Жұмыс істейтін кедейлер
Жұмыс істейтін кедейлер
527
оқылды

ОҒАН НЕ СЕБЕП?

«19 млн халықтың 9 млн 200 мыңы – жұмыс істейтін халық, олар 18-63 ара­сын­дағылар, ал қал­ғаны – балалар, жұ­мыс­қа жарам­сыздар. 7,5 млн халықтың екінші деңгейлі банктерден алған қарызы бар. Осы 7,5 млн халықтың 4 млн-ы халықтың қарыз берешегі 90 млн-нан асып кеткен. Оларды қарыздарынан құтылуға қауқарлы деп айту қиын. Ұлт­тық статистика бюросының де­регінше, елдегі орташа айлық жалақы қазан айы бойынша 245 715 теңге. Бірақ ол шы­найы көрсеткіш емес. Тура­сын­да біздегі орташа жалақы 80-90 мың теңге шамасында. Сонда жұ­мыс істейтін халықтың ша­мамен 33 пайызы «жұмыс істейтін ке­дейлерге жа­тады» дейді экономист Ба­уыр­жан Ысқақов. «Жұмыс істейтін кедейлердің» басым көпшілігі бюджет саласында жұмыс іс­тейді. Өйткені жұрт қа­тарлы диплом алды делік, енді не істейді? Көлік мінгісі, өз баспа­на­сында тұрғысы келеді. Оған екі-үш жерде жұмыс істесе де қолы жете бермейді. Не өзінің жеке өмірін, ден­саулығын құрбан етіп, ақша­ның соңына түсуі керек. Немесе несие алады. Ол үшін де несие тарихы, зей­нетақы жинағындағы ай сайынғы аударымы болуы тиіс қой. Сондықтан жалақысына назар аудармай жұмыс істеуге тура келеді. Мемлекеттік жалақының деңгейін білетін жеке кә­сіпкер де қызметкерлеріне артық ақша тө­лемейді. Сондықтан бюджет қыз­меткерлерінің жалақысын тікелей көтеру немесе әртүрлі әлеуметтік жеңілдікпен өтеу қажет. Одан бө­лек, той өткізу көбейді. Той өткіз­бесе де, тойға барады. «Тойанасын беруге жұмыс істейтін кедейдің» жарты жалақысы кетеді. Көлік пен баспананы несиеге алып, 10-15 жылға қарызға отырады да, «жұ­мыс іс­тейтін кедей» болып жүре береді. Жұ­мысым мен баспанам бар, «кедей емес­пін» деп өзін-өзі алдайды. Мамандар­дың айтуын­ша, егер адам үйіне тоңазыт­қышты ешқандай бөліп төлеусіз, жала­қы­сынан артылған ақшасына ала алмаса, онда ол – кедей. Өйткені індет кезінде «жұмыс істейтін ке­дейлер» бір күнде кедей болып шыға келді. Пәтер жалдап тұрса, пәтерінен қуылды. Несиесі болса, бір күнде борышкер атанды. Несие тарихы бұзылғаннан кейін ипо­текаға үй алу да арманға айналды.

ЖЕТІСКЕННЕН ШЕТЕЛГЕ КЕТІП ЖАТҚАН ЖОҚ...

Қашанда адам еңбегі бағалануы керек. Егер жұмысына, еңбегіне қарай жалақы төленбесе, халық не істейді? Онда патрио­тизм, туған-туыс, дос-жаранды шетке сы­рып, шетелге кетеді. 2021 жылғы тоғыз айда Қазақстаннан 25,3 мың адам көшіп кеткен. Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерге сәйкес, биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстанға тұрақты тұруға 7 246 адам көшіп келсе, 25 322 азамат елімізден көшіп кеткен. 2 жыл өзге елде жұмыс істеп, Қа­зақстанға келіп, үй, көлікті болып жатқандардың мысалы жетерлік. Ал жұмысынан айырылса, қарызға батып, соңы қылмыспен аяқ­талуы мүмкін. Шетел асқан отандастарымыз­дың ба­сым бөлігі күнкөріс мәсе­лесін алға тар­тады. Елден жыраққа өздерінің қа­рым-қабілетін тиі­сінше бағалайтын, өз мүм­кіндік­терін мейлінше жүзеге асы­ратын орта іздеп ке­теді. Бұл еліміздің әлеу­­меттік әл-ауқа­ты­мен, адами капи­талдың баға­сымен тікелей бай­ланысты үлкен проб­лема. Шетелге қыз­меті бо­йынша қоныс аударатындардың көбі – жоғары білімді, білікті, тәжірибесі мол, бә­секеге қабілетті азаматтар. 1970 жыл­мен са­лыстырғанда туған же­рінен жырақта өмір сүріп жатқан адамдардың саны үш есе өскен. «Көп жағдайда кедейлік санада қалып қояды. Мәселен, бізде жа­ла­қысы төмен болса да, мемлекет­тік қызметке орна­лассам, зейнетке шықсам деп ойлайды. Санасында шекара көп, балалардың суицидке баруы да содан деп ойлаймын. Оқудың ақшасын төлеймін деп түнде жұмыс істейтін сту­денттер бар. Бүгінгі жастардан байқай­тыным, көбінің Қазақстанға көңілі тол­майды. Шетелге барып, жұмыс істегісі келеді», – дейді Л.Аман­тайқызы.

ҚАЗАҚТАР КЕДЕЙ МЕ?

Қазақстан әлі де кедей мем­лекет болып саналады. Әлемдік стандарттар бойынша жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 10 000 доллардан төмен болса, мемлекет кедей боп есептеледі. Жалақысы орта есеппен 10-20 мың доллар болса, мемлекет орташа, ал 20 мың доллардан асса, бай елдердің қа­тарына кіреді. Еуроодақ ішіндегі мемлекет­тер­де ең тө­менгі жалақы бізде. Тіпті, Қырғыз елінде жалақы тең­гемен шаққан 56 000 теңге болады. Ал Ресейде ең төменгі жалақы біздің ақшамен шаққанда 116 мың теңге. Біздегі ең төменгі жалақы қазір 42 500 теңге, жаңа жылдан бастап 60 мың теңгеге көтеріледі. Ол кем дегенде 100 мыңнан асуы керек. Германия сияқты елдерде тұтынушы себетіне тіпті үйде ит болатын болса, ит күтушілердің шығындарын қосады. Де­генмен ең төменгі жалақының өсуі жұмыс істейтін кедейлердің кірістерін арттырады, алайда бұл деңгейдің күрт артуы еңбекті қажет ететін көп салалардағы жұмыс беруші­лерді жұмыс орындарын қысқар­туға, сондай-ақ өндірістік процес­терді тым ав­томаттандыруға итер­мелеуі мүмкін. Нәтижесінде, ке­дейлердің саны азаймай, керісінше өсе түседі.

Наима НҰРӘЛІ