Ауғанстанда әйелдер қатысқан телебағдарламалар көрсетілмейді
Ауғанстанда әйелдер қатысқан телебағдарламалар көрсетілмейді
©currenttime.tv
603
оқылды

Биыл тамыз айында ел билігіне келген «Талибан» қозғалысы елдегі  бірқатар телебағдарламаларға, соның ішінде әйелдер қатысатын  телеөнімдерді көрсетуге тыйым салды.

«РИА Новостидің» жазуынша, Ауғанстандағы барлық телеарналар өз бағдарламаларының шариғат пен моральдық нормаларға қайшы келмеуін, ойын-сауық бағдарламаларының халықтың діни сезімін ренжітпеуін, журналист әйелдердің орамал тағып жүруін бақылауы керек. «Әйелдер қатысатын телехикаяларды көрсетуге тыйым салынады. Сондай-ақ ерлер немесе әйелдер жартылай жалаңаш кейіпте көрінетін фильмдер мен клиптерді көрсетуге тыйым салынады» делінген елдің ақпарат саласына жауапты министрлігі таратқан хабарламада. Бұған дейін Ауғанстанның жаңа билігі  телерадио  жұмысына өзгерістер енгізіп үлгерген болатын. Ол өзгеріске сай Ауғанстан парламенті елдегі басты  телерадиокомпанияның атауын «әл-Хиджра» деп өзгертіп, онда тек исламдық тақырыптарды қамтитын  бағдарламаларды көрсете бастаған. Айта кетейік, тамыз айының басында талибан өкілдері Ауғанстанның үкімет күштеріне қарсы шабуылын күшейтіп, 15 тамызда ел астанасы Кабулға басып кірген болатын. Келесі күні соғыстың аяқталғанын жариялаған. 31 тамызға қараған түні соңғы 20 жылға жуық ауған жерінде болған  америкалық әскерилер шығарылған еді. Артынан  қыркүйек айының басында 1996-2001 жылдардағы  бірінші Талибан  билігі кезінде сыртқы істер министрі қызметін атқарған Мұхаммед Хасан Ахунд басқаратын Ауғанстанның қазіргі уақытша үкіметінің құрамы жарияланды. Мұхаммед Хасан Ахунд 2001 жылдан бері БҰҰ санкция салған тұлғалардың тізімінде болған.

Нұрболат АДЫРБЕК, Алматы