Үш баласымен терезеден секіріп кеткен Бақтыгүл Қыдырбаеваның туыстары, марқұмның өліміне келіншектің күйеуін кінәлап отыр. Олардың айтуынша, әйелді суицидке күйеуі итермелеген, - деп жазады Express Qazaqstan.
Терезеден секіріп кеткен Бақтыгүл Қыдырбаеваның отбасы Өзбекстанның Бостандық ауданынан Шымкентке 2000 жылдары көшіп келіпті. Марқұм Алматыдағы медицина академиясын осыдан екі жыл бұрын бітірген. Мамандығы — терапевт-дәрігер. Бақтыгүлдің туыстарының айтуынша, жас ананың суицид жасауына әлеуметтік жағдайы әсер етпеген. Айтуларынша, барлық жағынан қолдау көрсетіп, көмектесіп тұрдық дейді.
Бақтыгүл үйдің ортаншысы. Күйеуімен биыл шаңырақ көтергендеріне 7 жыл толыпты. Бірақ соңғы бір айда ерлі-зайыптылар бөлек тұрған екен. Марқұмның туыстары күйеу балалары туралы жағымсыз пікірде.
"Қыздың өліміне біз күйеуінен күдіктенеміз. Бекерден-бекер секіріп кетуі мүмкін емес қой. Үш бала тұрмақ, мысықты да тастай алмайсың ғой. Өзі жұмыссыз жүрген адам. Қатырып еңбек етіп жүргенін көрген емеспіз. Бір әпкесі мен сіңлісі көмектесіп тұратын. Қызды мұндай жағдайға сол жеткізіп отыр. Бақтыгүл әлеуметтік қиындықтан өлді дегенге сенбейміз. Жүйкесі әбден тозған ғой. Ағалары, әкесі мәйітті алып келуге қалаға кетті", — дейді марқұмның туыстары.Бұған дейін Алматыда 9-қабаттан 3 баласымен секіріп кеткен әйелдің күйеуі сұхбат беріп, отбасы туралы айтқанын жазған болатынбыз.