Алдағы жылдары Қазақстанда энергия тапшылығы анық сезілуі мүмкін. Бұрынғыдай көмір жағып, энергия өндіру – өткеннің ісі. 1,4 млн тонна уран қорына ие Қазақстан аталған мәселені шешу үшін АЭС салуы мүмкін бе? Қолдағы деректерден қандай тұжырым жасаймыз?
Президент пәрмені
Биыл Көкшетауда өткен екі елдің XVII өңіраралық ынтымақтастық форумында Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға атом электр стансасын салу мәселесін қолдауды ұсынған болатын.
Содан көп ұзамай Энергетика министрлігі Алматы облысының Үлкен ауылында АЭС салу орны анықталғанын айтты. Сонда да оның құрылысы туралы шешім қабылданбаған-ды.
«Мен 2060 жылға қарай көміртек бойынша бейтараптылыққа жетуді мақсат етіп қойдым. Біздің елдің халқы мен экономикасы өсіп келеді, ал ол үшін энергия қажет. Көмір өндіру дәуірінің біртіндеп құлдырауымен, жаңартылатын энергия көздерінен басқа сенімді негізгі энергия өндіру көздері туралы ойлануға мәжбүр боламыз. 2030 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы туындайды. Әлемдік тәжірибе ең оңтайлы жолды ұсынады. Бұл – бейбіт атом. Иә, оңай шаруа емес. Сондықтан осы мәселені ұтымды шеше білуіміз керек, сан алуан болжам мен эмоцияға жол бермейік», – деді биыл Қ.Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.
Сондай-ақ ол Үкімет пен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына бір жыл ішінде еліміздегі қауіпсіз және экологиялық таза атом энергиясын дамыту мүмкіндігін зерттеуі тиіс екенін ескертті. Сонымен қатар осы ұстанымды «Шығыс экономикалық форум – 2021»-дегі онлайн режимде сөйлеген сөзінде: «Бұл мәселені егжей-тегжейлі қарастыратын кез келді деп санаймын. Өйткені Қазақстанға атом стансасы қажет», – деп нақтылады.
Ресейдің ықпалы зор
Қазір энергия тұтынуының өсу жылдамдығы бойынша әлемде Қытайдан кейінгі екінші орында тұрған Түркияның өзі мемлекеттердің энергетика сұраныстарын қамтамасыз етіп отырған мұнай, табиғи газ, көмір сияқты энергия ресурстары қорының қарқынды түрде азаюы энергия ресурстарын түрлендіруге себеп болып отырғанын мойындады. Енді Ресейдің «Росатом» компаниясы Түркияның Жерорта жағалауындағы Мерсин провинциясында 2018 жылдан бері АЭС салып жатыр. Екі ел арасындағы ортақ келісім 2010 жылы жасалған еді. Бүгінде 4 блоктан тұратын стансаның негізі қаланған алғашқы блогының құны – 20 миллиард доллар. Ресей президенті бұл жобаның барлық сала бойынша орыс-түрік қатынасын дамытып, достық пен өзара түсінісуді арттыратынын мәлімдеді. Ал Ердоған АЭС-тің алғашқы блогы 2023 жылы іске қосылатынын жеткізді.
Бұл ретте энергия көздерін сатып алушы ел саналатын Түркия өзінің ресурстары жеткіліксіз болғандықтан және энергетика нарығындағы баға ұдайы өсіп отыратындықтан, сыртқа тәуелді. Сондықтан да балама энергия ресурсына мойынсұнуға мәжбүр. Алайда қол қойылған келісімшарт хаттамасындағы «Жоба компаниясы электрмен қоса АЭС-тің меншік иесі болып саналады» деген сөздің өзі Ресейдің Түркия территориясында өндірген электр энергиясын өзі қалаған мекемеге немесе мемлекетке сату бойынша шешім қабылдаушы жалғыз ел екенін көрсетеді.
Түркияға енді шегінерге жол жоқ. Өйткені АЭС салу туралы шешімінен бас тартатынын хабарлаған Болгарияға Ресей 1 миллиард еуро көлеміндегі сот талабын жіберген болатын. Сондай-ақ 2012 жылы Владимир Путиннің Бішкекке сапары аясында Қамбар-ата ГЭС-1 мен Жоғарғы-Нарын сарқырамасы ГЭС құрылысы туралы келісім жасалған. Ал 2015 жылдың соңына қарай Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев күрделі экономикалық жағдайда Ресей стансаның құрылысы бойынша өз міндеттемелерін орындай алмайды деп мәлімдеп, 2019 жылы келісімнің күшін жойды. Сонда да Ресей бірден жобаның негізгі мердігері «Русгидро» екенін алға тартып, Жоғарғы-Нарын сарқырамасы ГЭС нысаны құрылысының сметасына сәйкес, Қырғыз Республикасына 37 миллион долларды талап еткен есеп-қисапты жібере қойған еді.
Сондай-ақ Өзбекстанды жылына 55 миллиард текше метр газбен қамтамасыз етіп отырған ең ірі Газли кен орнының сарқылып бара жатқаны айтылды. Сол себепті ол елге де Ресей тарапынан «АЭС-тің газды ішкі тұтыну көлемін азайтып, оны экспортқа шығаруға және еркін айырбасталатын валюта қорын көбейтуге мүмкіндік беретіні» ескертілді. Содан кейін өзбек билігі де АЭС салу туралы шешімді шұғыл қабылдады...
Жалпы, «Росатом» – Ресейдің энергия сұранысының 19 пайыздан астамын қамтамасыз етіп отырған ең ірі энергия өндірушісі. Былтыр ондағы АЭС-тердің бірі 35,2 миллиард кВт сағат электр энергиясын өндіріп, рекорд орнатқан еді. Сондай-ақ соңғы 16 жылда ресейлік АЭС-терде қауіпсіздік ережелері бұзылмаған. Бүгінде Ресей Армения, Бангладеш, Беларусь, Мажарстан, Мысыр, Үндістан, Иран, Қытай, Нигерия, Түркия, Өзбекстан, Финляндия, Болгария елдерімен 36 түрлі қуат блогынан тұратын жобалар бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Пайдасына тоқталсақ...
Бар мәселе тапшылық дегеннен басталды ғой. Мысалы, Қазақстанда өндірілетін электр энергиясының 70 пайыздан астамы көмір электр стансаларының үлесінде. Кеңес Одағы кезінде салынған Екібастұздағы ГРЭС-1, ГРЭС-2 және Ақсу ГРЭС сияқты ірі кешендер көмірмен жұмыс істейді. Олардан атмосфераны ластайтын заттардың көп бөлінетіні мәлім. Ал Дүниежүзілік банктен бастап көптеген үлкен қаржы орталықтары көмірмен жұмыс істейтін стансаларды қаржыландыруды тоқтатып жатыр. Оған қоса, салық пен айыппұл көлемі де артқан.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, қазір елімізде шамамен 19 мың МВт электр қуатын 204 станса өндіріп жатыр екен. Бірақ сарапшылар 2021-2027 жылдар аралығында электр энергиясын тұтыну көлемі орташа есеппен 2,4 пайызға артады деп болжап отыр. Демек, көп ұзамай электр энергиясы жетіспеушілігі пайда болады. Ал 5 жылда 5 мың МВт үлес қосқан жел және күн электр стансалары тек тәуліктің кейбір сәттерінде энергияның жетіспейтін орындарын ғана толтыра алады.
Мысалы, өзінің органикалық отыны жоқ Франция, Белгия, Швеция, Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндияда атом стансаларының электр энергиясын өндіруші негізгі көзге айналып, энергетикалық тұрақтылық пен табысты экономикалық дамуды қамтамасыз етіп отырғаны рас. Бұл ретте сарапшылар көмірдің жаһандық қоры 270 жылға дейін, мұнай 50 жылға дейін, газ 70 жылға дейін жететінін болжаған. Ал АЭС-ке пайдаланылатын 5 718 400 тонна уран қоры 2 500 жылға дейін жететін көрінеді. Әлемдегі уран қоры ең көп ел – Аустралия десек, одан кейінгі орындарда Қазақстан, Ресей және Канада тұр. Сондықтан бізге бәрібір атом электр стансасын салуға тура келетін сияқты. Оның үстіне, Қазақстанда уран таблеткалары мен жылу бөлуші элементтер өндірісі жолға қойылғандықтан, өзіміз өндіріп жатқан отынды өз игілігімізге пайдалану қажеттігі де жиі айтылып жүр.
Қоғамның қорқынышы басым
Владимир Школьник «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басшысы кезінде: «Бірқатар елдер қалай болғанда да, атом энергетикасына мұқтаж екенін түсінді. Сауд Арабиясы 2030 жылға қарай 16 атом реакторын тұрғызбақ. Франция да АЭС қызметін ұзартуды шешті. АҚШ соңғы 30 жылдан бері алғаш рет екі атом стансасының құрылысына рұқсат берді. Өкінішке қарай, біздің қоғам атом энергетикасын қабылдауға әлі дайын емес», – деген еді. Шынымен де, халықтың басым бөлігі елімізде АЭС салу мәселесіне үреймен қарайды. Өйткені әлі Чернобыль апатын ұмыта қойған жоқ. Ол түгіл Арыс пен Байзақтағы қару-жарақ қоймаларына ие бола алмай жоғары технологиялық станса жұмысын жүргізе алатынымызға сенім аз. Сондықтан қазақ бұқарасына «қазіргі АЭС компьютерленген, кішкентай бір нұқсан табылса, реактор автоматты түрде өшіріледі» дегенді түсіндіру қиын.
Бұл мәселеге қатысты сарапшылардың бір бөлігі қажеттілік жоқ жағдайда Қазақстанда АЭС құрылысын айыптаса, тағы бір бөлігі қандай да бір шешім қабылдамас бұрын әбден ойлану керек екенін алға тартып отыр.
«Фукусимадағы апаттан кейін Германия жұмыс істеп отырған АЭС-тің жартысын жауып тастау туралы шешім қабылдады. Ал біз бір жағынан «жасыл экономика» туралы айтамыз, екінші жағынан АЭС салғымыз келеді. Логика қайда?» – дейді экономист Меруерт Махмұтова. Оның айтуынша, екіншіден бізде АЭС-тің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ете алатын маман жоқ. Ал келесі сарапшы Қазбек Бейсебаев: «Соңғы уақытта бізде сонша көп энергия тұтына қояды деген ешбір алып өндірістер іске қосылған жоқ. «Бәленің бәрі майнингтен келіп отыр» дейді мамандар. Қазақстанда біреулер отырып алып, майнинг үшін электр қуатын аяусыз тұтынып жатыр. Қазақстанның электр жарығын аждаһадай жұтып жатқандардың мұны биліктің келісімінсіз жасап отырғанына да ешкім сенбейді. Көлеңкелі майнингтің Қазақстанда өздігінен пайда болуы мүмкін емес. Өзіміздің мол энергиямыз бола тұра, соған зар болып, оны да сырттан аламыз. Бізде цифрландыру жүріп жатыр, бұл жағдайда электр энергиясы аса маңызды стратегиялық ресурсқа айналады» деген пікірде.
Енді әр нәрсенің артықшылығымен қоса кемшілігі де болатынын ескерсек, АЭС салу үшін өте көп қаржы мен көп су керек болады. Станса маңында ураннан үлкен көлемдегі қалдықтар қалады. Оны сақтау үшін жер астында инфрақұрылым болуы қажет. АЭС-те төтенше жағдай өте аз кездеседі дегенмен, апат бола қалған жағдайда оның алдын алу мен радиацияны жою мүмкін емес... Қалай десек те, өнеркәсіп пен халықтың электр қуаты қажеттілігін қанағаттандыру үшін әлемде әзірге атом энергетикасына балама жоқ. Бірақ сарапшылар Қазақстанға АЭС салу арқылы Ресей өздерінің аумағына тағы бір реактор салады, осылайша өзіндік өндіріс қуаттылықтарының жұмысын жеңілдетеді, ресейліктерді жұмыспен, жалақымен қамтамасыз етеді деседі. Батыс санкциялары жағдайында бұл да бір нұсқа. Бірақ «АЭС-ті кім салса, соған тәуелді боламыз» дегенмен, территориясы шағын Словакия, Венгрия, Болгария, Чехия, Тайвань, Словения, Армения елдерінде де атом стансалары жұмыс істеп тұрғанын ескерген дұрыс сияқты.