Осындай сұраулы оймен көктемнің жаңбырлы күндерінің бірінде серуендеп келе жатып, кофеханаға кірдім. Кофем дайын болғанша кітап сөресіндегі кітаптарды қарап шығайын дедім, арасынан қоңыр түсті кітап бірден көзге түсті. Маралтай Райымбекұлының кейінгі жарық көрген «Ақ батпырауық» атты жыр кітабы екен. Шынымды айтсам, бұл кітап мұнда қайдан жүр екен деп таңғалдым. Кофехана сөрелерінен көбіне психологиялық кітаптарды көріп үйреніп қалғаннан болар…
Қоңыр мұқабалы «Ақ батпырауықты» парақтап отырып, санадағы кей сұрақтарға жауап тапқандай болдым. Шынында да біз керексіз дүниелерден шаршаған, айқай-шудан тыныштық іздеген жанымызды немен қорғап жүрміз осы?
Басқаны білмеймін, өз басым тыныштықты поэзиядан табамын. Рас. Сенбесеңіз оқып көріңіз. Өлең бізді шындықтан алыстатпайды, керісінше сол шындыққа жақындатады, өмірдің өзін, ғаламның ғажайыптарын, табиғаттың нәзік те сұлу бояуларын көре білуді үйретеді емес пе?!
Кітапты оқып отырып, Маралтай ағаны алғаш көрген кезім еске түсті. Ол 2019 жылдың күзінде Қарағандыда өткен С.Сейфуллиннің 125 жылдығына арналған республикалық жас ақын-жазушылардың форумында еді. Оған дейін өлеңінен бұрын атын көп естуші едім. Тіпті ол жөніндегі жағымсыз пікірлерді де… Содан кейін де арнайы барып танысқаным жоқ. Араға жылдар салып тағы көрдім. Алматыда. Бұл жолы өзі келіп танысты. Кейін араласа келе әркімнің өз шындығы болатынын түсіндім. Ел жиі айтатын жындылығы тырнақшаның ішіндегі жындылық екен…

Ақындар әртүрлі болады ғой, бірақ барлық ақынның бойында өзгелер түсіне бермейтін не түсінуге тырыспайтын бір еркелік, еркіндік болады емес пе. Сол еркелік пен еркіндікті Маралтай ағамыздың болмысынан байқаймыз… Бірақ ол мағынасыз, ессіз еркелік емес, тереңдік пен биіктіктің өлшеміндегі еркелік. Содан да болар, өлең аспанына «Ақ батпырауығын» ұшырып жүргені. Ешкімнің еркелігін көтермейтін ғасырда балалығың мен даралығыңды жоғалтып алмай күн кешу де оңай емес болар. Балалығын жоғалтпаған ақындар – ең бақытты ақындар.
Маралтай Райымбекұлының бозбала күнінде-ақ қолтаңбасын қалыптастырып, аты аңызға айналғаны жөнінде жастық шағына куәгер, замандас інілерінен көп естиміз. Сол уақытта қолына қалам ұстаған талай жас ақынның арманын оятып, кеудесіндегі нәзік үміттің жарығын жаққан да Маралтай ағамыз екен...
Осылай ой кешіп отырғанымда, кофем де дайын болды. Терезедегі жаңбыр тамшылары мен нәзік те баяу әуеннің әсерімен Маралтай ақынның ішкі әлеміне үңілдірген кітаптың келесі беттерін парақтай бастадым. Ондағы өзіме ұнаған өлеңдері жөнінде де сөз қозғай кетейін.
Бұл жинақтағы жырларда күрделіліктен гөрі қазақы болмысқа тән табиғилық басым. Қарапайымдылығы мен шынайылығы қатар сезілетін жырлардан ылғи да өзін іздеген адамның бейнесін көресің. Бірақ ол өзінің ешқайда жоғалып кетпегеніне өзі сенбейді. Бәлкім, жоғалмағанына көз жеткізу үшін де іздейтін болар. «Мен» атты өлеңінде:
Менің менім қайда кетті,
кім көрді?
Жалғыз кезіп жүрер
болдым түндерді.
Естір болдым естілмейтін үндерді,
Теріп жүрем
көрінбейтін гүлдерді… – дейді. Ақынның экзистенциялық күйін айқын сездіретін бұл өлең саналы адамның жан-дүниесін алай-дүлей етпей қоймайтыны анық. Әлбетте, ең ұлы сапар – адамның өзін іздеу жолындағы сапары. Бірақ өзіңді тапқанда не өзгереді? Таппасаң ше? Бағыт-бағдары белгісіз шөл далада жалғыз өзі адасқан адамды елестетіп көріңізші. Өзімнің көз алдыма осындай көрініс келді. Бағдар жоқ жерде адам өз ішкі дауысына сүйенеді. Ал ол дауыс алдауы да мүмкін ғой. Әрі қарай айту қорқынышты сияқты…
Сұлтан Раевтың «Жанжаза» романында да бас кейіпкерлер өз шындығын іздеп өздері қайда екенін білмейтін Киелі мекенге жолға шығады, сол шындық өз іштерінде екенін аңғармайды. Шындық деп отырғанымыз кірлемеген, күнәдан пәк өз Жандары еді. Сол жетеудің жаны оны кеш түсінгендіктен де азапқа түседі, жанын кірлетіп алғаны үшін жазаланып жатады. Ал Маралтай Райымбекұлы бұл өлеңде нені іздеп жүргенін біледі. Өзінің бастапқы болмысынан айырылып қалмау жолындағы ізденісі деп түсіндім. Бірінде – шындықты іздеу жолы, екіншісінде – жоғалтудың қорқынышы. Бірақ екеуінің де түпкі сұрағы бір емес пе. Адам өзін таба ала ма?
«Мен» былай қорытындыланады:
Менің менім менен бұрын өлген бе?
Менің менім менен бұрын келген бе?
Мені біреу менен бұрын көмген бе,
Соны білмей, ғазиз жаным шерменде…
Кейде осындай жауабы жоқ сұрақтар жауабының жоқтығымен маңызды сияқты көрінеді. Тағы да Сұлтан Раевтың «Мен дүниені де, адамды да танып білдім деген күні өз жаназаңды өзің оқисың» деген сөзі еске түседі…
Адамның өзін іздегені – Құдайды іздегені. Ал Құдайды іздеу сапары ешқашан аяқталмайды. Бір қызығы, бұл ұзақ сапар шексіз бола тұра, нүктесі белгісіз бола тұра жолаушысын шаршатқан емес. Алайда санамыз догмаға байланған күні бұл ізденіс мағынасыздыққа, мәнсіздікке айналады.
«Қорқынышты уақыт» өлеңіндегі жолаушының көкірегінде де мәңгіліктің сауалы жатыр.
Ақылым жетпей,
түнгі ойға бойладым,
Құдай да мендей ақын
шығар деп ойладым.
Құдайдың барын,
Құдайдың жоғын білмей-ақ,
Құлдыраң қағып,
құлыншақ болып ойнадым.
Санасы ешбір стандарттарға сыймайтын ақындардың танымындағы Құдай да догмаға сыймайтын шексіздік. Ал дүниеге келген күнімізден өзімізбен бірге жасап келе жатқан сенім мен күмәннің қатар жүруі – заңдылық. «Құдай да мендей ақын шығар» деп ойланудың өзі кездейсоқтық емес. Бүкіл дүниенің Бас ақыны Құдайдың өзі емес пе?!
Меніңше, «Құдайдың барын, Құдайдың жоғын білмей-ақ» ғұмыр кешу ешқандай да қорқынышты емес. Бұл адам болмысының о бастағы еркіндігі, табиғилығы, шынайылығы. Ал шынайылық бар жерде шындық та бар. Бұл өлеңнің нүктесі жоқ, демек нүкте қойылмаған жерде ақынның рухани ізденісі де тоқтамайды.
Лирикалық кейіпкердің ішкі арпалысына толы «Айғай» атты өлеңінде
«Мен кейде айқайлаймын
көкке қарап,
Адамға берілген бе текке қанат?» – деп әлемге сұраулы ой тасталады. Қарапайым ғана көрінгенімен, салмағын сезінген санаға оңай сұрақ емес. Адам баласы Арының алдындағы жауапкершілігін сезіне алмаса, ол да бір қасірет емес пе?! Арманына адал бола алмаса онда ол «қанаттың» не керегі бар? Бұл «айқайдың» жаңғырығы алысқа естіліп, қанаты әлсірей бастаған адамды құтқаруға тиіс…
Ал жинақтың тақырыбына арқау болған «Ақ батпырауық» өлеңінде былай дейді:
Көзімді тарс жұмсам –
тұрады бір бала,
Тұрады бір бала тұнжырап мұңдана.
Шет қалған жасынан
ойынға, сауыққа,
Арманын байлаған ақ батпырауыққа.
Балалар ешқашан ақылсыз болған емес. Олардың әлемі үлкендердікінен екі есе бай, үш есе таза. Өйткені олар дүниеге есеп көзімен қарамайды, атақ пен мансаптың не екенін де білмейді. Олар шын жақсы көре алады, сене алады, армандай алады. Ақ батпырауығы бар бала да сондай.
Бұл өлең Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзадасын» еске түсірді. Шығармасында Сент-Экзюпери былай дейді:
«Үлкендер де кезінде кішкентай бала болған, бірақ көбі бұл туралы ұмытып кеткен».
Ал Маралтай Райымбекұлы:
Таныдым мен оны, таныды ол-дағы,
Таныс қой біздерге
тағдырдың жолдары…
Төгіліп, ортайып,
кенеттен толамын,
Сол бала болмаса, мен
қайдан боламын?! – дейді.
Иә, сол бала болмаса, сол бала үлбіреген арманын ақ батпырауыққа байламаса, бұл күнгі Маралтай Райымбекұлы болар ма еді? «Батпырауығы» болмаса кім болар еді?..
«Батпырауық балаға ғана қадірлі. Кітаптың аты неліктен «Ақ батпырауық?» – деп ойланатын шығарсыз. Бәлкім, ол бейсаналы түрде көктен келген ой шығар. Не болса да бекер емес. Менің жүрегімдегі Маралтай аға, сіздер айтатын Кентавр ақын мен үшін жай ғана батпырауық қуған бала.
Кітап парақтарын «парасаттан махаббатқа» ауыстырдым. Ол да жүрегі бар адам үшін оңай тақырып емес, әрине. Маралтай ағаның ғашық көңілінен туған өлеңдері де жүрекке салмақ түсірмей қоймайды. Марина Цветаеваның «Махаббат кедейлік пен тіс ауруынан басқасының бәрін жеңеді» деген сөзі бар. Адамдардың бір-біріне деген, әлемге деген суықтығынан суықтығынан жаураған Әлемді, өмір майданында жараланған Сенімді Махаббат құтқарады.
Сүю жырлары талдау үшін емес, сезіну үшін жазылатын болар. Әрине, қателесем. Айтылмай қалған сөзді әдебиетшілерге қалдырайық. Ал менің өлең оқығаннан кейінгі романтикалы көңіл күйіме кофе иісі мен терезедегі жаңбыр тамшылары көрік беріп тұр. Өзімнің де батпырауық қуғым келіп тұрғаны…
Арайлым Мұраталиева,
ақын, Жазушылар Одағының мүшесі
