ОҒАН НЕ СЕБЕП?
«19 млн халықтың 9 млн 200 мыңы – жұмыс істейтін халық, олар 18-63 арасындағылар, ал қалғаны – балалар, жұмысқа жарамсыздар. 7,5 млн халықтың екінші деңгейлі банктерден алған қарызы бар. Осы 7,5 млн халықтың 4 млн-ы халықтың қарыз берешегі 90 млн-нан асып кеткен. Оларды қарыздарынан құтылуға қауқарлы деп айту қиын. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елдегі орташа айлық жалақы қазан айы бойынша 245 715 теңге. Бірақ ол шынайы көрсеткіш емес. Турасында біздегі орташа жалақы 80-90 мың теңге шамасында. Сонда жұмыс істейтін халықтың шамамен 33 пайызы «жұмыс істейтін кедейлерге жатады» дейді экономист Бауыржан Ысқақов. «Жұмыс істейтін кедейлердің» басым көпшілігі бюджет саласында жұмыс істейді. Өйткені жұрт қатарлы диплом алды делік, енді не істейді? Көлік мінгісі, өз баспанасында тұрғысы келеді. Оған екі-үш жерде жұмыс істесе де қолы жете бермейді. Не өзінің жеке өмірін, денсаулығын құрбан етіп, ақшаның соңына түсуі керек. Немесе несие алады. Ол үшін де несие тарихы, зейнетақы жинағындағы ай сайынғы аударымы болуы тиіс қой. Сондықтан жалақысына назар аудармай жұмыс істеуге тура келеді. Мемлекеттік жалақының деңгейін білетін жеке кәсіпкер де қызметкерлеріне артық ақша төлемейді. Сондықтан бюджет қызметкерлерінің жалақысын тікелей көтеру немесе әртүрлі әлеуметтік жеңілдікпен өтеу қажет. Одан бөлек, той өткізу көбейді. Той өткізбесе де, тойға барады. «Тойанасын беруге жұмыс істейтін кедейдің» жарты жалақысы кетеді. Көлік пен баспананы несиеге алып, 10-15 жылға қарызға отырады да, «жұмыс істейтін кедей» болып жүре береді. Жұмысым мен баспанам бар, «кедей емеспін» деп өзін-өзі алдайды. Мамандардың айтуынша, егер адам үйіне тоңазытқышты ешқандай бөліп төлеусіз, жалақысынан артылған ақшасына ала алмаса, онда ол – кедей. Өйткені індет кезінде «жұмыс істейтін кедейлер» бір күнде кедей болып шыға келді. Пәтер жалдап тұрса, пәтерінен қуылды. Несиесі болса, бір күнде борышкер атанды. Несие тарихы бұзылғаннан кейін ипотекаға үй алу да арманға айналды.ЖЕТІСКЕННЕН ШЕТЕЛГЕ КЕТІП ЖАТҚАН ЖОҚ...
Қашанда адам еңбегі бағалануы керек. Егер жұмысына, еңбегіне қарай жалақы төленбесе, халық не істейді? Онда патриотизм, туған-туыс, дос-жаранды шетке сырып, шетелге кетеді. 2021 жылғы тоғыз айда Қазақстаннан 25,3 мың адам көшіп кеткен. Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерге сәйкес, биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстанға тұрақты тұруға 7 246 адам көшіп келсе, 25 322 азамат елімізден көшіп кеткен. 2 жыл өзге елде жұмыс істеп, Қазақстанға келіп, үй, көлікті болып жатқандардың мысалы жетерлік. Ал жұмысынан айырылса, қарызға батып, соңы қылмыспен аяқталуы мүмкін. Шетел асқан отандастарымыздың басым бөлігі күнкөріс мәселесін алға тартады. Елден жыраққа өздерінің қарым-қабілетін тиісінше бағалайтын, өз мүмкіндіктерін мейлінше жүзеге асыратын орта іздеп кетеді. Бұл еліміздің әлеуметтік әл-ауқатымен, адами капиталдың бағасымен тікелей байланысты үлкен проблема. Шетелге қызметі бойынша қоныс аударатындардың көбі – жоғары білімді, білікті, тәжірибесі мол, бәсекеге қабілетті азаматтар. 1970 жылмен салыстырғанда туған жерінен жырақта өмір сүріп жатқан адамдардың саны үш есе өскен. «Көп жағдайда кедейлік санада қалып қояды. Мәселен, бізде жалақысы төмен болса да, мемлекеттік қызметке орналассам, зейнетке шықсам деп ойлайды. Санасында шекара көп, балалардың суицидке баруы да содан деп ойлаймын. Оқудың ақшасын төлеймін деп түнде жұмыс істейтін студенттер бар. Бүгінгі жастардан байқайтыным, көбінің Қазақстанға көңілі толмайды. Шетелге барып, жұмыс істегісі келеді», – дейді Л.Амантайқызы.ҚАЗАҚТАР КЕДЕЙ МЕ?
Қазақстан әлі де кедей мемлекет болып саналады. Әлемдік стандарттар бойынша жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 10 000 доллардан төмен болса, мемлекет кедей боп есептеледі. Жалақысы орта есеппен 10-20 мың доллар болса, мемлекет орташа, ал 20 мың доллардан асса, бай елдердің қатарына кіреді. Еуроодақ ішіндегі мемлекеттерде ең төменгі жалақы бізде. Тіпті, Қырғыз елінде жалақы теңгемен шаққан 56 000 теңге болады. Ал Ресейде ең төменгі жалақы біздің ақшамен шаққанда 116 мың теңге. Біздегі ең төменгі жалақы қазір 42 500 теңге, жаңа жылдан бастап 60 мың теңгеге көтеріледі. Ол кем дегенде 100 мыңнан асуы керек. Германия сияқты елдерде тұтынушы себетіне тіпті үйде ит болатын болса, ит күтушілердің шығындарын қосады. Дегенмен ең төменгі жалақының өсуі жұмыс істейтін кедейлердің кірістерін арттырады, алайда бұл деңгейдің күрт артуы еңбекті қажет ететін көп салалардағы жұмыс берушілерді жұмыс орындарын қысқартуға, сондай-ақ өндірістік процестерді тым автоматтандыруға итермелеуі мүмкін. Нәтижесінде, кедейлердің саны азаймай, керісінше өсе түседі.Наима НҰРӘЛІ