Адам ағзаларын алмастыру медицинаның соңғы 10 жылда қол жеткізген зор жетістіктерінің бірі деп айтуға болады. Бұл кей жағдайда науқас адамды өлімнен алып қалудың жалғыз ғана жолы болуы мүмкін. Алайда Қазақстанда трансплантологияға қатысты заңнаманың жетілмеуіне байланысты бұл саланың аяғына тұсау болып отырған жайттар да аз емес.
Трансплантологияның даму деңгейі тұтастай алғанда денсаулық сақтау жүйесінің даму көрсеткіші мен медициналық қызметтер сапасының өлшемі болады. Өйткені ағза трансплантациясын тек тиісінше құқықтық база, білікті маман, техникалық мүмкіндіктер болып, донорлық мәдениет қалыптасқан жағдайда ғана жүзеге асыруы мүмкін.
Әлемде жыл сайын адам ағзаларын алмастыру бойынша 115 мың ота жасалады. Оның 50%-ы қайтыс болған донорлардан алынады. Ал адамдар ауыстырылып салынған сау ағзамен одан кейін де ұзақ өмір сүретіні ғылыми жолмен талай дәлелденген. Мәселен, бүйрегін ауыстырған жандар – 45 жыл, бауырын ауыстырғандар – 38 жыл, жүрегін ауыстырғандар 29 жыл тағы өмір сүреді екен.
Тәуелсіздік жылдарында қазақ трансплантологиясы да үлкен биікке көтерілді. Отандық клиникаларда жүрек, өкпе, бауыр, бүйректі ауыстырады. Сондай-ақ буындардың трансплантациясын жасайды. Біздің дәрігерлер ақаулы буынды алып тастап, оны металл немесе жасанды буынмен алмастыруға қабілетті. Ол ол ма, Қазақстан жасуша өсіруде мақтаулы Америкамен бір деңгейде тұр. Қазақ дәрігерлері жасушаны адамның аборттық материалынан алатын көрінеді. Осы жасушалардың арқасында бүгінге дейін 20 мыңнан астам адамның дертінің дауасы табылған. Мұның ішінде бауыр циррозы, қант диабеті, бүйрек қабынуы, буындар және жүйке жүйесінің жасушалары бар. Егер адам ағзасы осы бес түрлі жасуша бойынша өзінің атқару функциясын жоғалтқанда дәрігерлер соны қалпына келтіре алады. Бұл Тәуелсіздіктің 30 жылында медицина саласында жеткен үлкен жетістіктердің бірі екені даусыз.
Қазақтың трансплантолог мамандары әлемде жоғары бағаланады, бүгінде олар Жапонияда, Америкада, Израильде, Еуропа елдерінде абыройлы еңбек етіп жүр. Бұл – отандық медицинаның интеллектуалдық әлеуетінің зор екенінің тағы дәлелі. Сөйте тұра, өз елімізде әлдебір себептермен трансплантация саласының кеңінен қолданылуына түрлі кедергінің қойылып жатқаны қатты қынжылтады.
Трансплантацияға кедергі көп
«Қазақстанда трансплантологияның дамуына донорлық стационарлардың материалдық-техникалық базасының нашарлығы, медицина қызметкерлерінің құқықтық тұрғыдан нашар қорғалуы, донор ағзаларын дер кезінде және қауіпсіз жеткізіп берудің техникалық қиындығы, кәмелетке толмағандарға қатысты нормативтік-құқықтық базаның жетілмеуі және тағы басқа себептер кедергі келтіріп отыр»,– дейді Парламент Сенатының депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Ақмарал Әлназарова Үкіметке жолдаған сауалында.
Соның салдарынан халықтың ағза алмастыруға деген аса мұқтаждығына және заманауи технологиямен жабдықталған жоғары білікті мамандардың барлығына қарамастан, Қазақстанда трансплантологиялық ота өте аз жасалады. Республикада 2012-2021 жылдар аралығында адам ағзаларын алмастыру бойынша небәрі 2 мыңнан астам ота жасалған. Егер қазір 3 365 адам трансплантация бойынша ота жасату кезегінде тұрғанын ескерсек(бұлардың 3 048-ы – бүйрек, 150-ы – бауыр және 149-ы жүрек ауыстыруға зәру), бұл – өте төмен көрсеткіш. Трансплантологияға мұқтаждардың 105-і балалар. Сондай-ақ олардың көпшілігі жастар және еңбекке қабілетті жастағы адамдар. Донорлық ағзалардың жетіспеушілігінен жыл сайын қаншама адам дүниеден мезгілсіз өтіп жатыр. Мәселен, донорлық ағзалардың жетіспеушілігінен 2020 жылы – 238 адам, 2019 жылы – 146 адам, 2018 жылы 120 адам қайтыс болған.
Сондай-ақ кейінгі 9 жылда 118 баланың бүйрегі трансплантацияланған, олардың 77%-ы туыстарынан берілген. Одан бөлек, 7-8 жастардағы донорлық ағзаға мұқтаж 102 кішкентай пациент кезегін күтіп отыр. Осы жерде туғанынан денсаулығында ақауы бар балалардың донорлық ағзаның тапшылығынан жиі қайтыс болып жататынын еске сала кеткен жөн.
Донорлықтың нормативтік-құқықтық базасының жетілмеуінен ата-аналар балаларын шетелдік клиникаларға апаруға мәжбүр. Мәселен, кейінгі кезде механикалық түрде қан айналымын қамтамасыз етіп отырған созылмалы жүрек жеткіліксіздігіне шалдыққан жеті баланың тек біреуінің ғана Үндістанда жүрегін ауыстырып салды. Қалғандары шетелдерде отаның кезегін жылдар бойы зарыға күтіп жатыр. Бұл жағдайда пациенттердің бөтен елде тұруы мен ота шығындары республикалық бюджет есебінен төленеді.
Мамандардың айтуынша, адам қанын неғұрлым жиі тазалатқан сайын бұл оның тамырларына, жүрек пен бауырына соғұрлым жанама әсер етіп, зақымдай беретін көрінеді. Сондықтан науқас жандар ақаулы ағзаны көп кешеуілдетпей, бір-екі жылдың ішінде ауыстырып тастағаны абзал. Ал бізде донорлық ағза табылмай, 10-15 жылдай ота кезегін сарыла күтіп жүргендер аз емес.
«Әсіресе, бауыр мен жүректі 1 жылдың ішінде салып үлгеру керек. Әйтпеген жағдайда науқастар өліп кетеді. 16 адамға өкпе салу керек. Әсіресе, мына коронавирустан кейін көп адамның өкпесі жарамай жатыр. Бұлардың бәріне донор мәйіт қажет. Өйткені тірі адамның жүрегін ала алмайсың ғой, өлген адамның жүрегін, өкпесін алып, салу керек. Ал бауыр мен бүйректі тірі адамнан да алып салуға болады. Жарты жылдың ішінде ауыстыратын ағзаның тапшылығынан 147 адам қайтыс болып кеткен. Осы дәрменсіздіктің салдарынан жылдың аяғына дейін әлі қанша адамның о дүниелік болары белгісіз», – деді медицина ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Жақсылық Досқалиев.
Қазір трансплантация жасауға коронавирус та көп кедергі келтіріп отыр. Мысалы, Қазақстанда індет басталмай тұрған 2019 жылдың алғашқы жартысында 118 трансплантологиялық ота жасалса, былтыр жарты жылда тек 47 ота жасалған. Яғни, 3 есе төмендеп кеткен. Ал биылғы жарты жылда оның саны 75-ке жетті.
«Мүрде донорлығын» дамыту қажет
Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы республикалық трансплантацияны үйлестіру және жоғары технологиялық қызметтер орталығының жетекшісі Әділ Жұмағалиевтің айтуынша, біздің елде донорлық мәдениет қалыптаспаған, донор болуға келісім беретіндер аз.
«Мұқтаж жандарға бүйрек пен бауырды негізінен өзінің туыстарынан трансплантациялаймыз, бұл донордың өзінің кейін мүгедектікке ұшырауына әкеліп соқтыруы мүмкін. Алайда жүрек пен өкпені миы өлген мүрделерден алып салуға рұқсат етілген, мұндай бір донор 5-7 адамның өмірін ажалдан арашалап қала алады»,– дейді Әділ Жұмағалиев.
Оның айтуынша, трансплантациялау кезінде тірі адамның ағзасын алып қинағанша «мүрде донорлығын» дамытқан дұрыс. Әйтсе де, қоғамда оған деген теріс көзқарастың қалыптасуы салдарынан донорлар жетіспейді. Оның үстіне, адамы өліп, қайғы жұтып жатқан қаралы жандарға келіп: «Ана жақта трансплантацияны күтіп жатқан адам бар еді, соған қайтыс болған туыстарыңыздың ағзасын алуға рұқсат етесіздер ме?» деп айтуға кімнің жүрегі дауалай қойсын? Сондай-ақ ел ішінде «қара трансплантологтар», «ағзалардың қара нарығы» сияқты дақпырт бой берер емес.
Алайда сарапшылар елімізде донорлық ағзаларды сатуға қатысты криминальдық бизнестің болуы мүмкін емес деп санайды. Өйткені ағзаларды трансплантациялау тек мемлекеттік медициналық орталықтарда жүргізіледі: оның үшеуі – Нұр-Сұлтан қаласында, қалған үшеуі Алматы, Ақтөбе және Шымкент қалаларында. Оның үстіне, мұндай ота жасайтын дәрігерлер де саусақпен санарлық. Әрі өлген адамның ағзасын жасырын әдіспен алып, оны құпия орындарда екінші бір адамға сала салатындай, бұл оңай ота емес. Әрине, хал үстінде жатқан адамның өмірін сақтап қалу үшін өлген адамның ағзасын ауыстырып салған даулы оқиғалар әредік естіліп қалып жатты. Бірақ бұл дау-дамайдың бәрі марқұмның ағзасын алуға туыстары рұқсат берді ме, бермеді ме деген мәселеге келіп тіреледі. Әйтпесе, қазір азаматтар өздері қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісім беретіні немесе бермейтіні жөнінде еGov.kz үкімет сайты арқылы өтініш жазып қалдыра алады. Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің дерегі бойынша, былтыр электронды нұсқада өзі өлгеннен кейін ағзасын алуға рұқсат берген 60 өтініш және оған тыйым салған 400 өтініш түскен.
«Донор – реципиент» үйлесімділігін іріктеу автоматтық режимде анықталады. Біз адам факторы мен сыбайлас жемқорлық қатерін мейлінше азайттық. Нормативтік-құқықтық базаны жетілдіріп жатырмыз. Ол трансплантологияның халықаралық стандарттары мен принциптеріне сай. Мәселен, пациенттің миының өлгенін констатациялаған дәрігер реципиентті емдеу шараларына қатыспайды. Бізде ағзаны сатуға және мәжбүрлеп алуға заңмен тыйым салынған. Мұндай оқиға болған жағдайда қос тарап та қылмыстық жауапкершілікке тартылады»,– деді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.
Шетелде бұл мәселе баяғыда шешіліп қойылған, онда медициналық ұйымдар дүниеден өткен адамның ағзаларын бөліп алып, трансплантация кезегінде тұрған сырқаттарға жедел алмастырып сала береді. Ал Қазақстанда осыған қатысты былтыр қолданысқа енгізілген Денсаулық кодексінде қайтыс болған адам ағзасын донорлыққа алуға тыйым салатынын алдын ала жазып кетпесе, ондай мүрделердің ағзаларын алуға болатыны көрсетілген. Бірақ дәрігерлер мұндай қадамға көп бара бермейді. Кейінгі жылдары трансплантацияға қатысты қозғалған бірнеше қылмыстық іс олардың жүректерін шайлықтырып тастаған.
Сондықтан біздің елде трансплантациялау кезінде алмастырылатын ағзаның 95%-ы науқастың
туыстарынан алынады, тек 5%-ы ғана басқа донорлардан салынған. Ал дамыған елдерде алмастырылатын ағзаның 70-80%-ы мәйіттен алынады. Еуропа елдерінде, соның ішінде Италия мен Германияда 90% ағза мәйіттен алынады. Сондықтан Қазақстанда «мүрде донорлығы» дамыту күн тәртібіндегі күйіп тұрған көкейтесті мәселенің бірі екені даусыз. Мысалы, қайтыс болған бір адам 5-7 сырқат жанның өмірін аман алып қалу әлеуетіне ие. Сондай-ақ өкпе мен жүрек тірі адамдардан алынбайды, оларды тек «мүрде донорларынан» ғана алынады. Осы жайды да ұмытпаған жөн.