3 күннен соң бүкіл әлемде Black Friday науқаны басталады. Қазақстанда да интернет-дүкендер мен сауда орталықтарындағы дүкендер тауарына 20%-дан 70%-ға дейін (кейбірі 90%-ға жетуі мүмкін) жеңілдік жасауға дайын отыр. Бұл науқанға қазақстандықтардың көзқарасы қандай? Black Friday кімдерге тиімді? Бұл науқанда кімдерден сақтанып, қалай сауда жасау керек?
Picodi.com сарапшылары Black Friday науқанына азаматтардың қандай көзқараста екенін білмек үшін зерттеу жүргізген. Сарапшылар адамдардың бұл науқан туралы не ойлайтынын, бұл күнгі жеңілдіктерге неге сенбейтінін, биылғы науқанға қатысып-қатыспайтынын және қандай тауар сатып алғысы келетінін сұрап, сауалнама жүргізген.
Google Trends деректері бойынша, интернетте Black Friday науқанына сұраныс 37%-ға төмендеген. Қазақстанда бұл науқанға ең көп сұраныс 2019 жылы ғана болған. 2020 жылы қазақстандықтардың қызығушылығы азайған.
Сауалнама қатысқандардың 50%-ы 2020 жылы Black Friday науқанына қатысқанын растаған. Ал 18%-ы науқанның болатынын ұмытып кеткен, 28%-на сатып алатындай ештеңе қажет болмаған, 10%-ы адам тобырынан қашқан, 15%-ының қаражаты болмаған, 12%-ның қажет тауарына жеңілдік болмаған, 17%-ы жеңілдікке қызықпаған.
Бір қызығы – сауалнамаға қатысқандардың 57%-ы жеңілдікке бірінші кезекте киім және аяқкиім алғысы келеді. Екінші орында – электроника және тұрмыстық техника (45%), ал үшінші орында – косметика және парфюмерия (24%).
Сатып алушылар Black Friday-де орташа есеппен 37 500 теңге жұмсауға дайын екенін айтқан. Ал 2020 жылы бұл сома 34 мың теңге болған.
Black Friday кімдерге тиімді?
Бұл сұрақты маркетолог Батырбек Жұматайға қойып көрдік. Оның айтуынша, науқанды жеңілдік жасауға себеп қана деп қабылдау қажет.
"Жаппай жеңілдіктер науқанын әркім әртүрлі мақсатта қолданады. Кез келген қоғамда есті кәсіпкерлер болады. Олар Black Friday-де клиенттерге жақсы, пайдалы ұсыныс жасайды. Ессіз кәсіпкерлер де болады. Олар түрлі қитұрқы амал қолданып, тек өз пайдасын ойлайды,", – дейді маркетолог.
Ол Black Friday-де қалай тиімді сауда жасау керек екенін айтты.
"Бұл науқанда жаппай жеңілдік екен деп, керекті де, керек еместі де ала бермей, тек өзіңізге таныс, бұрыннан қарап жүрген затыңызды және оның бұрынғы бағасы мен жеңілдікпен берілетін бағасын салыстырып алуға кеңес беремін", – деді Батырбек Жұматай.
Маркетологтың айтуынша, кәсіпкерлердің бәрі дүкеніндегі жеңілдікті көп табыс тауып қалу үшін ғана жасамайды. Әркімде түрлі себеп болуы мүмкін.
"Мұндай науқанды кәсіпкерлер маусымнан маусымға көшкенде, жиналып қалған заттарды өткізу жоспарын орындау мақсатында, кейбірі дағдарысқа байланысты, жаңа жылдың жақындауына байланысты түрлі мақсатта қолданады. Дегенмен әлем бойынша өтетін науқан болғандықтан кәсіпкерлер осы сәтті тиімді пайдаланып қалған дұрыс деп есептейді.
Еуропада бастау алған науқан Қазақстанға да жетті. Біздің елде мұсылмандардың үлесі басым болғасын, бұл күнді "жасыл жұма" атаудың жөн екені көп айтылып жүр. Себебі жұма – мұсылмандар үшін қасиетті күн.
Өзім маркетолог ретінде мұндай жеңілдік кәсіпкер мен тұтынушының тең пайдасы үшін жасалуы керек жүйе деп есептеймін", – дейді Батырбек Жұматай.
[caption id="attachment_172321" align="aligncenter" width="1798"] Black Friday. Фото: Vc.ru[/caption]
Black Friday-ге қатыспайтын компаниялар да бар
Нарық заманында көп табысқа кенелетін мүмкіндікті ешкім жіберіп алғысы келмейді. Бірақ Black Friday-ге "бойкот" жариялаған компаниялар да бар екен.
Францияда «Жұманы қайтадан жасыл етейік» науқаны басталып, оған елдегі 720 бренд үлесін қосқан. Олар халықты Black Friday болып жатқан уақытта ештеңе сатып алмауға үндейді.
Кей компания дәл осы күні дүкенді де, онлайн сатылымды да жауып тастайды екен.
Американың REI компаниясы да науқаннан бас тартып, сол күні қызметкерлерін ақысы төленетін демалысқа жібереді.
Кейінгі жылдары қара жұманы жасыл ететін науқанды мыңға жуық компания мен 6 миллионға жуық адам қолдаған.
Қара жұма науқанының арқасында «Көк жұма» деген де түсінік пайда болған. Мысалы, MUD Jeans компаниясы жұманы көк деп атап, сол күні өнімін сәл қымбатқа сатады. Үстіне қосылған қаражатты теңіздің экологиялық жағдайын жақсартуға береді.
Науқан күні алаяқтардан сақтаныңыз
Бұл науқан әсіресе Еуропа елдерінде кең танымал. Ұлыбританияның полициясы мен банктері сатып алушыларға Black Friday-де алаяқтарға алданып қалмауды ескертті. Себебі былтырғы науқанда ұлыбританиялықтар алаяқтарға 2,5 миллион фунт стерлингке (1,4 млрд тг) алданған. Полиция осы науқан кезінде алаяқтар көбейетінін хабарлады.
Көптеген сатып алушы бейтаныс уеб-сайттардан тапсырыс берген тауарын ала алмаған, ал кейбірі банк транзакциясы кезінде жеке дерегін ұрлатып алып, интернет-алаяқтардың құрбаны болған.
Демек мұндай қауіп Қазақстанда да қайталанбайтынына ешкім кепіл бола алмайды. ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің дерегінше, 2021 жылдың 10 айында елімізде 17 800 интернет-алаяқтық тіркелген.
«Кейінгі кезде интернет-алаяқтық қоғам резонансын тудырып отыр. Егер 2019 жылы Қазақстанда мұндай қылмыстардың саны 7 700 болса, 2020 жылдың қорытындысында 14 мыңнан асып түсті. Осы жылдың 10 айында өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда олардың саны 80%-ға артып, 17 800 қылмысқа жетіп отыр», – деді департамент бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов.
Десек те, әлем брендтері мен кәсіпкерлері жыл сайын Black Friday-ді пайдасына жаратып жүр. Сарапшылардың айтуынша, барлық дерлік елдің сауда айналымындағы кірісі Black Friday-мен сәйкес келетін қараша айында артады екен. Black-Friday.Global компаниясы 2018 жылы болған науқанға жасаған сараптамасында Қазақстандағы сатылымның қалыпты күнмен салыстырғанда 1604% өскенін анықтаған. Мұндай көрсеткіш Канадада – 1886% , Ұлыбританияда – 1708%, Ресейде – 527%, Бразилияда – 819%, Австрияда – 3000% тіркелген.
Айта кетейік, Қазақстанда Black Friday 26 қарашадан 28 қарашаға дейін болады.