда бірнеше спорт түрін дамытуға мүмкіндік бар. Былтыр «Түркістан Арена» стадионы мен өзге де нысандар ашылған болатын. Өңірде спортқа көрсетілген қолдау нәтижесінде 58 спорт түрі бойынша (27 олимпиадалық) Қазақстан, Азия және Әлем чемпионаттарында түркістандықтар жалпы 425 алтын, 234 күміс, 278 қола медальға ие болды. Токиода өткен Жазғы олимпиадаға облысымыздан 4 спортшы қатысып, 1 спортшы қола жүлдегер атанды. Жапония елінде жасындай жарқыраған Сәкен Бибосынов бауырымыз Белградта да сенімді ақтап, әлем чемпионы атанды. Бұқаралық спортты кеңінен дамыту мақсатында Түркістан қаласында мұз айдыны, теннис орталығы, Б.Саттарханов атындағы спорт кешенінің, ескек есу каналының құрылысы басталды. Бұдан бөлек, жеке инвестиция есебінен футбол академиясы, ат спорт кешені салынатын болады.Түркістан Еуразияның жауһарына айналатын күн жақын
2018 жылдан бері Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани-мәдени орталығы ретінде дамыту жұмыстары атқарылып жатыр. Арнайы кешенді жоспар әзірленіп, Үкіметпен бекітілді. Соңғы 3 жылда атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде Түркістан қаласын дамытудың 1-кезеңі аяқталып, негізгі әлеуметтік инфрақұрылымы қаланды. 2021 жылдан 2025 жылға дейінгі жоспарлар «Nur Otan» партиясының Жол картасымен негізделіп, нақты индикаторлар бекітілді. Үш жылда жалпы 445 млрд теңгеге жаңа 251 нысанның құрылысы жүргізілді. Оның ішінде 230 млрд теңгесі жеке инвестициялар екенін айта кеткен жөн. Жаңадан халықаралық әуежай, Әкімшілік-іскерлік және Мәдени-рухани орталықтары салынып, Б.Саттарханов даңғылы қайта жаңартылды. Арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар құрылды. Түркістан қаласы толық газдандырылып, 13 мың гектарға жасыл белдеу құрылды, 3,5 млн ағаш отырғызылды. Түркістанға келуші туристер саны артты. Бүгінде Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңі басталып кетті. Бұл ретте мемлекет басшылығының, ел үкіметінің, барлық өңір әкімдіктерінің қасиетті шаһарға деген ерекше қолдауын айта кетуді азаматтық парызым деп санаймын. Бір үйдің баласындай әрекет етудің нәтижесінде қала адам танымастай өзгерді. Биыл Түркістанда Hampton by Hilton, Ramada Plaza, «Яссы» қонақ үйлері, «Керуен Сарай» шығыс базары жұмысын бастады. «Әзірет Сұлтан» әуежайының ұшу картасы кеңейіп, 15 бағыт бойынша рейстер ашылды. Оның 3-еуі халықаралық, 12-і ішкі рейстер. Осы бастамалар арқылы Түркістанға 9 айда 1 124 503 зияратшылар мен туристер келген. Түркістан қаласында драма театр, «Ұлы Дала елі» орталығы, облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы елге қызмет ете бастады. Түркістанның тарихы мен оның даму деңгейі туралы ұзақ толғауға болады. Біз негізгі индикаторларға тоқталдық. Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан өңірін дамытуды бақылауда ұстап, ұлы шаһарға деген азаматтық қолдауын көрсетіп келеді. «Алдыңғы жылдары Түркістанның 1 500 жылдығын атап өткенде осы Түркістанды бір көтерсек деп армандап едім. Қазақстанды нығайту, дүниежүзіне таныту керек деп шапқылап жүрдік. Енді уақыт келді, 2018 жылдың маусым айында Шымкент қаласын миллион тұрғыны бар деп бөліп, Жарлыққа қол қойдым. Қазақстандағы ауқатты жігіттерді жинадым, мемлекетке, әкімдікке тапсырма бердім. Бірінші бағдарлама жасадық. Соның арқасында 2019-2020 жылдардың ішінде 250-ден астам ғимарат салынды. Бұл біз үшін елдің астанасын салумен бірдей керемет дүние», – деді Елбасы. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі жұртының қасиетті мекені. Түркістан – сан ғасырлық адамзат шежіресінің куәгері және өркениет жауһары» дей келе, шаһарды дамыту бағытындағы жұмыс қарқынын төмендетпеу жөнінде тапсырма берді. Мақсат – айқын. Ол – Түркістанды Түркі әлемінің орталығына айналдыру. Бұл арман жүзеге асып, Түркістан Еуразияның жауһарына айналады деген сеніміміз мол.Өмірзақ ШӨКЕЕВ, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облысының әкімі