Жамбыл облысында дүлей дауыл кезінде шатыры ұшып кеткен мектептің оқушылары "далада" білім алуға мәжбүр. Қазір үш күннен бері не жарық, не жылуы жоқ Базарбай ауылының тұрғындары әкімдік жаңа мектеп салып бермесе, енді балаларымызды сабаққа жібермейміз деп отыр. Сорақысы, бүгінге дейін баспаналары қирап, қара суықта жылусыз қалған халықтың жағдайын білуге бірде-бір шенеунік бармапты, - деп хабарлайды 31-арна.
Әскери бөлімде болған жойқын жарылыс кезінде үйлері қираған базарбайлықтар «әкімдік бізді ұмытып кеткен сыңайлы» деп ашынады. Айтуларынша, «барлық зақым келген баспаналарды қалыпқа келтіріп береміз» деген шенеуніктер бүлінген үйлерді жөндемек түгілі, ауылға ат ізін салмапты. Ал күні кешегі дүлей дауыл өздері тірнектеп тірлік етіп, тіктеген үйлерінің шатырларын ұшырып, бастырмаларын қиратып тастаған. Бұл жолы да жағдайларын біліп, жайларын сұраған жан баласы болмапты. Яғни, тұрғындар үш күннен бері жарықсыз, жылусыз отыр. Ашулы топ елдімекенде мектеп те жоқ деді. Сөздерінше, бастауыш сыныптар елуінші жылдары бой көтерген әкімшілік ғимаратта оқыған. Қазір оның да шатыры ұшып, балалар үш ауысымда оқуға мәжбүр. Сондықтан халық заманауи талапқа сай жаңа мектеп салып берсін деп талап қойып отыр. Болмаса, балаларын мектепке жіберуден бас тартпақ. Бірақ шенеуніктер мектеп салынбайды деп кесіп айтты. Себебі келесі жылы ескі ғимаратқа жапсарластырып спортзал мен қосымша 100 орындық төрт кабинет салмақ. Ал жойқын желдің зардабы кезең-кезеңімен ретке келтіріліп жатыр екен."Аз қамтамасыз етілген 6 үйде, мектептегі, сол жердегі мекемедегі, сондай-ақ, әкімшіліктегі қызметкерлермен бірлесе сол жерге жұмылдырып асарлатып жұмыстар жүргізілуде. Оған көмек қолын созып, жұмыстар атқарылып жатыр", - деді Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаилов.Әкімдік өкілдері дүлей дауылдан мүлкі зақымданған тұрғындардың бәріне бірдей көмек берілмейді деді. Сондай-ақ, базарбайлықтардың жарылыстан соң ешқандай жәрдем болмады деген сөздерін жоққа шығарды. Айтуларынша, бүлінген 98 үй иесіне қажетті құрылыс материалдары жеткізілген. Бірақ мұндай қолдауға кейбір тұрғындардың көңілі толмай отыр.